Іс-шараға республикалық «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, облыстық ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі төралқасының төраға орынбасары Исмаил Хаджимұратов, облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Оралхан Дәуіт, Жуалы аудандық мәслихатының төрағасы Зиятхан Бүрлібаев, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбала Жолмаханова, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Ринат Нұрақбаев, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман мен ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыровтар қатысты.
Сахнада өнер көрсеткен балғын өрендер мен жас өнерпаздар «Ұлбике ақын» мәдениет орталығының зәулім залын ақынның шығармашылығымен көмкерді. Ақын өлеңдерін бірінен соң бірі мүдірмей жатқа оқыған кішкентай оқушыларға көрермендер ыстық ықыластарын білдірді. Әсіресе халықаралық «Ұлы дала рухы» фестивалінің «Көркемсөз» номинациясы бойынша бас жүлдегері Сәттұрсын Алдиярдың мәнерлеп оқу шеберлігі бүкіл тыңдарманды тәнті еткізді. Өйткені ол Үміт Битенованың «Өлеңмен күмбез орнаттым» атты элегиялық поэмасын жиырма минутқа жуық бойы сахнада тікесінен тік тұрып бастан-аяқ жатқа айтты.
Сондай-ақ Салтанат Оразтай, Сүлеймен Оңалбаев, Нұрсейіт Аяулым сынды оқырмандардың, мәдениет үйі жанындағы «Көңілашар» әншілер тобының орындауында сазгердің «Мені ойлап қам жемеші, ана», «Қыздар-ай, қыздар», «Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Таласым» атты әндері шырқалды.
Үміт Битенованың өзі де өлеңдерін оқып, ақын Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған замандас досы Қадырғали Көбентайдың «Өнер адамы» атты әнін орындауы арқылы халқына сыры мен мұңын жеткізді.
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған іс-шараны кітаптың тұсауын кескен ел ағалары қорытындылады.
Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков Үміт Қыранқызына арнайы құттықтап, жерлестерінің атынан сый-сияпат жасады.
«AR-AI»-ақпарат