Көңіл дүрбісімен студенттік жылдардың естеліктеріне көз жүгіртсем, ең алдымен есіме басымыздан өткен қызықты оқиғалар түседі.
... Ауылдан келіп, қалаға, студенттік өмірге әлі үйренісе алмай жүрген кезіміз. Группалас қыз-жігіттер де тонның ішкі бауындай араласып кете қоймағанбыз. Сабақ беретін ұстаздарымызды да толық танымаймыз. Бір күні аудиторияға терең ойлы, өткір көзді, кең иықты бір кісі кіріп келді. Заттарын үстеліне жайғастырып, өзін таныстыра бастады.
– Есімім – Бекежан, тегім – Бадаев, әкемнің аты – Махамбеткерім. Сіздерге «Жоғары математика» пәнінен сабақ беремін, – деп орындығына жайғасып, көздері алақ-жұлақ етіп үрпейіп отырған студенттерді бір шолып шықты.
Кинода ғана болмаса, сол кездерде ел ішінде Төлеген, Бекежан, Қыз Жібек деген есімдер өте сирек кездесетін. Балалығымыз ғой, ұстазымыздың есімі Бекежан екенін естігенде бір-екі студент шыдай алмай мырс етіп күліп жібердік.
Сонда ұстазымыз қабағын шытып:
– Күлмеңдер, әлі күлкілеріңді тыя алмай қаласыңдар, – деді қатқылдау үнмен.
Бір сәтте жым болдық.
Айтқанындай болды. «Экономика және өндірісті басқару» факультетінде бас аяғы 19 студент оқыдық. Бәрі мектепті үздік бітіріп келген. Арасында осалы жоқ. Содан кейін де «Жоғары математикасын» да, басқасын да шемішкеше шағарымызға нық сенімдіміз. Бірақ біз ойлағандай болмады.
Бір семестрдің өзінде 4 аттестациялық кезең болатын. Алғашқы семестрдің бірінші аттестациялық кезеңінде 19 студенттің бәрі «Жоғары математика» пәнінен 2 алдық. Екінші аттестациялық кезеңді де 2-мен аяқтадық. Үшінші, төртінші кезеңде ілініп-салынып 3-4 алып, емтиханда өлдім-талдым дегенде 4 алғанбыз. Сөйтіп, «Жоғары математикадан» бес былай тұрсын, үш алсақ үш күн ұйықтай алмай, төрт алсақ төбеміз көкке жеткендей қуанатын жағдайға жеттік.
Бірақ ұстазымыз бізге ерегіскен жоқ. Талапшыл болғаны соншалық, қарқынына ілесе алмадық.
Бекежан ұстазымызға байланысты тағы бір есімде қалған естелік, тақтаға сабақ жазып тұрады да қолын аспанға көтеріп, аудиторияның арт жағына ұзақ қарап тұрып қалатын. Алғашында түсінбейтінбіз. «Аудиторияның артқы жағындағы қабырғада формула жазылып тұр ма?» деген оймен ұстазымызбен бірге біз де артқа қараймыз. Кейін білдік қой, Бекежан ұстазымыздың сабақ өту мәнері солай екен. Бәлкім, солай шабыт алатын шығар. Бірақ неге олай істейтінін сол күйі білмей кеттік.
Студенттік жылдарда Қаратау қаласындағы жездем мен әпкемнің қолында тұрып оқыдым. Біздің үй мен оқу корпусының арасы таяқ тастам жер. Университетке 5-ақ минутта баруға болады. Дегенмен үйіміз сондай жақын тұрса да сабаққа көп кешігіп баратынмын. Кешігіп барып, ұстаздарымның алдында талай рет өтірік айтқан кезім болды.
Бірде алғашқы парға кезекті рет кешігіп бардым. Сабақты енді бастап жатқан ұстазымыз көзінің астымен жақтырмай қарап:
– Ерұлан, неге кешіге бересің? – деді.
Жауабым дайын.
– Үйім алыс еді, сондықтан кешігіп қалып жүрмін. Енді қайталанбайды, – дедім шімірікпестен.
Сонда миығынан күлген ұстазымыз:
– Ерұлан, бұдан былай кешікпе. Үйіңнің алыс емес екенін жақсы білемін. Дауыс жетер жерде тұрып сен кешіксең, басқалар не істейді? – дегенде не айтарымды білмей, ұяттан бетімнің оты шықты.
Өтірігім ашылған осы оқиғадан кейін сабаққа кешікпеуге тырысатын болдым.
Осылайша студенттік жылдардың қызығы мен қиындығын қатар көріп жүріп, ұстаздарымыздың арқасында оқу орнын ойдағыдай аяқтадық. Бүгінде бірге оқыған қыз жігіттердің барлығы сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарымыздың сенімін ақтап, қоғамнан өз орнын тауып, сан салада жемісті еңбек етуде.
Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
облыстық
мәслихаттың
депутаты,
облыстық оқу-ағарту,
ғылым және жоғары
білім қызметкерлері
кәсіподағының төрағасы