Терме – оқиғаға өзгеше өрнек қосып, жыр немесе дастан түрінде көркем жеткізілетін өлең түрі. Абайша айтқанда, сөз айналасы жұп-жұмыр, тегіс келіп, көңілге қонымды болуы қаншалықты маңызды болса, домбырамен орындалу шеберлігі де айрықша рөл атқарады. Ата-бабаларымыз ел мен жер дауын бейбіт жолмен шешу, жетімнің жай-күйін жеткізу, ұрпаққа өсиет қалдыру бағытында терме жанрына баса мән берген. Еліміздің әр өңірінің өзіндік мақамы мен ерекше сарыны бар сазды әуендері қалыптасқан. Батыс өңірінде Сыпыра, Сүгір, Абыл, Нұрым, Қашаған, тағы да басқа бірнеше жыраудың жыр-термелері сақталып, күні бүгінге дейін айтылып жүр. Қызылорда өңірінде Нұртуған жыраудың жыр мектебі қалыптасып, бір ауылдан жүз жырау шыққан деген деректер де жалған емес. Ал Жамбыл өңірінде Жетісу мектебі жоғары дәрежеге көтеріліп, Кенен мен Аяздардың жыр-термелері ел жүрегінен орын алған.
«Ат болатын құлынды,
Желі басынан танисың,
Адам болар ұлыңды,
Жолдасынан танисың.
Батыр болар балаңды,
Тұлғасынан танисың.
Жақсы болар балаңды,
Ел қасынан танисың», – деп жалғасып кете беретін Кенен Әзірбаевтың «Танисың» атты термесі тыңдарманның жүрегінен орын алып, әлі күнге дейін киелі сахнамызда орындалып жүр.
Аяз Бетбаевтың «Қадірлейік достарды», «Кененге», «Үйлену туралы толғау», «Жастар туралы» термелерінде достықтың баға жетпес құндылығы, ұстазға деген құрмет, жастықтың жауһар кезеңдері жырға қосылған.
Жамбыл мен Кененнің, Аяздың жыр-термелерінен бөлек, дәстүрлі әндері де ел ішінде күні бүгінге дейін қаймағы бұзылмай сақталып, жиын-тойларда шырқалып жүр. Алайда өңірімізден шыққан жыр дүлдүлдерінің терме-дастандарын жатқа айтатын, жадынан жыр құрастыратын термешілердің қатары сиреп, бұл бағытқа қызығушы жастар легі азайып келеді. Облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығының басшысы Ахметжан Өзбековтің айтуынша, өңірімізде текті өнерге қызығушылардың сиреуіне термешілер байқауының аз ұйымдастырылуы себеп болып отырған көрінеді.
– Бүгінгі таңда терме жанры уақыт көшіне ілесе алмай келе жатқан ұлы өнердің бірі. Әр өңірдің өз сазы болатыны белгілі. Жамбыл облысы Жетісу мақамына машықтанған. Жүз жасаған Жамбыл да, кешегі өткен Кенен мен өзіміз көзін көрген Аяз да қара сөзден қыл суыратын, Алатау мен Қаратаудың тұмса табиғатын өлеңге сыйдырып, халықтың мұң зарын мінбердегілерге жеткізген сөз майталмандары. Бұлардан бөлек Жетісу жерінен шыққан Бармақ ақын, Сарбас ақын мен Нысанбайлар да қазақ көркемсөзінің көсегесін көгерткені белгілі. Міне, осындай жыр деп туған жайсаңдардың ізін жалғар жастардың аздығы көңілге қаяу түсіреді. Жастарды жыр-термеге жақын етіп, қызығушылықтарын ояту үшін жанрды дамыту жақтарын жан-жақты қарастыру қажет. Мәселен, терме жанрын мектеп оқушыларына жастай үйретіп, оқулық етіп енгізбесе де үйірме ретінде бекітер болса, ұлы өнеріміз алға жылжитын еді. Одан бөлек осы бағытта жиі байқаулар ұйымдастырып, өңірімізден шыққан жыраулар мен термешілердің жыр жинақтарын шығарып, ел ішінде сұраныс туғызатындай жарнамасын жасауымыз керек. Облыстық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығының ашылғанына 7 айдан енді асты. Соған қарамастан орталық ішінен айтыс және терме үйірмелерін ашып, оқушыларды жинап жатырмыз. Орталыққа облыс бойынша кәсіби болмаса да қара домбырамен бірауыз терме айта алатын елуден аса азамат тіркелген, – дейді Ахметжан Өзбеков.
Терме үйірмесінің ашылуы жастардың ұлы өнерге деген көзқарасын қалыптастыратыны анық. Сондықтан Ахметжан Өзбековтің ұсынысы қолдауға тұрарлық.
Ал Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің оқытушысы Ернар Орынбасар білім ордасында талантты жастардың бала бүркіттей бапталып жатқанын, болашақта олардың ұлы өнердің көшін алға сүйрейтініне сеніммен қарайтынын жеткізді.
– Білім ошағында дәстүрлі ән үйірмесінің ашылғанына бес-алты жылдың жүзі болып қалды. Осы үйірмеден білім алып, оқуын аяқтаған студенттер облысымыздағы музыкалық мектептерде сабақ беріп, оқушыларға бар білгенін үйретуде. Менің қызметке келгеніме бір жыл болды. Қазір дәстүрлі ән үйірмесі ішінен терме бағытында сабақ беріп, студенттерге өңірден шыққан жыраулардың жырларын жаттатқызып, дәріс беріп жатырмын. Сол жастардың арасынан облысымыздың абыройын асқақтататын кәсіби термешілердің шығатынына сенеміз, – дейді колледж оқытушысы Ернар Орынбасар.
«Тамшы да тама-тама теңіз болады» демекші, шағын жоспарлар үлкен мақсаттарға жетелейтіні анық. Терме жанрының әлеуетін жоғарылату үшін жан-жақты жоспарлы жүйе қалыптастырып, тек мектеп емес, мәдениет ошақтарына да терме үйірмесін енгізу оңтайлы шешімнің бірі. Жетісу мектебін қайта жандандырып, Кенен мен Аяздың мақам-саздарын көпшілікке таныстыруымыз қажет. Осы бағытта Жамбыл мен Кененнің жолын жалғап, Аяз Бетпаевтан бата алып, тікелей шәкірті атанған, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев та өз пікірін білдірді.
– Елімізде жыршылық дәстүр мен термешілік бағыттың алғы шебінде тұрған Маңғыстау мектебі екені белгілі. Себебі батыс өңірінде термеге деген сұраныс жоғары. Шынында, жер жаннаты атанған Жетісу өңірінде термешілердің азаюы жылдан-жылға көрініс табуда. Мұның басты себебі – жыр-дастан мен терме өнеріне сұраныстың төмендігі. Бала кезімізде термешілер байқауы жиі ұйымдастырылып, жыр айтушылардың арасында үлкен бәсеке жүретін. Термеге 10 жасымнан қызығып, түрлі жарыстарда жүлдегер болдым. 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың мерейтойында халықаралық терме байқауы ұйымдастырылып, Кенен атамыздың «Кенебай мен Кербез сұлу» дастанын орындап, лауреат атандым. Айтайын деген ойым – термеге баланы жастайынан әуес қылып, бабалар сөзін бойына сіңдіру қажет. Ол үшін түрлі республикалық, облыстық, аудандық термешілер байқауын жиі ұйымдастыру керек. Бала оқығанын емес, көргені мен естігенін істейтіні анық. Сол себепті термешілер байқауына баса назар аударса, жастардың қызығушылығы да артады деген ойдамын, – дейді Бейбіт Сейтімбетұлы.
Расында, соңғы жылдары терме байқауларының сахнадан тыс қалғаны белгілі. Бұған дейін облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен терме байқаулары өткізіліп тұратын. Соңғы рет 2021 жылдың қазан айында өткені есімізде.
Терме – тіл тазалығы мен ой ұшқырлығын дамытатын өнер. Сондықтан ұлы өнерімізді өлтірмей, дамытуға күш салуымыз қажет. Жоғарыда айтылған ұсыныстар ескеріліп, алдағы жылдары қолға алынып, орындалады деп сенейік.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ