Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұқтаж жандардың мұңын кім тыңдайды?

Мұқтаж жандардың мұңын кім тыңдайды?
А.Рысмахан
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтіп, онда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы мәселе талқыланды.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, аймақ бойынша 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 6 822 жасөспірім бар.

– 2024 жылдың 10 айында аталған азаматтардан бөлек 2 171 адам алғашқы рет мүгедектікке шықты. Тарқатып айтсақ, 1 571 ересек, 600 жасөспірімге мүгедектік туралы жәрдемақы белгіленді. Алғашқы мүгедектікке шыққан 2 171 адамның 1 185-і еңбекке қабілетті болса, 386-сы зейнет жасындағылар. Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына, атап айтқанда, сурдо-тифло құралдар, санаторлық-курорттық емделу, протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар, жеке көмекшіге қосымша ақы және гигиеналық кұралдарға 4,3 миллиард теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар жеке көмекші қызметі, ымдау тілі маманы, үйде көмек және гигиеналық құралдар сынды әлеуметтік қызметтерге 2,6 миллиард теңге бөлінді. Есепті кезеңде әлеуметтік қызметтер ұсыну порталына тіркелген 25 808 өтініштің 24 209-ы қанағаттандырылды, – деді Е.Егембердіұлы.

Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген жол картасына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған екен. 2024 жылдың 10 айының қорытындысына көз жүгіртсек, 189 нысанға 133,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жоспарланған межені тек Меркі, Шу аудандары орындап, қалған 70 нысанның бейімделмей отырғаны анықталған.

Басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекеме болса, соның ішінде ересектерді қабылдайтын 9 мекемеде мемлекет қамқорлығына мүгедектігі бар 944 адам алынған екен. Оларға бекітілген стандартқа сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Сол сияқты мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүгедектігі бар бала арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.

– Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында үкіметтік емес ұйымдардың да атқарып жатқан жұмыстары айтарлықтай. Басқарма тарапынан мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 9 әлеуметтік жоба іске асырылып, 892 мүгедектігі бар адамға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 234,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар Тараз қалалық және аудандық бюджеттерден 199,9 миллион теңге қаржы бөлініп, 2 300-ге жуық мүгедектігі бар азаматқа 32 арнайы жабдықталған автокөлік қызмет көрсетіп жүр. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту да назардан тыс қалған емес. Бұл бағытта «Күміс жас», «Бастау Бизнес» бағдарламалары аясында тындырымды тірліктер атқарылуда, – деген Еркін Егембердіұлы облыста 8 екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері мен мүгедегі бар екенін жеткізді.

Соғыс ардагерлеріне Жеңіс күнінде 1,5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сол секілді биыл жергілікті бюджет есебінен ардагерлерге теңестірілгендерге және мүгедектердің жеке санатындағы 8 026 адамға 1 миллион теңгеге әлеуметтік көмектер беріліпті. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1 166 балаға 47,2 миллион теңге тағайындалып, төленген екен.

Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыруда жүзеге асырылатын негізгі шаруаның бірі – нысандарды бейімдеу. Алайда Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны баяу. Жыл аяқталуға жақындағанын ескерсек, бейімдеу жұмыстарының аталған аудандарда орындалмай қалу қаупі бар. Осы тұста аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аталған аудан әкімдерінің есебін тыңдап, жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдаған кезде олардың басым бөлігі мүгедектік жәрдемақыны тағайындау мәселесі бойынша шағымданып келетінін айта келіп, тұрғындар наразылығын тудырған медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелері емхана берген анықтаманы неліктен жаратпай жіберетінін сұрады. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтің айтуынша, биыл жергілікті емханалардан департаментке 11 960 жолдама түскен. Мұның ішінде 8 530 тұрғын бұрынғы мүгедектік жәрдемақысын қайта создырғандар. 

– Айта кетерлігі, биыл 286 жеке оңалту бағдарламасын жүзеге асырып, 513 адамның мүгедектігін толық ақтадық. 10 ай ішінде 62 емхана талапқа сай келмесе де мүгедектікке қатысты негізсіз жолдама берген. Осыған байланысты емдеу мекемелеріне тәртіптік жаза қолдануға мәжбүр болдық. Денсаулығы еңбекке жарамды болып тұрса да жәрдемақыдан айырылып қалғысы келмейтін жандар бар. Тұрғындар наразылығы да осыдан туындайды, – деді А.Оразбеков.

Жиын соңында аймақ басшысы жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді.

– Байқасам, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдай жасау тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр. Бір сөзбен айтқанда, сала мамандары бюрократияға жол беруде. Әлеуметтік қолдау шараларына қыруар қаражат та кетпейді, тек бақылауға алып, көңіл бөліп отырсаңыздар болғаны. Мүгедектігі бар жандар үшін нысандарды бейімдеу, көмекші құралдарын сатып алу жұмыстары назардан тыс қалмасын. Сондай-ақ мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны бекіту жұмыстарын да жандандыра түсу қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Әзімбай мүгедектігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан іс шаралар туралы баяндады. Облыс бойынша 2024-2025 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 9 468 бала анықталған. Оның 5 089-ы мектеп жасына дейінгі, 4 379-ы мектеп жасындағы балалар. Арнайы қажеттілігі бар балғындардың 7 120-ы біліммен және тәрбиемен қамтылған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар