АУЫЛ ТІЛШІЛЕРІН ЕЛ БІЛЕДІ
Ауылдастарының арасында оларға жақын жүрсем де, жүрмесем де ылғи Майлыкөлде өткен балалық шақтарымның қызықтарын айтудан, сағынышпен әңгімелеуден жалыққан емеспін.
Бір жазбамда келтіргенімдей, біз өскен жер ертеректе жұрт «4- ферма» деп атайтын Майлыкөл сол баяғы Түгіскен ауылдық округіне қарайтын шағын елді мекен.
Жақында жол түсіп, ауылға бардым. Жаңалық бар ма? Бар екен. Тоғыз жолдың торабы Түгіскеннен (қазір Тоғызкент) сәл ғана шығатын екі шақырымдық жерде, яғни Досболға, одан әрі сарықұмды даладан асып, Шу өзені бойына, Бетпақдалаға қарай апаратын автокөлік трассасының бір жиегінде «Майлыкөл ауылы» деген тастұғыр жол сілтемесі әдемі әріптермен өрнекті етіп жазылып қойылыпты. Мұны көріп көңілім алабұртып, шын қуанып қалдым. Бұрын жолшылар жер мен елді мекен атауын тілдей темір қалқанға титімдей етіп жазып қойғаны болмаса, көрнекілік жоқ еді.
Енді сол бұрылыстан басталатын түп-түзу жалғыз көшеге атау берудің де мәдениетін сақтап, ұсыныс жасауды ойластырған ағайынның айтары барын естігенбіз.
Мәселе көше ұзындығына қатысты емес, оның атында, ол арлы-берлі адамдар жүретін жергілікті жерде қоғам алдындағы жанқиярлық еңбек пен абырой егесін орынды құрметтеумен, әлбетте, бағалы болмақ.
– Бір Майлыкөл ауылында қырық жыл мемлекеттің қойын бағып, қолына құт қондырған Мергенбай әкемізден лайықты кім бар? – дейді осы өңірге танымал текті әулеттің ұрпағы, көп жыл республикалық, облыстық ішкі істер органдарында лауазымды қызметтер атқарған тұлға Даниярбек Өметайұлы Мұсаев.
Ол кісінің еселі еңбегі «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен аталып өтілген. Ауылда ардақты да қазыналы қарияның атында көшесі болса, бұл сол көшенің байырғы тұрғындарының жас ұрпаққа көрсетер үлгісі осылай болмай ма?
Одан әрі қарай: «Өзінің атамекенінен аттап шықпаған шопан атаның 1936 жылы жер жүзіне мәлім Мәскеу қаласына жоғары жақтың шақыруымен барып, Кеңестер одағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне елімізді қаракөл елтірісімен таныстырып қайтқан ұмытылмас күндері туралы, ел дәулетін молайтудағы өнегелі өмірі мен адами асыл қасиеттері жайында сіздің әріптестеріңіз де кезінде жарысып жазған жоқ па?» – деп бізге де сұраулы жүзбен ой тастаған. Жөн сөзге не дейік?!
Айдынды суына қаз қонып, үйрек ұшқан, балығы тайдай тулаған Майлыкөлдей май топырақты, майлы болса да байлығы мол ауылдан түлеп ұшқан журналистердің өздері де, иә, біздің әкемізбен кіндіктес Мергенбай Төлепбергенов жәкеміздің еңбексүйгіш жолы, кісілік қарапайымдылығы мен қадірлі тірліктері туралы кезінде жиі жазған екен. Бұл кісінің үйіндегі Ақбілек әжеміз екеуінің өзара сыйластығы мен қазақ әйеліне тән ибалы әрі қайсар қасиеттері туралы тілшілердің мақалалары сонау Жер спутнигі тұңғыш ұшқан 1957 жылдан бастау алады. Бейнетсүйгіш кісілер туралы облыстық және аудандық баспасөзде жарияланған мақалалардың өзіндік тарихы бар. Біразын біз де білеміз, жете таныспыз. Қолымызда бар. Соның бірі – халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Жұмсақ алтын» атты әңгімесінде Мергенбай жәкеміздің образы тура бір деректі дүниедей әсер етеді, көркем туындыда жер атаулары мен ауылдың аралас құралас адамдарының мінез-құлқы, кісілігі мен ішкі иірімдері, бәрі-бәрі біз білгенімізден де ғажап суреттеледі. Жұмсақ алтын – бұл дүниежүзіне мәлім қаракөл елтірісі.
Басқасын айтпағанда, журналистердің таңдауына не себепті түскенін тек адал еңбектен іздеуі керек шығар, ел аузында «шопандық кәсіптің ерекше майталманы» атанған еңбек ері жайында Жамбыл облыстық газетінің «Айғақ-Ақжол» шежіре кітабының 1950-1960 жылдарға қатысты тарауынан көп кездестіре аламыз.
Таныс журналистердің де қолтаңбасы бар. Жергілікті тілшінің бірі Өкім Жайлауов өсе келе оқу бітіріп, облыстық «Еңбек туы» газеті редакциясының жанынан 1960 жылдары алғаш рет «Жас ақындар» клубын ашқан қаламгер, көрнекті ақын ағамыз еді. Ұзақ жыл «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет ете жүріп «Талас балладасын» шалқар шабытпен жазды. Қаламгер өзінің шоқтығы биік туындысында қасиетті өңірдің көсегесін көгерткен сан алуан кәсіп иелерінің көркем образын жасайды.
Ауыл тілшілері! Өткен жылдардың баспасөзіне тән «ел ішіндегі редакцияның көзі» десе, «келешек журналистердің шыңдау мектебі» болғаны да талассыз. Ел өмірінің жаршылары. Бұл сол өткен дәуірде қоғамның көзі және ақпарат таратушы қызметін атқарған еді. Қаламының желі бар, жаңалыққа жаны құмар, ерінбейтін ауыл тілшілерінің өмірі шынында да салмақтап қарасаң, қажетті және қоғамда әжептәуір беделді, сыйлы болды.
Біздің ауылдың бұрынғы-кейінгі тілшілері мен жүрек қалауымен журналист болған азаматтардың шығармашылық жолы мен өсуінің сыр сипаты өздері өмір сүрген заманның айнасы және белгілі бір деңгейде шежіре жазушы десек те болады.
Біз де сол кісілерге еліктеп өстік. Олар кімдер дейсіз бе?
Осы ыңғайда қазіргі адами қарым қатынастар түбірімен өзгеріп, ұлттық құндылықтарды бағалау әрі-сәріге түсіп, көзқарастар мен аласапыран құбылыстарды таразылау, ең ақыры кімдерді үлгі тұтып өсу керектігін таңдау да керағарлыққа тап болған кезде қойылатын сұрақтар аз емес.
Қоғамда ізгі қасиеттерді жұғысты ету мен бойға сіңірудің ізашар, мейірбан тұлғаларын ұмытпай, игі істерінің ізін жоғалтпау – сіз бен біз үшін парыз болмақ.
Біздің жеткіншек шағымызда екі күннің бірінде болмаса да кемінде үш күннен кешікпей газет-журнал үйіңізге келеді. Ең бір қызығы, ат мініп, екі қоржын тола пошта таситын көкелеріміз қай газетте қандай оқуға тұрарлық мақала шыққанына дейін айтып, ауыл тілшілерінің жазғандары жариялана қалса, соны қуана хабарлайды.
Сондай бір көңіл тербеген кезде «Оу, Мыңжасар ағаларыңның жазғанын оқыңдар!» деген сөзге екпін беретін Өке Өмірбеков жәкеміз Ұлы Отан соғысында бір аяғынан айырылған майдангер болатын. Ерекше елгезек әрі мейірбан. Бүкіл ғұмыры бойы пошташы болып өткен Түгелбай Жайлаубаев қария қоржынындағы пора-пора хаттың арасынан «Саған газет редакциясынан келіпті» деп сүйінші сұрағандай түрлі түсті конвертті қол бұлғап ұстататын бейнесі тура көз алдымда тұрады. Жарықтық, ақ пейілді, көптің көңілін табуға ерік-жігері де, сүйіспеншілік сезімі де жететін жан еді. Бірі жуас атпен, бірі жаяу-жалпылап жүретін хат тасушы жұмысының соншалықты халыққа жақын қыр-сырын жайнатып өткен жандар деуге толық сай келеді.
Сынаптай сырғыған заманда тасқа басылған сөздің құны мен қадіріне жеткенге не жетсін! Тосын жаңалық, қазіргі тілмен келтірсек, сенсация болған. Жетпісіншы жылдары қатардағы еңбек адамы, мәдени істерде қабілетімен елге сыйлы Мыңжасар Өткелбаев туралы сол кездері жұрт іздеп жүріп оқитын «Лениншіл жас» газетінде «Етігінің қонышына жастар газетін салып, ал «Жұлдыз» журналын қолына орап алып оқитын малшы жігіттің тілшілікке әуестігі тіптен қызық көрінеді» деп, оны құйма құлақ, зерен көкірек журналист жазушы Сейітқазы Досымовтың әдемілеп жазғанын ұмыта қойған жоқпыз. Мығым денелі, сыпайы ғана сөйлеп, ой айтса түбін түсіріп айтатын ағаның ауыл өмірінен аудандық, облыстық газеттерге мөлтілдетіп жазатындарын кейінгілерге қарызға қалдырып, бір кездері республикалық басылымдарға «қоныс» аударған.
Заманы бір адамдар ертеректе «Барған жеріңнің биігіне шық, үлкеніне сәлем бер!» деп қария сөзін қапысыз аңғартып, бірауыз сөзбен ұқтырған деген бір ойды «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетіне тереңдетіп талдап жазған дүниесін таласып, тармасып оқығанбыз.
Көп оқуы жоқ, десе де әдебиетсүйер, табиғи бітімі, қарым қабілеті бар ағаның бір өзі біздің қоғамдық кеңістікте «Тұңғыш тілші» деген атақты иеленгені иыр-қиыр уақыттың еншісінде қалса да шежіре күйінде сақталады.
Бертінде автоклуб меңгерушісі қызметінде болған Мыңжасар секілді ауылдан хат-хабар, түрлі жанрда мақала жазып тұратын адамдардың қалам ұшының қасиеті мықты болмаса, түкпірдегі Түгіскенді кім, қай жағынан білер еді?!
«ТҮГІСКЕННЕН ЖАЗЫП ТҰРАМЫЗ!»
Ешкім де туғаннан бірден өзінің өмір жолын қалап ала қоймаған. Адамның қандай соқпаққа түсеріне өскен орта мен уақыттың әсері зор.
Кеудеде бір керемет болуы керек.
Студент дәптерінен бір үзік сыр:
– Қане, кім, қалай оқиды?
Атақты КазГу-дың «Журналистика» факультетінің кезекті бір сабағында тақтаға «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген сөйлемді бормен жазып қойды.
Қарсы алдымызда тұрған филология ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сайрамбаев ағайдың жүзінен байқағанымыз, мына аудиториядағы 50 студентке сын көзбен қарап, «ә, қазір кімнің қалай сауатты оқи алатынын көреміз» деген ойға беріліп кеткенге ұқсайды.
Әдеттегідей студенттермен жиі араласып, ара-арасында әдемі, жеңіл әзілдерімен күлдіріп жүретін тәжірибелі оқытушыны бәріміз де жақсы көреміз. Қазақ тілі пәнінен дәріс оқитын оқытушылардың ішінде оның түсіндіруі мейлінше ұғынықты, тез қабылдау үшін келістіретін мысалдары да миға сіңімді болатын. Күлімдеп тұрып, кейде үй тапсырмасын орындауды «ұмытып қалған» студенттерге «екі» деген бағаны оп-оңай қонжитып қоя салатын, ал емтихан, сынақ кезінде әлгі шәкірттері билеттегі барлық сұраққа және қосымша тапсырмаларға мүдірмей жауап берген кезде «өте жақсы» деген бағаны дұрыс көретіні де өз тәсілі. Мұны білетін студенттер қадірлі ұстаз сенімін ақтау үшін емтиханға тыңғылықты даярланып, күтіп жүретін. Есесіне ұстаз ағай да «сыйға сый, сыраға бал» деген сыйластық пен қимастықты қатар сезінетіндей.
Енді бүгін... бұл бірауыз сөзде қандай сыр бар?
– Не қиындығы бар?
Бірімізден соң біріміз «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп кідіріссіз, сәл пәл екпін түсіріп, Қазақ радиосында әйгілі диктор Әнуар Байжанбаевтың таныс мәнерімен, қоңыр дауыспен, мақтанышты және ресми салтанат сипатында оқитыны еске түсіп, өзінше балаң үнімен ұқсауға тырысып жатқандар да табылады.
Өз сабағында сөз бен сөз тіркестерін орынды қолдану мәселесіне келгенде «қызып кететін» профессор Т.Сайрамбаев әр студенттің «сынақ сөйлемді» қалай оқып шыққанына мұқият мән беріп тұрғаны байқалады.
– Өзіңе-өзің сенімді болсаң, дұрыстап оқисың! – деп ақыл-кеңесін беріп те демейді.
Дәл есімізде жоқ, елу жігіт пен қыздың үні әртүрлі, дауысы мен дыбыстауы алуан болса да ұнамды әсер қалдырған студенттердің кімдер болғанын атап айту қиын соқты.
Біздің курста жасы үлкен студенттер едәуір көп болды. Алды он жыл, дені әскерден оралған, еңбек өтілі едәуір жастар еді. Біз сияқты мектеп қабырғасынан енді шыққан біршама бозөкпелер де бар.
«Кім қалай оқыды?» деп даурығып, студенттер оқытушының берер бағасы мен пікіріне алаңдай қарап, көз тіккен жағдайда отырмыз.
Сәлден соң оқытушы ағай тіл заңдылығына сай, орфография мен орфоэпияны сақтап, дұрыс оқыған Қалдыгүл Мұратованы және біздің аты-жөнімізді мақтап атап, қайталап оқытты.
Айтылуы мен жазылуы бөлек «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген сөйлемнің «Алматтан сөйлеп тұрмыз!» деп оқылатынын біраз сөздің мысалымен түсіндірді.
Кейінірек студенттер жатақханасына Қазақ радиосының режиссерлері арнайы іздеп келіп, оңтүстік өлкенің Созақ ауданының түлегі Мұратова екеумізді Қазақ радиосының студент-жастардың «Гүлдәурен» бағдарламасын жүргізуге ұсыныс жасады. Біз әуеліде оны қуана қабылдап, шын жұмысқа жегілерде жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін сезіне алдық.
Қазақ радиосының табалдырығын имене аттап, әйнекпен қапталған жазу студиясының ішіне кірген кезде тіптен діріл қақтық-ау деймін.
Аты аңызға айналған дикторлардың бірі – кәдімгі Сауық Жақанова өздеріне таңырқай, қысылып- қымтырылып, тайсақтап тұрған екеумізді аяп кетті-ау деймін, «Бұрын радиодан сөйлеп көріп пе едіңдер?» деп сұрағанда «Жоқ, бірақ радионы тыңдап өстік» деп және тағы бірдеңе айттық.
Содан бір жыл бойы курстас екеуміз «Гүлдәурен» радиохабарын қатар отырып жүргіздік. Ептеп студия ішіне үйренгеннен кейін арқа-басымыз кеңейіп, тәжірибелі дикторлардан сабақ алып, режиссерлердің артық-кемін түзетуімен мәтіндерді кәдімгідей мәнерлеп оқуға төселіп алдық, ішінара өзіміз жазған шағын суреттемелерімізді де бағдарламаға енгізіп оқитын болдық.
Бізге жанашыр редактор ағай біздің мектепте жүргенде жоғары оқу орындарында оқитын студент ауылдастарымызға еліктеп, қызығып өскеніміз туралы айтқан әңгімемізді тыңдай отырып, осы тақырыпта арнайы хабар дайындауды тапсырды.
Мектеп қабырғасында әдебиетші мұғалім Несіпбек Шардарбеков ағайдың еркін тақырыпқа шығарма жазуға келгенде екі көзі жайнап, құшағын ашып: «Балалар, айналаңа қарашы, қаншама құнды дүниелер бар? Сен жалғыз емессің…» – деп айтатын ой толқындары ойыма оралды. Радиоға икемдеп «Түгіскеннен жазып тұрмыз!» деген шап-шағын суреттеме жазып, онда біздің ауылдан шыққан журналистер мен түрлі басылымдардың штаттан тыс тілшісі атанған ағаларымның жазған дүниелерін қызықтап оқитынымды, сондай ақ біз республикалық, облыстық және аудандық газет-журнал редакцияларынан жиі сәлем хаттар алып тұратынымызды (қалам ұстаған ниетке сәт-сапар тілеген, ізденуге жөн сілтеген, ұштала түсуді түсіндірген сипатта) әңгімелеп, басылымдардың фирмалық таңбасы бар хаттарды қарт пошташылардың сүйіншілеп жеткізетін сәттерін баяндап, өзімізше көркемдеп жазғанбыз. Радио қызметкерлері:
– Оу, көкешім, сенің Түгіскен ауылың қайда? – деп сұрайды.
– Талас өзенінің төменгі сағасында. Жамбыл облысында. Атақты Үшарал ауылының қасында, – дейміз.
Жұрттың бәрі маған Үшарал ауылын білетіндей еді. Таластың Үшаралындай дарқан ел жоқтай айтамыз ғой.
– Сөз құдіреті қонған кісілер көп пе?
– Көп…
Сөйтіп, бірінші курс студентінің радиодан берілген тұңғыш мақаласы «Түгіскеннен жазып тұрмыз!» деп аталған еді. Радио табиғатына тақырып қоюды осы шақта жақындатқанымыз ғой, әйтпесе дұрысы үн қату немесе хат-хабар жазып тұру.
Бұл мамыражай 1976 жыл болатын. Одан бері арада сырғып қырық сегіз жыл өтіпті.
Әлі күнге дейін, уақыт шіркін жүйткіп, сағат күнге, күн айларға ұласып, қаншама жыл жылжып, дәуір ауысқанда да туған ауылдың аты жүректерде жаңғырып, жақсы жайсаңдардың інжу-маржан сөздері мен қоғамдық ой-толғаулары есімізден ешқашан шыққан емес.
Тасқа басылған дүние әсте өшпейді. Жым-жырт жатқан ауылдың жұлдыздары да жарық болады. Жұлдыздарды көріп, сезу үшін де жүрек көзі керек.
Сол жүрек сөзін қажетті жеріне жеткізіп, сәулелі өмірді сөйлететін ой мен құнарлы тілдің қуатынан нәр алып, қалам құдіретін танытқан жандарды құрметтесек, жөн емес пе?!
Кешегі кеңестік дәуірде идеологиялық жағынан газеттің үгітші, насихатшы екені айтылса, Алаш ардақтылары ұлттық баспасөз – халықтың құлағы һәм сөзі болу міндетін әрдайым жоғары бағалады.
Біздің бір ауылдың мәдени рухани өмірінде өз сөзіміз бен кез келген оқиғаны лайықты түрде қабылдау қабілетіміз әртүрлі болуына қарамастан тілшілердің қырағы көзіне ілігетін сын да, сырға бай тақырыптар да таусылмайтын. Таңғалуға бола ма, ә?!
Шамасы 2 мың тұрғыны бар ауылда қанша тұрақты тілші болуы мүмкін?
Ал енді көрейік?!
Сонау 1945 жылдың 8 мамыр күні Мәскеуден «Қаракөл қой елтірісінің өндірісі» тресінің басшысы Мусиф Мұқанов, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы І.Еділбаев және басқа да ресми өкілдердің қатысуымен «Түгіскен» қой кеңшарының қазығы қағылып, тарихи құжаты жазылады.
Біз бұл іргелі шаруашылық еңбеккерлері және оның жарты ғасырлық өмірі жайында 1995 жылы «Сағасында Таластың бір ауыл бар» деген деректі кітап жазып, жерлес ағайындардың артында қалдырған мұралары мен рухани байлығын зерделеуге атсалысқанымыз бар.
Бұл мағынада менің ұстаз тұтып, әрдайым құрметтелген, кісілігі мен өмірлері қасиетті ұғымдармен өрілген тілші, журналист ағатайларымның барлығы да жазуына болатын еді. Бізден де тәжірибесі мол, көргені мен түйгені көп жандардың ұзақ жылдар бойы «Ауылым – алтын бесігім» жайлы қаншама суреттеме, репортаж, көркем очерк жазғанына еш шүбәміз жоқ. Жарты ғасыр бойына өлшеп, пішіп көріңізші...
Ежелгі Үшаралдан және сол округке енетін фермалардан, елді мекендерден Серік Әбдірайымов, Сейітқазы Досымов, Кәрібай Ахметбеков, Абдрахман Асылбеков, Күләш Ахметова және Әбді Шынбатыров секілді тума таланттар Алматыға барып, шығармашылық ортада көрнекті журналист, жазушы және ақын болып танылғанға дейін Талас аудандық «Ленин жолы», Сарысу аудандық «Октябрь таңы», облыстық «Еңбек туы» газеттерінің штаттан тыс тілшісі қоғамдық қызметін орта мектептің оқушылары болып жүріп-ақ атқарған болатын. Әлбетте, ол кезде мектеп оқушыларының тырнақалды туындылары «Қазақстан пионері» газетінде басылып, әй, бір қуанышы қойнына сыймай, шаттыққа бөленгенін әрқайсысы басынан кешкені де анық.
Республикалық «Лениншіл жас» газетінің жас тілшісі Шерхан Мұртазаевтың 1957 жылы «Талас көктемі» атты көлемді очеркі басылымның екі нөміріне қатар жарияланады.
Біздіңше, алыстағы ауылдың республика көлемінде танылуы Шерағадай жас журналистің керемет жазбаларынан соң күшейе түскені рас.
Бұл кезде Түгіскеннің әдебиетсүйер түлектерінің орта мектеп жанынан «Жас тілшілер» клубы құрылған еді.
КЕҢ АДАМ КЕҢЕСІП ОЗАДЫ
Біздің ауылда Төреқожа Ханқожаұлы есімді ақын ата тұрды. Біз бала кезімізде көрген кездің өзінде ол ақ сақалды, ақшулан мұртты, орта бойлы, қараторы қария болатын. Ас-тойларда қолына домбырасын алып, өлең жырларын әуенге салып шырқайтын. Бірақ тым ашыла бермейтін сияқты, мінезі жұмсақ әрі ауырлау ма, ол кезде баламыз ғой, қайдан білеміз, сөйтсек, абыз қария бұл өмірдің небір тауқыметін тартып, көрмегені жоқ екен.
Тарихтан белгілі, күштеп ұжымдастыру мен қолдан жасалған аштықтың салдары әбден ел ішінде дендеп, халық нәубеттен қырылған. Сол ақтаңдақты 1930 жылдары Төменгі Талас болысы Сырдария уезіне, Шаян ауданына қараған, осы кезде Созақта Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс бұрқ ете қалады. Бұл көтерілістің дақпырты Төменгі Талас болысының 14 (қазіргі Үшарал ауылының аумағы) және 15-ауылдың (қазіргі Түгіскен жері) адамдары арасында бұрқасынды ой толқытады. Ел ішінен тыныштық кетеді. Кеңес өкіметінің әскері мен ревком өз күнін өздері көріп жүрген бейбіт тұрғындарды сұрақ астына алып, аяусыз азап шектіреді, ер-азаматтарын түрмеге тоғытады. Дерек құжаттарында осы екі ауылдан көрсетілгеніндей, ешбір күнәсі жоқ, сауаты да жоқ, жарты парақ толар-толмас түсініктемесіне бас бармағының таңбасын бастырып, 100 адамды «үштік» үкімімен әртүрлі мерзімге соттайды. Түп-тұқиянына дейін қудалап, қорлық көрсетеді. Несін айтасыз, іздеушісі жоғалмаған бейбақтар болмаса, көпшілігінің тағдыры сол заманнан бері беймәлім. Обал-ақ.
Тарихы тағдырлы Талас өңіріне атақ даңқы әбден кеңінен тараған Ханқожа әулетінің де кілең жарамды, тұлпар тізгінін ұстаған азаматтарын «байдың тұқымы», «Кеңестік өкіметке қарсы Созақ көтерілісін ұйымдастырушы» деген ойдан құрастырылған, жалған айыппен соттап, Сібірге жер аударады. Әулеттің үлкен перзенті, көзі ашық, көкірегі ояу, Төменгі Талас өңірінің болысы Қорақожа Ханқожаұлын және осы елдің үш азаматын ату жазасына кеседі. Ал ел ішінде ақындық өнерімен танымал, ел қамын ойлаған, бас көтерер 30 жастағы жігіт Төреқожа Ханқожаұлын «Кеңес өкіметіне қарсы ұйымның белсенді мүшесі» деген жаламен 10 жылға соттап жібереді.
Азапты жолда ақын ауыр-ауыр қара жұмысқа жегіліп, Беломор су және Мәскеу-Волга су каналының құрылысын салуға қатысады. 1937 жылы Карлагтан бір-ақ шығады.
Сөйтіп, көрер жарығы бар екен, тасқа басылып қалмай, алып су каналдарын саларда суға ағып кетпей, апатқа ұшырамай туған ауылына аман-есен жеткен.
Бұл кезеңнің сұмдықтарын да ұмытуға болмайды.
Өмір жалғаса береді. Дегенмен ұзақ жыл зорлықшыл үкіммен айдауда болған ақын кісі бұған мойыған жоқ. Қолына қоңыр домбырасын алып ән салды, толғау жырларын ел жұртына арнады. «Әрбір атқан таңға шүкір, жақсы-жайсаңдарға шүкір» деп өтті ақын көке. Бар қадіріңді білгенге шүкір.
«Шыны керек, біз ауыз әдебиетінің көзі мен сөзін Төреқожа жырларынан іздеп тапқандай дәуренге куә болдық. Таңдайында өлеңнің ұясы бар Жанкелдіқызы Ұлбике ақынның (1824-1849) қайым айтыстарын алғаш сол кісіден естідік» деген белгілі әдебиетші ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің қолдауымен 1971 жылы Алматыда өткен Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығына арналған республикалық ақындар жиынына қатысып қайтты.
Бұл Түгіскен жұрты үшін мерейлі мереке болды.
Әттең, әттең… Мырзатай аға: «Жастайынан өнер қуып, талай қиссаларды жырлап, айдауда жүрсе де сондағы азапты күндерінде мұң шалған қазақ жігіттерінің рухын көтеру үшін жігерлі өлеңдерімен, әзіл шумақтарымен күш берген, елін сағынтқан ақ жауынды өлеңдерін қартайған шағында үзік-үзік, бірте-бірте ұмытқаны-ай!» – деп, өкінгенін тебірене толқып, қинала жазады.
Ертерек келіп, жазып алсақ қой, құнды дүниелер ұрпаққа қалар еді.
Дүние-дәурен осылай.
Біздің аға ұрпақтың тағдырлы өміріндегі бір үзіктің өзінде көп сыр, тағылым жатқан жоқ па?!
Ақын атамыздың жыр кітабында «Тар адам тартыспен тозады. Кең адам кеңесіп озады» деп айтқан өлең сөзі де өмір шындығы емес пе?
Әлі есімде, мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі Шәрипа Есетова әпкей қай сыныпқа сабақ берсе де «Мен үшін ерекше жаратылған адам» деген тақырыпта шығарма жаздырады. Сонда оқушылардың барлығы бірауыздан әке-шешесін ең қымбат адамдар деп жазады екен.
Әпкейдің ақылын қараңызшы, әлгі еркін шығарманың ең таңдаулысын өзі таңдап, арнайы хат жазып, ойындағы газеттің біріне жолдайды.
Қазіргі халық кітап оқымайтын, газет-журналдың бетін ашпайтын кезде өткен шақтың әрбір жетістігі бүгінгі адамдарға ертегі болып көріне ме екен?
АЗАМАТЫНА ҚАРАП, АУЫЛЫН ТАНЫ
Бұл әлеуметтік жағынан Түгіскеннің ұл-қыздары жарап тұр. Сексен жылдық тарихында бұл ауылдың атағы еңбекпен шықса, азаматтары қоғам дамуы қандай деңгейде, сол мәдени өлшемнің алдында болу үшін күресті.
Қадірменді қариялардың «бұл заманда бала өжет болып өспесе, өмірде олжа сала алмайды» деген сөзін біз баяғыда естіп өскенбіз.
Бұл аз десеңіз, ата-әжелеріміздің аузынан ел тізгінін ұстаған азаматтарға қаратып:
«Бетеге кетсе бел қалар, Билер кетсе ел қалар.
Берекең кетсе не қалар?» деп айтылар ақылды сөзді есті ұрпақ ұғып алғаны анық.
Ұқсап бағуға, жақсылық жасауға тырыстық.
Ел ішінде әр азамат жақсы атының шыққанын қалайды, абыройға бөленуді армандайды. Өзінен кейін жақсы із, ескерткіш қалдырғысы келеді.
Біздің ауылдың азаматтары да білім мен ғылым іздеді, өсті, өнді.
Талайғы дәуірді бастан кешкен Түгіскен десе, үлкен ауылдың төр үсті дегіміз келеді.
Қазақтың қазақтығын сақтауға менің ауылым да өз үлесін қосып келеді. Талантты тарландары (академиктер, профессор ғалымдар, ректорлар, Парламент депутаттары, ірі зауыт фабрика директорлары, мемлекет қайраткерлері, аудан әкімдері, дәулетті кәсіпкерлер, спортшылар, өнер дүлдүлдері және басқалар) арқылы мақтанышқа бөленсе, бүгіндері білімді, мәдениетті ұрпақтарын түлетуімен танылған жұрт болды.
Әу баста әңгіме тұлғатану мен жады жаңғыртудың ұрпақтар тәрбиесі мен қоғамның өркенді дамуы үшін аса қажетті тақырып, маңызы зор идеологиялық міндет екенін айтқан болатынбыз.
Бұл қай заманда да өміршең.
Әзірет Қаратау, әулиелі Қаратау, қазыналы Қаратау, ұлылардың атамекені Әулиеата мен көне Тараздың жұртымызға ғасырлар бойы бақ пен береке, пана әрі тірек болғанын сезіну бақытының өзі керемет емес пе?
Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай айтылар ойлар мен толғаулар өткен шақтың белестерінен өздері өмір сүрген дәуірдің адал перзенті бола жүріп, қандай қиындықтар болса да адам таңғаларлық төзім көрсетіп, «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» ұранымен ел дәулеті мен байлығын жасауға жанын аямай жұмсап, еңбек еткен қарапайым адамдар мен жарқын тұлғаларды танып, білу, құрметтеу – елдік парыз.
Енді қала мен ауылдың айырмашылығын азайту, болашағы үлкен ауылдардың қатарын ұлғайту міндеттері қойылған уақытта «Ауылына қарап, азаматын таны» дегеніміз дұрыс шығар.
Сол сәт тусын және жазар көбейсін.
Орайы кеп тұр. Сарғайған газет-журналдардың өткен жылдар беттерінен біздің ауыл туралы жазудан журналистиканың ыстық-суығына төзіп, республика ақпарат құралдарынан өз орнын тапқан Мыңжасар Өткелбаев, Әбдіманап Көпбергенов (Сарысу ауданың әкімі, екі мәрте Парламент депутаты болған), Болат Мәуленов, Болат Жаппаров, Сұлтан Рахымжанов, Ерәлі Әбілезов, Оңлагүл Арзықұлова, Дүйсен Молдақұлов секілді өзімнің ауылдас, көршілес, әріптес-жерлестерімнің қазақ баспасөзін дамытуға, елтану мен тұлғатануға, ұлттық-рухани мәдениетті дамытуға қолғабыс тигізгенін атап айтамыз. Сайып келгенде, журналистердің қоғамдағы атқаратын қызметі де бағалы.
Сағым жылдар жаңғырығын айтқанда, өңірдің жүріп өткен бұрынғы кезеңі өз болмысымен, аға ұрпақтың тағдырына жазған тағылымды өмірімен, олардың өз жетістіктерімен тарихта қалады.
Бізге қазіргі жаңа Қазақстанның дамуы халықтың өркенді, шынайы қалаған өмірі деген қоғамдық түсіністік болуы тиіс. Дәл осы бағытта саяси реформалар жасалды. Әлі де алдағы күндері өзгерістер жалғасатыны айтылды.
Бұл – біздің ел тәуелсіздігін күшті және демократиялық діңгегі мықты мемлекет болуды айқындаудың тура жолы.
Қазақ ғалымдарының зерттеу еңбектерінде айтылғанындай, бізге тасқа қашалған, ағаштардан жасалған берік бұйымдардан табылған көне Талас жазуында «Қоғамды сүй, қоғамды жақсы көр, еңбек ет, жақсылық жаса!» деген сөз бар екен.
Біз де жазбамызды осы ата-бабалардан қалған асыл сөзбен, аталы оймен түйіндейік.
«Өмірді көргің келсе – өңірді көр!» дейміз.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Көрген-білгендерім мен көңілге түйгендерім
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024