Жамбыл облысы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылы 14 қазандағы Жарлығымен құрылды. Тарихи мәнге ие осы өлкеде Жамбыл облысы құрылғанға дейін де орыс әскерлерінің оңтүстік-батысқа жылжуы барысында Шу мен Талас алқаптарына жорығы Ресей аймақтарынан зерттеушілердің келуіне себеп болды. Олардың ішінде тарих пен археологияға қызығушылар да бар еді. Археологиялық ескерткіштер мен көне архитектуралық құрылыстарға арналған жұмыстар осы кезде пайда бола бастады.
1864 жылы суретші М.С.Знаменский, шығыстанушы П.И.Лерхг, геолог Д.Л.Иванов, 1890 жылы шығыстанушы Е.Ф.Каль Әулиеата уезінің ескерткіштерін зерттеді, обалар мен қарауылтөбелер туралы мәліметтер жинады. Тарихымызды зерттеуде әсіресе В.А.Каллаур көп еңбек сіңіріп, бай ғылыми мұра қалдырды. В.П.Лаврентьев Әулиеата айналасындағы «төбелер» – қалажұрттардың реестрін жасады. А.И.Добросмыслов XX ғасыр басындағы Әулиеата құрылымын сипаттап қалдырды. Зерттеушілер мен өлкетанушылар көлемді фактілік материал жинақтады, олардың жасаған ескерткіштерінің сипаттамалары осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.
1935-1938 жылдары А.Н.Бернштамның жетекшілігімен ұйымдастырылған КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалымен жүргізілген жұмыстар барысында Тараз бен оның төңірегіндегі қалаларға қатысты тың материалдар жинақталды. А.Н.Бернштам Луговой елді мекенінің жанынан үйсін қонысының орны мен Беріққара және Кеңкөл обаларына қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар өңірдегі көптеген қала мен оба, қоныстарды жаңадан ашып, жарыққа шығарушы ғалым болды. 1940 жылы сол кезде құрылған тарихи өлкетану музейіне археологиялық материалдар жинау үшін Жамбыл археологиялық пункті қазба жұмыстарын бастады. Қазбалар Тараздың Әулиеата орнындағы қалажұртқа толық сәйкес екендігін дәлелдеді. Ортағасырлық қала тұрғындарының дүниетанымы жөнінде қызықты материал тараздық қорымдардың қазбасы мен жерлеу кешендерінен кездейсоқ олжалар берді. Соғыстан кейінгі жылдары Г.И.Пацевич бастаған Жамбыл археологиялық пункті мен белгілі өнертанушы және архитектура тарихшысы Л.И.Ремпель жұмыс істеген Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі зерттеулерін жалғастырды.
1946-1951 жылдары Тараз қаласының қорымы мен Тектұрмас тауындағы қорым зерделеніп, қалажұрттың өзінде қазба жүргізілді. Ақыртас кешені, Талас өзенінің жазық бөлігі мен төменгі ағысындағы қалажұрттар зерттелді. Г.И.Пацевич, Л.И.Ремпель экспедициялары көне қалажұрттардың орналасуы, ескерткіштер картографиясы жөнінде кең және қызықты материал жинақтады.
Соғыстан кейін 1960 жылдарға дейін республиканың оңтүстік өңірінің архитектурасының даму тарихын Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құрылған Архитектура істері бойынша басқармасы ұйымдастырған экспедиция жүргізді. Экспедицияны архитекторлар Т.К.Басенов, М.М.Меңдіқұлов басқарды. 1956 жылы Жамбыл облысының ескерткіштерін зерттеу және Қазақстанның археологиялық картасын дайындау үшін А.Г.Максимова басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының Жамбыл археологиялық экспедициясы құрылды. Экспедицияның жұмысы барысында облыстың белгілі ескерткіштері зерттелді, жаңалары ашылды және олар туралы мәліметтер дайындалды.
1960-1970 жылдары облыста Х.А.Алпысбаев бастаған археологиялық экспедиция жұмыс істеп, Қаратауда палеолит кезеңінің бірегей орындарын ашты. Төменгі палеолит кезеңінің тас құралдарының табылуының әлемдік маңызы бар. Палеолит ескерткіштерін зерттеуді Ж.К.Таймағанбетов жалғастырды. 1961 жылдан 1968 жылға дейін облыс территориясында Жетісу археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция құрамы Е.И.Агеева, Т.Н.Сенигова, А.Г.Максимова, М.С.Мерщиев бастаған бірнеше отрядтан тұрды. Тараз қалажұртының стратиграфиясы зерттелді, қаланың пайда болу және қалыптасу мерзімі, оның даму кезеңдері анықталды. Ерте темір ғасырының кезеңі зерттелді, атап айтқанда, Шөлтөбе мен Қызыл-Қайнар мекенжұрттарына қазба жүргізілді. А.Г.Максимова бастаған отряд Қызыл-Қайнар, Шошқала сияқты үйсін қорымдарын зерттеді, Луговое (К.М.Байпақов) және Аспара (Л.Б.Ерзакович) қалажұрттары зерттелді.
1974 жылдан бүгінгі күнге дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің У.Х.Шәлекенов бастаған археологиялық экспедициясы Ақтөбе Степнинское қалажұртын зерттеді. Ақтөбе қалажұртынан басқа экспедиция отрядтары ерте көшпелілер ескерткіштерін (A.M.Оразбаев) және Шу алқабының қалажұрттарын (М.Е.Елеуов, Н.О.Алдабергенов) зерделеді. 1983-1984 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының Л.Б.Ерзакович бастаған Тараз археологиялық экспедициясы құрылды. Екі жыл ішінде Жамбыл қаласының маңындағы және Талас өзенінің орта ағысындағы мекен және қалажұрттары зерттелді, қаңлы кезеңінің Шөлдала мекенжұрты, Жамбыл қаласының Сүлейменов көшесіндегі Төрткүл қалажұрты қазылды, Талас өзені алқабындағы көне ирригацияны зерттеу басталды. 1985-1989 жылдар аралығында облыста Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының К.М.Байпақов бастаған ескерткіштер жинағының археологиялық экспедициясы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің «Қазжобареставрация» институтының экспедициясы (А.О.Итенов, А.Н. Проскурин, Т.Д.Жанысбеков) жұмыс істеді.
1990 жылы облыста Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы, ал археология институты құрылғаннан кейін К.М.Байпақов бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс жүргізе бастайды.
1997 жылы облыс орталығына қаланың тарихи атауы – Тараз қайтарылды.
1921-2001 жылдар аралығында облысымызда небәрі 20-дан астам тарихи және монументальді өнер ескерткіштері пайда болды.
Археологиялық ескерткіштердің арасында бүкіләлемдік тарихи маңызы зор «Айша бибі», «Бабажа хатун», «Қарахан», «Шомансур» кесенелері барлығымыз үшін мақтаныш. Шу және Талас далаларындағы археологиялық ескерткіштер Шу ауданы территориясындағы «Ақтөбе», Меркі ауданындағы «Меркі», Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан», Байзақ ауданындағы «Түймекент», Сарысу ауданындағы «Саудакент» өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың көзі іспетті. Бұлардың қатарында 16 шаршы шақырымды алып жатқан Ақтөбе қаласы ерекше көз тартады. Археологиялық, архитектуралық, мәдени тарихи ескерткіштерді қорғау мәселесіне үздіксіз қамқорлық жасалып келеді. ҰОС жылдарында «Мәдени ескерткіштерді қорғауды жақсарту шаралары» туралы қаулы дайындалып, мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі ереже қабылданған. 1976-1978 жылдардағы заңда ескерткіштерді қорғау – мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың маңызды міндеті деп қарастырған.
Ескерткіштерді қорғау мен пайдалану жұмыстарын жақсарту мақсатында Министрлер кеңесінің 1971 жылы қабылданған қаулысы бойынша республикалық, облыстық, аудандық және қалалық тарихи-мәдени ескерткіштердің қоғамы құрылған. 1980 жылы «Көне Тараз ескерткіштері» мемлекеттік музей-қорығы ұйымдастырылған. Оған Тараз қаласынан басқа «Айша бибі», «Бабажа хатун», «Тектұрмас» кесенелері, «Төменгі Барсхан», «Ақыртас», «Төрткүл» қалашықтары кірген. Ескерткіштерді жөндеу мен реставрациялау жөнінде ғылыми реставрациялық шеберхана ашылды. Тараз қаласында орналасқан «Қали Жүніс» моншасы жөнделіп, реставрациядан өткен. Ескерткіштерді қорғау қоғамы оларды қорғау мен пайдалану, насихаттау бағытында көптеген жұмыс атқарып, архитектуралық, археологиялық және тарихи ескерткіштерді жеке-жеке есепке алып отырған. Насихат жұмысын жандандыру мақсатында «Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштер жинағы» жарық көріп, мұнда ескерткіштерге қысқаша мәліметтер келтірілген.
Ел тәуелсіздігінен кейін де ескерткіштерді қорғау жұмыстары ары қарай жанданып, архитектуралық, археологиялық жұмысты жалғастыратын мекеменің міндеттемелері артпаса, кеміген жоқ. Қазіргі таңда тарихи мәдени ескерткіштер – археологиялық, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, монументтік өнер құрылыстары, ансамбльдер мен кешендер, киелі обьектілер болып бірнеше түрден тұрады. Тарихи-мәдени ескерткіштер мәртебесіне қарай халықаралық, республикалық, жергілікті маңызы бар және де алдын ала тізімдегі тарихи-мәдени ескерткіштер болып қарастырылады.
Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының есебі бойынша, аймақта үш мыңнан аса тарихи архитектуралық және археологиялық ескерткіш бар. Атап айтқанда, жалпы саны 3 480 тарихи мәдени ескерткіштің тізімі жасалды. Олардың бесеуі халықаралық, екеуі республикалық және 708 тарихи нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. 2 742 тарихи-мәдени мұра объектісі алдын ала тізімде. Тарихи-мәдени мұра мен тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 29 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен қорғалады.
Облыс бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне тарихи-мәдени ескерткіштерімізді енгізу жөнінде де біршама жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстардың арқасында өңірімізден ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне ортағасырлық Қостөбе қалашығы (VI-XII ғғ.), Ақыртас кешені (VIII-XIV ғғ.), ортағасырлық Өрнек қалашығы (VIII-XII ғғ.), ортағасырлық Құлан (VI-XIII ғғ.) қалашығы, ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) (VI-XIII ғғ.) қалашығы енгізілді.
Археология және архитектура ескерткішін зерттеудегі жаңа кезең «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 жылы басталды. 2009-2014 жылдар аралығында Тараз қаласы мен облысымыздың 10 ауданында орналасқан тарихи-мәдени мұраларға толықтай ғылыми-зерттеу және барлау жұмыстары жүргізіле отырып, танымдық-ғылыми «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» басылып шықты.
2010-2017 жылдары Жамбыл облысында орналасқан ортағасырлық Тамды (Талас ауданы), Георгиевск (Қордай ауданы), Саудакент (Сарысу ауданы), Бектөбе (Жамбыл ауданы) қалашықтарына археологиялық-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғылыми сипаттамалар жасалды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының қызметкерлері мен аудандық ескерткіштерді қорғау инспекторлары бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» №79 бұйрығына сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумақтарында тарих және мәдениет ескерткішінің атауын, хронологиясын, ескерткіштің тарихи маңыздылығын қысқаша сипаттау, ескерткіштің санатын қамтитын қорғау тақтасы орнатылады. Жамбыл облысы бойынша осы жылы 100 дана мемлекеттік қорғау тақтайшасы жасалып, тарихи-мәдени ескерткіштерге орнатылған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен және облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясымен жасалған екіжақты меморандум негізінде облыс көлемінде жүргізілген қазба жұмыстарында экспедиция жетекшісі ҚР ҰҒА ҒМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері PhD доктор Ералы Ақымбек және топтың құрамында институттың тәжірибелі қызметкерлері және мекеме маманы, археолог І.Шайбек пен Ж.Байтінбетов те қатысып, қазба жұмыстарын жүзеге асырды. Олар жұмыс жүргізілетін аймақтың жоспарын түсіріп, координаттарын алған. Бұл жұмыстар да Қазақстан Республикасының археологиялық мұраларын сақтау және зерттеудің өзекті мәселелеріне қатысты жүзеге асырылады және аудандарда орналасқан тарихи-мәдени нысандардың қазіргі орналасқан жері, нысанның жалпы өлшемдері, жан-жақты фотосуреттері, ескерткіштің географиялық координаты алынды. Археологиялық барлау жұмыстары барысында тарихи-мәдени нысандардың пайда болған уақыты мен даму кезеңдеріне қарай (қалашық, қоныс, обалар, тұрақтар, петроглифтер және т.б.) жіктеліп қаралды.
2020 жылы «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы негізінде «Қасиетті Қазақстан» атты 5 томдық энциклопедиясының 3-томы Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарына арналып, Жамбыл облысына тиесілі 250 дана кітап жарық көрді. Аталған жинаққа облыс көлеміндегі 82 тарихи-мәдени нысан енгізілді. Әулиеатаның киелі жерлеріне қатысты ақпараттық материалдар, ғылыми мақалалар, бейнематериалдар, ескерткіштер туралы роликтер, фотосуреттері және өзге де ақпараттар qasietti-taraz.kz сайты арқылы оқырмандарға қолжетімді болып отыр.
Жалпы тарихи байлықтарды сақтау және оларды зерттеудің көпшіліктің мәдени санасын қалыптастыруға қосар үлесі зор.
Сания НАҒАШБЕКОВА,
облыстық тарихи-мәдени
ескерткіштерді қорғау және қалпына
келтіру дирекциясының
ғылыми қызметкері
Апаттарды жою жоспарына жауапкершілікпен қарау керек
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024