Жастық шақтың тіршілігі қыз-қыз қайнаған алтын ұя алыстан манаурап менмұндалады. Сондай ыстық. Осыдан тура 20 жыл бұрын жылы ұяма айналған құтты мекен дәл баяғыдай қасқайып қарсы алды. Әр терезенің түбінен өткен сайын кеудемді кешеге деген сартап сағыныш кернеді. Төрт жыл бойы мекен еткен қайран алтын ордамның әр терезесі мен әрбір есігі есімде.
Сыртта тұрып, айқара ашылған есікке көз жүгірттім. Іштен шыққан бұрымды қыз сонау екі мыңыншы жылы осы жатақхананың екінші қабатында тұрған Әсел ғой. Жүрісі, артына бұрылып қарағаны... Ал оның артынан ілескен құрбысы үшінші қабаттағы Шынар дерсің! Шаш үлгісі, киімі, аузын басып күлгені. Әне, Қайрат пен Абзал вахтер апайдан тығылып шылым шегіп тұр. Ал келесі шыққан аласа бойлы қыз менің өзім сияқты... Иә, әрбір бозбала мен бойжеткен соңынан біздің жастық шағымызды ілестіріп бара жатқандай әсер етті.
Сол сәт жиырма жылымды артқа шегергендей күй кештім. Сол жылдары бұрымын иіскетпеген, қолынан ұстатпаған балауса қыздар бүгінде қырықты еңсеріп, дәл қазір осындағы жасөспірімдердің ата-анасына айналған. Есейсек те студенттік жылдардың қаймағы бұзылмаған тәтті кезеңін асқан сағынышпен, қимастықпен еске аламыз.
Ішке кіргенде де ешнәрсе өзгермегенінің куәсі болдым. Есіктің оң жағында вахтер апай отыр. Жиырма жыл бұрынғыдай құжат өткізіп, бәрін тәптіштеп түсіндіріп барып ішке кірдім. Мені «Журналистика» факультетінің 2-курс студенті Дариға Асқар күлімдеп күтіп алды.
Бірінші қабаттағы дәліздің сол жағында үлкен теледидар, оған қарама-қарсы орындықтар тұрады. Мұнда студенттер түрлі сериал, жастарға арналған бағдарлама, қызықты фильм тамашалайтын. Әлі де сол баяғы қалпы. Ештеңе өзгермепті. Тек қазір теледидар жетімсіреп қалғандай. Оған себеп – әрбір жастың қолында өзінің кішігірім «теледидары», яғни смартфоны бар.
Бес қабатты жатақхананың әр қабатында отызға жуық бөлме бар. Әр бөлмеде үш студенттен жатады. Әр қабатта бір ас бөлмесі. Студенттердің тілімен айтқанда, «бытовка». Онда ас дайындалады. Осы сәт: «Жиырма жыл бұрынғы студенттердің тамағы тым тәтті болды ма, әйтеуір, жиі ұрланып тұрушы еді. Кейде ыстық тамақты қазанымен бірге жымқырып кететіндер кездесетін», – дегенімде пысық сары қыз жалт қарап, бір күліп алды да: «Бізде де солай тамақ ұрланып тұрады. Әсіресе еттен ет қоймайды. Бірақ қазір камера орнатылғалы бері рақат болды. Тек заттарымызды шатастырып алатынымыз болмаса, ұрлық атаулы тыйылды», – деді.
Дариға мен Мадина төртінші қабатта тұрады екен. Бөлме іші мұнтаздай таза. Ортадағы кілем, төсектердің орналасуы да өзгермепті. Тек жаңарған. Қыздар шай қойып, қонақжайлылық танытып, мәре сәре болып жатыр. Мен асығыс екенімді айттым.
– Бірінші курста бес қыз бірігіп, пәтер жалдап тұрдық. Алайда студентке пәтер жалдап тұру қиынға соғатынына көзім жетті. Сөйтіп, екінші курста жатақханаға ауысып келдім. Жылына 60 мың теңге төлейміз. Бір бөлмеде үш адамнан жатады. Сағат түнгі 22:00-ден кейін жатақханадан шығуға және кіруге тыйым салынған. Спорттық жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Одан бөлек тренингтер мен семинарлар, түрлі жиындар ұйымдастырылады. Әр қабаттың тәртіпті қадағалайтын өз старостасы болады. Қандай да бір кішігірім мәселе туындаса, өзара шешуге көмектеседі. Қыздар мен ұлдар бірге гитара тартып, ән айтып, кештерін көңілді өткізеді. Бірақ біздің бөлменің қыздарының сабақтан бас көтеруге қолы тимейді. Менің ата-анам Астана қаласында тұрады. Онда баруға жылына бір-ақ рет мүмкіндігім бар. Бірақ мейрамдарды, жаңажылдық демалысты Шуда тұратын туыстарымның үйінде өткіземін. Әр жатақхана тұрғынына осында тұратынын растайтын құжат беріледі. Маған жатақхана өмірі қатты ұнайды. Бәрі тәртіппен. Уақыты жеткенде ұйықтап, уақытылы ішке кіріп, тәртіпке бағынсаң, студентке бұдан жайлы әрі арзан орын табылмас. Оның үстіне мұнда бәрі бақылауда болғандықтан тып-тыныш, жанға жайлы. Әсіресе қасыңда тұратындарды туғаныңдай қатты жақсы көріп, бауыр басып кетесің. Университет бітіріп, диплом алған соң жатақханадан ұзайтын сәтте қиындау болатын сияқты. Қазірдің өзінде ойласам, бойымды біртүрлі қимастық сезім билейді, – деді Дариға.
Иә, мен де жастық шағымның төрт жылын арнаған жылы ұямды қимай шығып бара жаттым. Есіктің аузында көзілдірігінің астымен кірген шыққандарды бақылап отырған анау вахтер апай, анау орындық, тіпті әр қабатта ілінген айнаға дейін өткен күннің белгісіндей болып қалып бара жатты.
Таныс аймақ, таныс маң. Ештеңе өзгермеген сияқты. Тек уақыттың уысында тұрғандар ғана ауысыпты...
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ