Жамбыл облысы – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, көне дәстүрлерді көркемдете түлетіп отырған, бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігі. Өңірдегі аудан мен ауылдық округтер өзіне тән ерекшеліктерімен облыстың дамуына үлкен үлес қосуда. Киелі Тараздан өсіп өнген, түлеп шыққан азаматтар қай салада болсын үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, елдің абыройын асқақтатып жүргені барша жұртқа мәлім. Баукеңнің батырлығы, Шерхан Мұртазаның шыншылдығы, Илья Жақановтың әуезді әндері мен зерттеу еңбектері, Жақсылық Үшкемпіровтің тұңғыш Олимпиада жеңімпазы болуы жас ұрпақ үшін мәңгілік үлгі-өнеге болатыны анық. Араға 44 жыл салып Жақсылықтың ізін басқан Елдос Сметов дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды. Дүниежүзінің назарын Қазақстанға аударды.
Бүгінде Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түсіп, тұрғындардың тұрмысын тіктеуде көптеген игі істер атқарылуда. Өңір сәулетін арттыруға өзіндік үлес қосатын мемориалдық кешендер мен орталықтар Тараз шаһарының шырайын ашып тұр. Облысымыз жылдан-жылға көшін ілгері тартып, даму деңгейін жоғарылатуға барынша күш салуда.
Жалпы облыс өнеркәсіпте де, ауылшаруашылығында да үлкен әлеуетке ие өңірлердің бірі. Сондай-ақ экономиканың барлық саласы бойынша жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Мемлекет саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымағы. Қазіргі азат ұрпақ тәуелсіздіктің қадір қасиетін ұғынып, елдің бірлігін сақтап, еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет қайраткері, ғалым,
филология ғылымдарының докторы