Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қара сиыр және диплом

Қара сиыр және диплом
Ашық Дереккөз
Диплом алатын сәт жақындады. Әке-шешем қорадағы жалғыз сиырын сатып, маған ең әдемі көйлек алып берді. «Қалған ақшадан жолкіре бере кет, диплом алған қуанышыңды көруге барып қайтайық» деген әкемнің сөзіне «Ой, сіздер қайтесіздер? Келмей-ақ қойыңыздар» деп ауылдан асығыс аттанып кеттім.

Асай-мүсейіме ақша жеткізгеніммен қалтамда көк тиын қалмады. Жаяумын. «Күндіз жаяу жетермін, түнде қалай қайтамын» деймін өз-өзіме жолдың ұзақтығын ойлап.

– Енді мың теңге болса, таксиге төлеп, шашымды да сәндетіп алар едім. Ал сендерге екі балмұздақ әперер едім, – дедім қасымдағы төменгі курста оқитын екі қызға.

Сөйлесіп келе жатқан қыздар үндемей қалды. Аузымды жиып болғаным сол еді, лезде «үф» еткен самалмен ұшып жеткен мың теңгелік етегіме жабысып қалды. Қорқып кеттім. «Біреу әдейі істеп тұр ма?» деп жан-жағыма қарадым. Екі қыздың қуанышында шек жоқ, сықылықтай күлді.

– Ал, ал деймін! Саған арнайы ұшып жетті ғой, бол енді, қазір айырылып қаласың, – деді екеуі қосарлана.

Мен саусақтарым дір-дір етіп, өзімнің есім кетті. Ақшаны алған соң тілеулес құрбыларыма екі балмұздақ алып беріп, көлікке мініп кеттім.

Бітіруші ондықтың есімі кезекпен аталып жатыр. Диплом ұсынғаннан жан-жақтан туған-туыстары тұра жүгіріп, сыңғырлаған күлкі мен түлектің гүлмен көмкерілген жүзі, сөз жоқ, жаныңды нұрға бөлейді. Әне-міне менің де атым аталмақ. Жүрегім алабұртып, көңілім құлазып, жылауға шақ тұрмын. Үстімдегі көйлегімді, су жаңа қымбат топлиымды, жылтыр сырға мен асай-мүсейімді алмағанда анам мен әкем де жалғыз қызының қуанышына келетін еді-ау...

Өз ойыммен арпалысып тұрғанда атым да аталды. Сахнаға барғым жоқ. «Сіздер келмей-ақ қойыңыздар» деп ақшаларын сыпырып алып кеткенімнің үлкен қателік екенін енді түсіндім. Атым екінші рет аталғанда қасымдағы бір топта оқыған қыздар «Бар, бар» деп қаумалап, жеңімнен тартып, алға сүйрей жөнелді. 

Әне, Жандостың ата-анасы қасында. Дананы да әпкелері құшағына алып еркелетіп тұр. Сәбиттің де...

Тұңғиық ойға батып, іштей топта бірге оқыған ұл-қыздардың мерейлі сәтті қалай бастан өткергенін саралап келемін. Олар диплом алған сәтте туған-туыстары қаумалап, гүл беріп, құшағына алып, арқасынан қағып жатыр. Мен ғана жалғыз екенмін. Жалғыздан-жалғыз сопиып тұратынымды ойлап келемін.

Аяңдап басып, сахнаға беттедім. Көптің ішінде бір түйір жақынымның жоқтығы жаныма батып барады. Кенет «Құралай!» деген дауысқа жалт бұрылдым. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Әкем екен. Ебіл-дебілі шығып маған жүгіріп келеді. Қойнына сүңгіп кеттім. Осы бір дүрс-дүрс соққан жүректен артық ешкімнің жоқтығын жан-тәніммен түсіндім. «Алатауым менің» деймін іштей.

«Мен ең қымбат көйлек киюім керек. Қайдан тапсаңыз да тауып беруге тиіссіз!» деп жалғыз сиырын сатқызып, жазғырғаным есіме түсіп, тамағыма тас тығылды. Біз құшақтасып тұрып қалыппыз. Сахнадан менің атым тағы аталғанда әкем менің жанарыма қарап: «Бара ғой», – деді даусы дір дір етіп.

Бір құшақ гүлін де ұмытпапты. Мені тез жіберіп, өзі бұрылып кетті. Соңынан қарап тағы біраз тұрып қалдым. Екі иығы селкілдеп жылап бара жатты. Мен сонда сатып ала алмайтын және ешқашан қайталанбас ең қымбат сәттің куәсі болып тұрғанымды ұқтым.

Сол сәтте «Әке, мен сізді жақсы көремін!» деп айғай салғым келді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар