Жыл басында жергілікті бюджет есебінен 40 санитарлық автокөлік тапсырылған болатын. Бүгінде жергілікті бюджеттен 33 автокөлік сатып алуға қаржы қарастырылған. Соның 20-сы салтанатты түрде медициналық мекемелерге тапсырылды. Қалған 13-і жыл соңына дейін берілетін болады.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалуда. Мәселен, 2023 жылы 24 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, 19 нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар 11 нысан күрделі жөндеуден өтті. 2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның құрылысы басталып, 3 нысан ел игілігіне тапсырылды. Аталған жоба шеңберінде Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасы ғимаратының қабылдау бөлімшесі қосымша құрылыспен қайта жаңғыртылуда. Сондай-ақ Қордай ауданының Сортөбе ауылындағы аурухана аумағында 200 келушіге арналған емхана мен Масаншы ауылдық ауруханасында қосымша құрылыс жұмыстары аяқталды. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Ал Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысын, 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық, жедел жәрдем стансасын, 350 төсек-орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысын салу ісі зерделенуде, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Облыста бекітілген норматив бойынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі 272 бірлікті құрайды. Облыстың аудандық медициналық ұйымдарында 235 санитарлық автокөлік болса, оның ішіндегі 112-сі тозған. Сондықтан тозығы жеткен автокөліктерді кезең-кезеңімен жаңарту бағытында тиісті шаралар атқарылуда.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА