Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Облыстың тұңғыш басшысы кім?

Облыстың тұңғыш басшысы кім?
Ашық Дереккөз
Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл. Айтулы мерейтой аясында аймақта бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, танымдық еңбектер жарық көруде. Тарихты түгендеу де тағылымның белгісі. Осы орайда «Облыстың алғашқы басшысы кім болды?» деген сұраққа жауап іздеп көрген едік. Архив деректері негізінде дайындалған мақаламызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

1939 жылы 25 қазанда жаңа құрылған Жамбыл облысы бойынша коммунистік партия Орталық комитетінің ұйымдастыру бюросының мәжілісі өтеді. Жиында еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесін сайлау жөніндегі облыстық сайлау комиссиясының құрамы нақтыланып, оның төрағасы болып Абзал Жәкішев бекітілді. Желтоқсан айында еңбекшілер депутаттарының Жамбыл облыстық кеңесі сайланып, оның алғашқы төрағасы болып Осман Жұмағұлов іске кіріседі.

1940 жылдың 3-7 наурызы күндері Жамбыл облыстық партия комитетінің І конференциясы өтсе, 7 наурызда облыстық партия комитеті пленумының ұйымдық мәжілісі ұйымдастырылды. Оның күн тәртібінде облыстық партия комитетінің хатшылары мен облыстық партия комитетінің бюросын сайлау мәселесі қаралды. Пленум жұмысына қатысқан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуымның төрағасы Ә.Қазақбаев КП(б)К облыстық комитетінің бірінші хатшылығына М.Ткаченконы ұсынады.

Михаил Игнатьевич Ткаченко 1902 жылы Орынбор губерниясының Покровка селосында дүниеге келген. Орынбор педагогикалық институтында жоғары білім алған.

Ол 1929 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы гидротехникумында директор қызметін атқарады. Сондай ақ коммунистік партия Қазақ Өлкелік Комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, Қазақстан коммунистік партия Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, кеңес-сауда бөлімінің меңгерушісі болады. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымын атқарып келген. Яғни осы облыстың құрамында болып келген Жамбыл өңірінің қоғамдық-экономикалық өмірінен хабардар болған.

Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған М.Ткаченконың бір ерекшелігі – қазақ тілін жетік білген. Ол өмірге келген Орынбор аймағындағы Покровка селосы маңында қазақ ауылдары да болған. Оның үстіне Орынбордың өзінде де қазақтар аз емес. Соған қарағанда жас шағынан қазақтармен қарым-қатынаста болып, қазақ тілін білген көрінеді. Оған қоса жастайынан Қазақстанға қоныс аударып, қызмет атқарған ол қазақтың тілін ғана біліп қоймай, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да үйренген деседі. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының екінші хатшысы қызметінде жүргенде Жамбыл өңіріне де сапар шегіп, бұл аймақтың тыныс тіршілігімен жете танысқан. Қазақы қаймағы бұзылмаған Жамбыл облысына бірінші хатшы қызметіне жіберерде республика басшылығы оның осы қасиеттерін ескерген болар.

Облыстық мемлекеттік архивтің сарғайған құжаттарында жергілікті Советтерге партия ұйымдарының қаншалықты ықпал жасағанын айғақтайтын материалдар жеткілікті. 1939 жылдың күзінде Жамбыл облысының құрылуына байланысты 50 округте бірінші шақырылған облыстық советке депутаттар сайлауы өткізілді. Депутаттардың ішінде 8 жұмысшы, 15 колхозшы, 36 интеллигенция қауымының өкілдері болды.

1940 жылы облыста 644 ұжымшар болды. Егіс көлемі 250,7 мың гектарды құраған. Сонымен қатар 60,9 мың ірі қара, 412,2 мың қой-ешкі есепке алынды. Осы жылы машина-трактор стансаларының 1 207 тракторы, 374 комбайны жұмысқа жұмылдырылды.

1920 жылы күзде Шымкент қаласынан Қазақстанда тұңғыш педагогикалық училище ұйымдастырылғаны белгілі. Училище 1929 жылы Әулиеатаға қоныс аударды. 1939 жылдан орыс бөлімі ашылып, бастауыш мектеп мұғалімдері даярлана бастады. Ұстаздарға сусап отырған облыс үшін бұл үлкен қолдау болды.

Жаңа құрылған облыс 1941 жылы бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысының зардаптарымен де бетбе-бет келді. Жағдайдың мейлінше ауырлығын жақсы түсінген партия мен үкімет «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен елді бірыңғай әскери лагерьге айналдыруға күш салды. Халықты жаудың жеңілетіндігіне сендірді.

Міне, осындай сертке сәйкес бір адам екі адамның міндетін атқаруға кірісті. Көптеген жастар митингтерден кейін өз еріктерімен әскери комиссариаттарға келіп, майданға аттанып жатты. Мәселен, соғыс басталған күннің өзінде Жамбыл қалалық әскери комиссариатына 78, Шу аудандық әскери комиссариатына 53 өтініш түсті.

Жамбыл облыстық партия комитеті, облыстық атқару комитеті, жергілікті партия ұйымдары мен кеңес органдары өз жұмыстарын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құра бастады. Ал Жамбыл қаласы кәсіпорындарының соғыс қажеттеріне байланысты өз өндірістерін қайта құруына 20 күндей ғана уақыт керек болды. Соның нәтижесінде «Швейник» артелі әскер үшін киім тігуге көшсе, «Трудпищевик» артелі майдан үшін түрлі концентраттар дайындауға кірісті. «Красный химик» артелі әскерге қажетті химикаттар шығара бастады. Жамбыл теміржол бөлімшесі теміржол көлігі қозғалысының жаңа кестесіне көшіп, майданға арналған составтарды кешеуілдетпестен жөнелтіп отыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға кірісті. Еліміздің батыс аудандарынан көшіп келген хром заводы белгіленген мерзімінен бұрын өнім бере бастады.

Жамбыл облыстық партия комитетінің 1941 жылғы 26 қазанда өткен VI пленумы облыс партия ұйымының сол кездегі жағдайға байланысты туған талаптар деңгейінде болғандығын атап көрсетті. Соның нәтижесінде дәнді дақылдар, мақта (ол кезде үш аудан мақта егетін) және қант қызылшасын жинау ойдағыдай аяқталды. Малшаруашылығын дамыту жоспары барлық түлікпен орындалды. Әсіресе Талас, Луговой және Көктерек (қазіргі Мойынқұм) аудандарының малшылары аянбай еңбек етті.

Облыс бойынша 1943 жылғы 7 қарашаға дейін 8 760 шолақ тон, 8 700 жұп пима, жүннен тоқылған 2 970 жұп қолғап, 8 900 жұп шұлық, басқа да көптеген киім кешек жиналды. Сонымен бірге облыстық комсомол комитетінің хатшысы Шәрипа Таева бастаған облыс делегациясы әлгі киім кешек тиелген эшелонмен майданға 47,5 тонна ұн, 24 тонна жарма, 10 тонна күріш, 11 тонна қант, 45 тонна ет, 12 тонна сарымай, бір тонна пияз, 2,5 тонна тұздалған көкөніс, 3,5 тонна кептірілген жеміс және басқа азық түлік алып барды.

Соғыс жылдарында бұдан өзге де маңызды шаралар жүзеге асырылды. Танк колоннасы мен авиаэскадрилья жасау үшін қаражат жинау қызу жүргізілді. Кеңес жауынгерлері 1943 жылдың жазында жау әскерлерін Курск иініне тықсырған кезде облыс еңбекшілері көмекті бұрынғыдан да күшейте түсті. Сөйтіп, сол жылғы 15 мамырға дейін майдан қорына 18 миллион 184 мың сом қаражат жиналған.

Жамбылдықтар еліміздің фашистік басқыншылардан азат етілген аудандарға да барынша жәрдемдесті. Облыс еңбекшілері Сталинград облысының ұжымшарлары мен кеңшарларына халық шаруашылығын, әсіресе малшаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету үшін 1943 жылдың көктемінен көмектесе бастады. Колхозшылар, жұмысшылар мен қызметшілер азат етілген аудандарға 27,5 мың ірі қара, 31 мың қой-ешкі жөнелтті. Мұның сыртында облыс ұжымшарлары мен кеңшарлары қоғамдық мал есебінен де қыруар көмек көрсетті.

Жеке шаруалардың шаруашылықтарын ірі ұжымдық шаруашылыққа көшірудің негізгі жолының бірі – машина-трактор стансаларын құру болатын. МТС аса маңызды шаруашылық, материалдық-техникалық базаның негізін қалады.

Сол кезеңде «Тасөткел» суқоймасының құрылысын жеделдетіп жүргізуге баса назар аударылды. Бұл тұрғыда барлығы 8 900 адамды суқойманың құрылысына жегу көзделген. Бұйығы қазақ ауылдарының қарапайым адамдарын ауыр, қара жұмысқа жегу оңай шаруа емес еді. Ұйымдастыру жұмыстарын ұтымды жүргізудің арқасында бұл шаруа да еңсерілді.

Қазақстан жерінде Кеңес үкіметі тұсында пайда болған өсімдік қант қызылшасы еді. Оның тәжірибе егістігі 1924 жылы басталып, 1956 жылы 26 мың гектарға жетті. Түсім де арта берді. Мысалы, 1940 жылы әр гектарынан орта есеппен 246 центнерден түссе, 1956 жылы ол 305 центнерге дейін өсті. Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстары республиканың негізгі қызылша өсіруші өңірлеріне айналды.

Соғыс жылдары ірі зауыт, фабрикалардың, өнер, білім орындарының шалғай аймақтарға эвакуацияланғанын білеміз. Солардың арасында Ресейдің ең байырғы оқу орнының бірі саналатын Ленинград Заң институты Жамбылға көшірілді.

Облыстық архивтегі құжатта Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы М.Ткаченкоға Ленинград Заң институтының директоры Петровтың жазған қатынас хаты сақталған. Онда 1944-1945 жаңа оқу жылына әзірлік мәселесі сөз болған. Аталмыш институттың бұл жылы Ленинградқа оралмайтындықтарын, жаңа оқу жылында жоспар бойынша 200 студентті қабылдау жұмыстарын жүргізетіндігін хабардар етеді. Осыған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан институт орналасқан Жамбыл қаласы Ленин көшесі, №30 мекенжайындағы мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді өтінген.

Облыс басшысы М.Ткаченконың малшаруашылығын дамытуға жіті көңіл бөліп, оның ішінде малшыларға жағдай жасау бағытындағы тірлігіне разы боласыз. Оның талап етуінің арқасында 1944 жылы малшылар 2 934 киіз үймен қамтамасыз етілді. Отбасылар үшін 3 278 қысқа және ұзын тон, 1 984 жұп етік пен 3 809 жұп пима дайындалған. Малды жайылым жағдайында күтіп бағу, жыл бойы өріс ауыстырып, көшіп қону үшін облысқа ең кемі 1000-2000 түйе керек еді. Осыларды ескерген ол 1945 жылы Жамбыл облысының ұжымшарларына дайындау кеңселері арқылы шетелден 1000-2000 түйені сатып алуға өтініш хат жолдаған.

Сонымен қатар үкіметтен Мойынқұмның қойнауынан гидро зерттеу жүргізу арқылы ең кемі 500 құдық қазатын нүктелерді анықтауға көмектесуді өтінген. Сондай-ақ 1945-1946 жылдары 1000 құдыққа бетон сақинасын және мал суаратын астаулар орнатуға 200 текше метр ағаш босатуды сұранған. Қорыта айтқанда, Мойынқұмның ен даласын игеруге қадам жасаған.

Жаңа құрылған Жамбыл облысының іргетасын қалап, шаңырағының биік болуына өзіндік үлес қосқан, орыс халқының осынау бір аяулы перзентінің қызметтік жолы одан ары республикалық Тұтынушылар қоғамында жалғасты. 

Ал кейіннен Талдықорған, Қарағанды облыстарында жауапты қызметтер атқарып, Қазақ республикалық өнеркәсіп кооперациясының төрағасының бірінші орынбасары болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол білікті басшы ғана емес, үлгілі отбасының да иесі болып, бес баланы тәрбиелеп өсірді. 1970 жылы 20 қыркүйекте өмірден озды.

 

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

1939 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жамбыл облысы құрылды.

1940 жылы Көктерек және Луговой аудандарында радиохабарлар торабы орнатылды.

1941 жылы қант қызылшасының әр гектарынан 600-700 центнерге дейін тәтті түбір жиналған.

1942 жылы Ұлттық әскери бөлімшелер жасақтау қорына барлық аудандардан азық-түлік жинастырылды.

1943 жылы ақын, сазгер Кенен Әзірбаев Жамбыл облыстық драма театрында концерт берді.

1946 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 100 жыл толуына орай жамбылдық және қызылордалық ақындардың айтысы өтті.

1950 жылы «Жамбыл су және орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» құрылды.

1951 жылы Жуалы ауданы Оңтүстік Қазақстан облысынан Жамбыл облысының құрамына берілді.

1954 жылы Жамбыл политехникалық колледжі химия кәсіпорындарына мамандар даярлай бастады.

1955 жылы Химиктер мәдениет сарайы (қазіргі Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі) пайдалануға берілді.

1956 жылы Жамбыл шақпақ қант зауытының құрылысы басталды.

1957 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының арнаулы отряды Кіші және Үлкен Қаратау жоталарындағы тас ғасырының ескерткіштерін зерттеді.

1958 жылы Қазақ КСР Министрлер Советі төрағасының орынбасары Асқар Закарин мойынқұмдық атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың өңіріне екінші «Алтын Жұлдыз» медалін салтанатты жағдайда тақты.

1960 жылы Рим Олимпиада сында Луговой жылқы зауытының Абсент атты сәйгүлігімен шабандоз Филатов алтын медаль жеңіп алды.

1961 жылы жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы іске қосылды.

1962 жылы КСРО Жоғарғы Советінің сайлау жөніндегі №673 Жамбыл сайлау округінен «Талас» қой совхозының директоры Әбдір Сағынтаев кандидат болып ұсынылып, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды.

1963 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты ашылды.

1964 жылы Жамбыл қос суперфосфат зауытының құрылысы басталып, 1969 жылы бірінші кезеңі іске қосылды.

1965 жылы Жамбыл ГРЭС-нің құрылысы басталды.

1966 жылы Андасай қорықшасы құрылды.

1967 жылы Жамбыл пединституты ашылды.

1968 жылы Жамбыл облыстық филармониясы құрылды.

1970 жылы «Алатау» ән-би ансамблі ұйымдастырылды.

1971 жылы Жуалы ауданын да Берікқара қорықшасы ұйымдастырылды.

Әділбек БАҚҚАРАЕВ,

облыстық мемлекеттік архивтің

қызметкері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар