Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық студенттер үздік атанды

Жамбылдық студенттер үздік атанды
Автор
Жақында Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы ұйымдастырған Студенттік жобалар мен зерттеулердің республикалық конкурсының финалдық кезеңі өтті.

Сайысқа М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Есімхан Болатов пен Нұрислам Раймбеков қатысты.

Жамбылдық студенттер байқауға интеллектуалды қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «AI – күдікті қаржылық операцияларды талдау және алдын алу шешімі» атты жобаларын ұсынды. Жоба машиналық оқыту мен деректерді талдаудың заманауи әдістерін пайдалана отырып, қаржылық алаяқтық тәуекелдерін анықтау және алдын алу мақсатында әзірленген.

Студенттердің ғылыми жетекшісі – «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Дильноза Маматаева.

Байқау жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, финтех және қаржы секторына арналған цифрлық шешімдер бағыттарында инновациялық жобаларды қолдауды мақсат етті.

Финалда еліміздің 23 жоғары оқу орнынан келген үздік командалар бақ сынады. Дулати университетінің студенттері өз жобаларын жоғары деңгейде қорғап, сарапшы қазылар алқасының оң бағасын алып, арнайы жүлдеге ие болды.

– Қаншама күш жұмсаған жобамыздың жеңіске жетуі – техникалық еңбектің ғана емес, қаржылық қауіпсіздік саласына қосқан нақты үлесіміздің мойындалуы деп білемін. «AI – күдікті қаржылық операцияларды талдау және алдын алу» атты жобамызды әзірлеу барысында біз машиналық оқытудың заманауи әдістерін қолданып, алаяқтық әрекеттерді ерте кезеңде анықтай алатын интеллектуалды жүйе құруға тырыстық. Қаржы секторындағы тәуекелдерді азайту, цифрлық транзакциялардың қауіпсіздігін күшейту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы тұрғыдан алғанда, біздің шешімнің практикалық маңызы жоғары деп ойлаймын.

Жеңімпаз атанғанымыз – үлкен мотивация әрі зор қуаныш. Облыс намысын қорғап, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің білімін, әлеуетін көрсете алғанымызға мақтанамыз, – дейді жеңімпаз студенттер.

Байқау нәтижесінде жамбылдық студенттер Қазақстанның жетекші қаржы институттарының бірі – «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамында ақылы тағылымдамадан өту және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Бұл мүмкіндік қос жігіттің – кәсіби тұрғыдан өсуіне ашылған жаңа жол. Бұл жеңіс студенттерді одан әрі дамуға, білімін тереңдетуге жігерлендіретіні анық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар