Байқауды Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитеті мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Ашылу салтанатында жобаның авторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Өнер мен шығармашылық бәсекесіне облысымыздан 6 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде 1 оқушы жеңімпаз атанса, 3 оқушы ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді. Атап айтқанда, Талас ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 11-сынып оқушысы Әсемай Сейдакбарова «Айтыс» аталымы бойынша жеңімпаз атанса, Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Наурызбай Мұрат «Көркемсөз оқу», Т.Рысқұлов ауданындағы М.Горький атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әлинұр Бейсенбай «Эссе жазу», Жамбыл ауданындағы Төле би атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Абзал Әли «Ұлттық аспапта өнер көрсету» аталымдары бойынша ІІІ орынға табан тіреді. Таластық Жансая Тоқбай мен тараздық Диас Айдаралы да аянып қалған жоқ. Осылайша Жамбыл облысының құрамасы командалық есепте жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Айта кетерлігі, Әсемайдың жеңісіне айтыстағы ұстазы, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалының қосқан үлесі қомақты. Сонымен қатар осы жетістіктерге жету жолында таластық Гүлбану Сейітова, құландық Толқын Бәйтікова, Мәулен Тобықов секілді ұстаздардың да көп тер төккенін айтпай кетуге болмайды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Майра Есеналиева басқаратын «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ата-аналар мен ұстаздар үлкен құрметпен қарсы алды. Көпшілік алдында сөйлеген Әсемай Сейдакбарова: «Ұстаздар сенімін ақтап, жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Байқаудың «Айтыс» аталымына Еркебұлан Қайназаров, Әсем Ережеқызы, Өміржан Көпбосынов секілді танымал айтыскерлер қазылық етті. Осындай айтыстың биігіне шыққан аға-әпкелердің оң бағасын алғаныма қуандым. Айтыстағы жеке ұстазым, белгілі айтыскер, өнер жанашыры Есет Досалы ағайға да алғысым шексіз», – деді.
Жас дарындардың жеңісті жолы жалғаса бергей!
Мұқағали БАЛТАБАЕВ