Кеше компанияның Тараз қалалық филиалы республикалық байқаудың «Интернет-журналистика саласындағы үздік жұмыс» аталымы бойынша жүлделі ІІ орынды иеленген «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі Эльмира Байназароваға марапатын табыстап, сый-құрмет көрсетті.
«Халық-Life» сақтандыру компаниясы осымен үшінші жыл қатарынан БАҚ өкілдері арасында түрлі байқаулар ұйымдастырып, сақтандыру мәдениетін қалыптастыруға күш салуда. Биылғы байқау да осы мақсатта ұйымдастырылып, журналистер өмірді сақтандырудың қоғамдағы рөлін, оның азаматтарға тигізер пайдасын кеңінен насихаттады. Қаламгерлер ұсынған материалдар өмірді сақтандырудың экономикалық әрі әлеуметтік маңызын түсіндіріп, көпшіліктің назарын осы тақырыпқа аударуға мүмкіндік берді.
«Халық-Life» компаниясының Тараз қалалық филиалының директоры Лейла Зупинова журналистердің атқарған еңбегіне ризашылығын білдіріп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Байқауда жеңіске жеткен БАҚ өкілдеріне қолдау көрсетіп, олардың еңбегін лайықты бағалаған «Халық Life» компаниясы болашақта да сақтандыру мәдениетін дамыту жолындағы игі істерін жалғастыра бермек.
Айжан ӨЗБЕКОВА