Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Менделеев университетінің филиалы ашылды

Менделеев университетінің филиалы ашылды
Ашық Дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елімізде шетелдік беделді жоғары оқу орындарының өкілдігін ашу туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес екі жылдан бері М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті арасында ғылыми әріптестік орнағаны жайында аз жазып жүрген жоқпыз. Осы уақытқа дейін аталған оқу орнында ресейлік университеттің өкілдігі ашылып, «Менделеев сыныбы» жобасы жұмысын бастағанын білеміз.

Соның арқасында екі елдің университеттері арасында ғылыми байланыс арта түсті. Енді міне, кеше облыс орталығында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысты. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Евгений Румянцев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Евгений Пак та іс-шараға қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Жиынды аймақ басшысы құттықтау сөзбен ашып, филиал жұмысына сәттілік тіледі.

– Бұл оқу ордасы алдағы уақытта білікті мамандар даярлауға үлкен серпіліс беретіні анық. Негізінде өңіріміз Қазақстанның химия өнеркәсібінің ошағы деп айтсақ қателеспейміз. Еліміздің химия саласын алға сүйреуші өндіріс ошақтары біздің аймақта орналасқан. Филиалдың облыс орталығында ашылуы арқылы химиялық технология ғылымын жетілдіре түсеміз. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: «Білімге деген көзқарасты өзгерту керек, техникалық мамандықтарға басымдық беру қажет. Біз инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеуіміз керек», – деген болатын. Жаңа білім ошағы облыстағы және республикадағы жетекші химия кәсіпорындары үшін білікті мамандар даярлайтын оқу-ғылым орталығына айналатынына сенімім мол. Осы жерден түлеп ұшқан білімгерлер өңірдің экономикасын жетілдіруге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асырып, еліміз үшін аянбай қызмет ететін жас көшбасшылардың ортасын қалыптастырады деп үміт артамын. Ендеше филиал жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң Талғат Ешенқұлов сөз алып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Евгений Пак аталған жобаның кәсіпорын үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалы Әулиеата өңірінде ғана ашылғанын сөз еткен ректордың міндетін атқарушы Евгений Румянцев Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальковтың құттықтау хатын оқып берді. «Қазба байлықтарына бай, химия өндірісі алға жылжыған Жамбыл облысынан университет филиалын ашу – біз үшін үлкен мәртебе. Әріптестіктің арқасында ғылымға ден қойған жастарға мол мүмкіндік беретінімізге сенеміз. Студенттер жобаның жемісін көріп, екі елде де білім алып, «Қазфосфат» кәсіпорнында кәсібилігін шыңдап, химия саласының нағыз маманына айналарына үміт артамыз», делінген құттықтау хатта.

Өз кезегінде облыс әкімі филиал лентасын салтанатты жағдайда қиып, оқу орнын аралап көрді. Филиалда 4 зертхана, 2 компьютерлік сынып, мәжіліс залы және бірнеше аудитория бар.

Айта кету керек, РХТУ-дың филиалы 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Химиялық технология» дайындық бағытының «Бейорганикалық заттар технологиясы» бейіні бойынша 30 студенттен тұратын алғашқы топты қабылдап, сабақ өткізіп жатыр.

«Қазфосфат» ЖШС филиал ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, студенттерді оқытуға қажетті жабдықтар мен материалдық базаны жеткізуді қамтамасыз етті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар