Жамбыл облысы құрылғаннан кейін оның құрылысы мен сәнін келтіруге мүмкіндік болмады. Себебі кей архивтік құжаттарға сүйенсек, фашистік Германия КСРО-ға шабуылдауы мүмкін деген қауіппен 1939 жылы 14 қазандағы Жарлықпен стратегиялық, саяси болжамдармен елімізде бірнеше облыс құрылған. Соның бірі – Жамбыл облысы. Оны құруда да белгілі бір нақты тапсырмалар, міндеттемелер жүктелген. Сталиннің болжамы тура келіп, соғыс басталды. 5 жылға созылған Ұлы Отан соғысынан кейін қалаларды көркейту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қаражат та болмаған. Сондықтан да Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласын сәулеттендіру жұмыстары тек 1957-1958 жылдардан басталған.
Көне шаһардың 2000 жылдан астам тарихы бар екені баршаға аян. Өткен ғасырдың басында, яғни 1909 жылы В.Каллаурдың ізденісімен көне қала орнында алғашқы қазба жұмыстары басталған. Алайда сол кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты зерттеу жұмыстары тоқтатылып, тек 1938 жылы Бернштамның ықпалымен қалада алғашқы археологиялық пункт ашылды. Осылайша көне Тараз қаласының орнында қазба жұмыстары қайта жанданады.
Жамбыл өңіріндегі тарихи орындардың тізімі де жасалып, қазба орындарынан табылған жәдігерлер Ленинград, Ташкент сынды қалаларға жөнелтіліп, зерттеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелері бойынша зерттеулер жасалды. Сөйтіп, 1938 жылдан бастап жыр алыбы Жамбылдың есімімен аталып келген көне шаһарға 1997 жылдың 8 қаңтарында Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, тарихи аты Таразды қайтарды. Сол кезеңнен бастап қала көркі де, келбеті де жыл санап өзгеріп, түрленіп келеді. Ал оған дейінгі қала құрылысы, оның басында жүрген архитекторлар туралы біз не білеміз?
Жамбыл қаласында 1957 жылдан бастап түрлі нысандар бой көтере бастады. Алғашында Ленин алаңы салынды. Қаланың Бас жоспары жасалды. Сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Махмұд Сапарғалиев пен Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы Асанбай Асқаров Жамбыл қаласының орталық алаңын және әкімшілік ғимараттарды салу, Ленин ескерткішін орнатуға рұқсат сұрап Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаевқа 1958 жылдың 1 сәуірінде хат жазған. Аталмыш құжат Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 282П-қорының 2-тізімдемесі, 166-бумасындағы 854-істің 9-10-беттерінде қатталған. Археологиялық зерттеулер негізінде бұл алаңда бұрындары көне зираттар болғаны дәлелденген. Тарихи құжаттарда құрылыс жұмыстары барысында қаланың өзге бөлігінен биігірек орналасқан алаңның 3 метрдей қабаты алынып тасталғаны көрсетілген. Жамбыл қаласын жаңғыртумен қатар археологиялық қазба жұмыстары да қатар жүргізілген.
Жалпы бұл Ұлы Отан соғысынан кейінгі қаламыздағы алғашқы ірі құрылыс әрі сол кездегі жаңа мүмкіндіктерге жасалған бетбұрыс болатын. Сол жылы салынған бір-біріне ұқсас үш ғимарат та әлі күнге дейін сәні мен салтанаты жараса қаланың тарихынан сыр шертіп тұрғандай.
Құрылыс жұмыстарын жүргізуге сол кезде арнайы тапсырмамен архитектор Камиль Рахматиді Жамбыл қаласына шақыртады. Ол кейіннен облысымыздың Бас жоспарын әзірлеген. Оның қасында бас инженер болып А.Анипко сызбаларын дайындады. Жамбыл қаласының құрылысын жүргізуде басшылыққа алатын негізгі қағидаларды 1964 жылы Д.Қонаевтың өзі бекітіпті. Жамбыл қаласы химия алыбы ретінде танылып, онда жүргізілген құрылыстар одақтық маңызға ие болған. Әрине, мұның бәрі өткен кезеңнің еншісінде қалды. Оның бұл бағытта дамуына сол кездегі мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаев пен облыс басшылары Асанбай Асқаров, Хасан Бектұрғанов ерекше үлес қосқан. Оған Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің облыстық атқару комитеті құжаттарының арасында сақтаулы 1964 жылдың 24 қаңтарындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.Қонаевтың қолымен бекітілген №64 қаулы дәлел.
Камиль Рахматұлы Рахмати 1924 жылы 25 шілдеде Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында дүниеге келген. Сәулетші, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі. Орта Азия политехникалық институтын бітірген. 1955-1960 жылдары Жамбыл қаласында бас сәулетші және құрылыс және сәулет істері жөніндегі облыстық бөлімнің бастығы, 1960-1963 жылдары КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Алматы қаласындағы қазақ филиалының аспиранты, 1965 1970 жылдары Оңтүстік Қазақстан өлкесі коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы, 1978-1979 жылдары «Оңтүстікқалаауылжоба» институты филиалының бас сәулетшісі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мұражай қорының директоры болып жұмыс істеген.
Жамбыл қаласындағы белгілі ескерткіштер, орталық көшелерде, ықшамаудандарда және облыс аумағында жүзеге асырылған тағы да басқа 50 ден аса жобаның авторы. Жалпы 1980 жылға дейін Жамбыл қаласының бас архитекторы ретінде жемісті еңбек еткен. 1985 жылы дүниеден өткенше саналы ғұмыры дәл осы Жамбыл қаласымен тығыз байланысты болды.
Сонымен қатар 1960-1980 жылдары Жамбыл қаласында жүргізілген құрылыс жұмыстары хақында сөз қозғағанда қалалық партия комитетінде түрлі қызметтерді атқарған майдангер Тілеуқабыл Төребековті айтпай кету мүмкін емес. Себебі ол кездегі жаңа құрылыстарда Тілеуқабыл ағамыздың да қолтаңбасы қалды.
Құрылысы 1958 жылы басталған Ленин алаңының ашылуына орай 1959 жылдың сәуір айында Жамбыл қаласында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде спартакиада, жалпыхалықтық сенбілік те бар. Мейрам қарсаңында қаланы абаттандыру жұмыстарына арналып ұйымдастырылған сенбілікке 15 мың қала тұрғыны қатысқан.
1963 жылдың 7 желтоқсанында Жамбыл қаласында ұлы ақын Жамбыл Жабаевқа ескерткіш орнатылды. Бұл қалада қазақ ақын-жазушыларына арналып салынған алғашқы ескерткіш еді. Жамбылға ескерткіш орнату бойынша сол кездері облыс және қала басшылығында болған Асанбай Асқаров, Әлихан Комратов және Жылқыбай Аралбаев сынды азаматтар 1960 жылы ұсыныс беріпті. Ол туралы құжаттар да архив қойнауында сақталған.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Алматыдан және облыстың барлық өңірлерінен қонақтар келді. Салтанатты іс шарада ақынның шәкірті Кенен Әзірбаев ерекше шабытпен арнауын айтты. Сондай-ақ іс-шараға сол кезде жаңадан сазгерлігімен таныла бастаған Нұрғиса Тілендиев, облыстық партия комитетінің хатшысы Жылқыбай Аралбаев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, өз лебіздерін білдірді. Бір қызығы, бұл салтанатқа облыс басшысы Асанбай Асқаров қатыспаған. Себебі бұл күні ол Мәскеуде жиналыста болыпты. Облыстық партия комитетінің хатшысы ескерткіш тұрған алаңға Жамбылдың аты берілгенін де осы салтанатта айтқан болатын.
Бұл – көне қала тарихының бір ғана кезеңі, өткен күннің дерегі...
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
1975 жылы кезінде Жамбыл қаласында еңбек еткен белгілі ғалым, Социалистік Еңбек Ері Константин Иванович Скрябиннің музейі ашылды.
1978 жылы мемлекеттік комиссия Жаңа Жамбыл фосфор зауытының бірінші кезеңі іске қосылғаны жөніндегі қабылдау актісіне қол қойды.
1980 жылы грек-рим күресінен жамбылдық спортшы Жақсылық Үшкемпіров қазақ тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды. Осы Олимпиадада Серік Қонақбаев күміс жүлдегер атанды.
1981 жылы Кенен Әзірбаев музейі ашылды.
1989 жылы Жамбыл облыстық телеарнасы алғашқы хабарын таратты.
1990 жылы облыстың бас басылымы тұңғыш рет «Ақ жол» деген атпен шыға бастады.
1996 жылы Ақбақайда алтын балқытатын зауыт іске қосылып, алғашқы сапалы алтын алынды.
1997 жылы Жамбыл қаласына тарихи атауы Тараз қайтарылды.
1998 жылы Тараз университеті құрылды.
1999 жылы химия кәсіпорындары біріктіріліп, «Қазфосфат» серіктестігі құрылды.
2000 жылы Тараз қаласында Совет Одағының Батыры, қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылды.
2001 жылы Тараз қаласында «Дарын» мектебі ашылды.
2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тойы кең көлемде тойланды. Орталық алаңда Бәйдібек баба ескерткіші ашылды.
2003 жылы Амангелді газы пайдалануға берілді.
2005 жылы облыстық «AR-AI» жастар газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.
2006 жылы Тараз қаласында Бақтияр Артаев атындағы Бокс сарайы ашылды.
2010 жылы «ғасыр құрылысы» атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының құрылысының жобасы бекітілді.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Жамбыл облысында да айрықша аталып өтті.
2013 жылы Төле би Әлібекұлы ның туғанына 350 жыл толуы тойланып, Тараз қаласында ұлы биге ескерткіш орнатылды.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы жоғары деңгейде тойланды.
2018 жылы Таразда IT технологияларды дамытуға арналған инновациялық орталық ашылды.
2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығы аясында бірқатар жаңа нысан ел игілігіне берілді.
2022 жылы «Асар» жобасы аясында 105 отбасы баспаналы болды.
2023 жылы Байзақ ауданында «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шығару зауыты іске қосылды.
2024 жылы дзюдадан Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанып, жерлестері лайықты құрмет көрсетті.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият
және тарихтану орталығының
бөлім меңгерушісі