Республикалық және халықаралық деңгейдегі робототехника жарыстарына қатысып, көптеген марапатқа ие болған жобалардың авторы жуырда «Samsung Solve for Tomorrow» байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Байқау мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған үздік әлеуметтік жобаларды анықтайды. Сол сайыста Аймер Қошмамбетовтің жобасы байқаудың финалына өтіп, жүлделі орыннан көрінгені ұстаздары мен ата-анасы үшін зор мақтаныш.
– Бірде ұлымның робототехника курсынан дәріс берген ұстазы Александр Котов: «Балаңыз бәрін тез ұғып, түсініп алады. Ерекше қабілеті мені таңғалдырды», – деген болатын.
Негізі «ата-анасының жасы ұлғайғанда дүние есігін ашқан балалар алғыр әрі зерек болады» дегенді естуім бар. Бір күні жұбайым аяғының ауыр екенін айтты. Ол кезде жасым 47-де еді. Құрсақтағы баланың ұл екенін естігенде тіпті қуанышымызда шек болмады. «Ұзақ жыл күткен ұлымызға қандай ат қоямыз?» деп ұзақ ойланғанымыз тағы бар.
Алдыңғы үш қызымыздың, яғни Аймердің әпкелерінің есімі – Айнұр, Меруерт, Әсел. Біз баламыздың есімін қоятын кезде Әселдің бастапқы «ә» деген әрпін алып, Айнұрдың «айы» мен Меруерттің «мер» деген жалғауларын қосып, «Аймер» деген ерекше есімді таңдадық. Сөйтіп, ұлымызға осындай жаңаша атау бердік. Расында, балам өзінің дарынды болып дүниеге келгенін бірден байқатты.
Аймер ойлы және зерек бала болып өсті. Ең алғашқы жасаған жұмысы өртсөндіруші робот болатын. Одан кейін судан қоқыс тазалайтын, ауаны ластанудан сақтайтын роботтар жасады. Ұлымның әр еңбегі – мен үшін үлкен жетістік. Баламды қашанда қолдап, қолға алған әр ісіне назар аударып, үміт артамын. Аймердің Қазақстанның болашағы ойландырып, өз ұлтының ертеңі үшін тер төгіп, еңбек еткісі келетіні қатты қуантады. Болашақта ұлымның бар арман мақсатының орындалуы үшін әке ретінде демеп, қолдап жүруге әрқашан дайын екенімді айтқым келеді, – дейді әкесі Асан Қошмамбетов.
Биыл тамыз айында Аймер өзінің командасымен бірге «FIRST Global Challenge Central Asia 2024» байқауына қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізді. Ал былтыр жазда өнертапқыш өрендерден жасақталған команда «Samsung innovation cfmpus hackathon ctntrai Asia» халықаралық жарысында компьютерді меңгеруге арналған оқу ойынын ұсынды. Бұл ойында ең басты рөлді Аймер жасаған робот іске асырады. Жарыста команда екінші орынды иеленіп, 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық жеңіп алыпты.
Ал 2024 жылдың сәуір айында кейіпкеріміз командасымен халықаралық «Shoqan Ecology» сайысына қатысып, автоматты түрде қалдықтарды сұрыптайтын робот құрастырды.
– Робототехниканы екінші сыныптан бастап үйрене бастадым. Негізі бала кезімде лего құрастырып, ғарыш айлағына қызықтым. Сөйтіп, ракета құрастырғым келетін. Арманым 2-сыныпта робототехника саласына алып келді. Қазіргі таңда дрон жасап шығарумен айналысып жатырмын. Өйткені бүгінде кез келген сала жылдан-жылға қарқынды дамуда. Ертеңіміз үшін дрон жасауға көп көңіл бөлу қажет екенін түсіндім. Біз бұл салада сәл кенже қалып келе жатқан сияқтымыз. Осы саланы мамандар әлі толық меңгерген жоқ деп ойлаймын. Сондықтан дрон жасауды дамыту қажет. Одан бөлек жасанды интеллектті зерттеп жүрмін. Робототехникамен айналысқан соң нейрожелі роботтарды тірілтеді. Адам сияқты жұмыс істеуге, сөйлеуге, қимылдауға, яғни тіршілік етуге мүмкіндік береді. Географиялық тұрғыдан жердің бедерін зерттеумен айналысқым келеді. Сонда табиғи апаттардың алдын алуға болады. Осы орайда карталарды жақсарту мәселесі де іске қосылуы шарт. Аталған мәселе бойынша көп жұмыс істелуі керек. Бұл үлкен әрі терең зерттеуді қажет ететін дүние болғандықтан барынша өзімді жан-жақты дамытып, осы саланы толық меңгергім келеді. Ақпараттық технологиялар жылдам дамып жатқандықтан біздің алдымызда тек ертерек алға жылжу, зерттеу, жылдам меңгеру деген түсінік қалыптасуы қажет. Сондықтан жылдамдықпен жарысып дамығым келеді. Тоқтап қалуға болмайды. Бір күн ізденбесең болды, көшке ілесе алмай қаласың. Ал мен артта қалғым келмейді. Осы мәселелер бойынша компьютердің бағдарламаларын зерттеуді де қолға алдым, – дейді Аймер.
Аймер 15 жасында студенттер мен жоғары сынып оқушылары арасында өтетін сайысқа қатысқысы келеді. Бірақ жасы жетпеген. Бір қуанарлығы, оның болашағынан үміт күткен ұйымдастырушылар өтінішін жерге тастамай, аталмыш сайысқа қатысуға мүмкіндік беріпті.
– Сол сайыста артылған сенімді ақтап, ІІ орын алған жайымыз бар. Бұл мен үшін үлкен жетістік еді. Аталған жарыста робототехниканы жасауда бесаспап болудың маңызды екенін ұқтым. Дегенмен жаңа технологияларды, ғылыми қиын зерттеулерді меңгеруім керек. Біздің сала мамандары әзірге тек шикізат беріп жатыр. Енді бізге өнім өндіру керек. Қолымызда бар шикізатты пайдаға асыруымыз қажет. Алға қойған мақсатым да, болашақтағы арманым да – шетелде оқып, Қазақстанда робототехниканы дамыту. Одан кейін кәсіппен айналысып, жұмыс орындарын ашқым келеді, – дейді Аймер.
Іске сәт, жас өнертапқыш! Қазақ елінің болашағының жарқын болуы өздеріңдей ойлы ұрпақтың ізденісіне тікелей байланысты.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ