Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Бір мақсатты алдымызға бек тұтып...

«Бір мақсатты алдымызға бек тұтып...
Ашық Дереккөз
Облыстық «AR-AI» жастар газеті дегенде студенттік жылдарым ойға оралады. Осы басылым біздің рухани серігімізге айналды.

Ара-тұра көз көрген құрбылардың суреттері, өлеңдері, тіпті шағын мақалалары да шығып тұрды. Әсіресе Алтынбек Қартабай түсірген қыздардың суреті мен түйіндемесі шығатын артқы бетін ерекше күтетін едік. Өйткені онда өз замандастарымыз жайындағы ақпарат түрлі-түсті бояумен көмкеріліп жарияланатын. Ол 2008-2009 жылдар еді. Таныстарымызды көрсек, сүйіншілеп газетті ала жүгіретінбіз. Группаластар ішінде газет маған бірінші болып жететін. Өйткені мен пошта бөлімшесінің қасында тұрдым да, шығатын күні бірінші болып газетті алып кететінмін. «Білім нұры» мен «AR-AI»-ға өлеңіміз шығып қалар деген талпыныспен де жаза-жаза сөз саптауымызды түзедік. Әрине, ақын болып кеткеніміз жоқ. Алайда сол бір әдемі кездерді еске салып тұрар самалдай студенттік дәптеріміз қалды. Ондағы әр жазбаның өзіміз ғана білетін оқиғасы болды. Бұл да алдыңғы буыннан қалған жақсы әдет деп білемін. Бір өлке тарихында қалар деген үмітпен студенттік дәптердегі өлеңдерімді 12-13 жыл өткенде газет оқырмандарына ұсынғым келді.

Мен тілеген бақыт

Не тілейін, алтын гүлім, ақ гүлім,

Ақтар депсің жүрегімнің тілегін.

Қарап тұрып күлімдеген жүзіңе,

Бақытыңды әр күніңе тіледім.

 

Бірақ бақыт қандай болар, не дерсің,

Бақыт деген балғын шағың бірге ерсін.

Бақыт деген еш тоқтаусыз ұмтылыс,

Бақыт деген өмір үшін күресің.

 

Бақыт деген біз ұмытпас ғасыр ғой,

Бірде жылап, бірде күлген асыр той.

Бақыт деген сіз-бізіміз жарасқан,

Бал дәуренің – бара жатқан салып ой.

 

Бақыт деген қуанышы жақынның,

Шаттанасың бірге бөліп жарымын.

Бақыт деген таңды күліп қарсы алу,

Тату-тәтті бірге болу, бауырым!

 

Бақыт деген ризалығың Аллаға,

Шүкір етпей саулығыңа бола ма?!

Демін салып, сәуле берген кеудеме,

Сезім деген демеу менің жаныма.

 

Сен бақытты, сен бақытты адамсың,

Тіршіліктен таба білген панасын.

Қандай бақыт мына әлемді сезіну,

Қаламаймын өзге бақыт, жаңасын!

Біздің өмір енді ғана басталды...

– Есіңде ме?

– Есімде...

– Күздің қоңыр кешінде...

– Иә, иә...

Өңім бе, әлде түсім бе?

Сен түсесің қайта-қайта есіме...

 

Біз отырмыз саябақтың ішінде,

Кешкі әсем қарайласып мүсінге.

Көкжиекке күлгін сәуле жайылды,

Күннің ұяң бетін бізге түсіре.

 

Сол мезеттен махаббат та басталды,

Қиялдадық, армандадық аспанды.

Осы жолда тәуекел де басталды,

Ал тәуекел сыншы өмірге тасталды.

 

Мақсатымыз – бағындыру асқарды,

Айқын ұғу өмір салар астарды.

Келер күннің міндеті көп екеуге –

Біздің өмір енді ғана басталды...

 

Зәулім үйлер арасында келеміз,

Тынысына тіршіліктің енеміз.

Бір мақсатты алдымызға бек тұтып,

Ақ арманға жетелеген сенеміз.

 

Серуендеп қала ішін аралай,

Сан қиялға ойымызды береміз.

Жолымызды таңдап келдік саралай,

Бақыт үшін барлығын да жеңеміз!

* * *

Шақырады алыс жолдар, күтеді.

Шашылады шалыс ойлар кешегі.

Шарпып жатқан кеудемдегі бір арман,

Шынар болып жетелейді үнемі.

 

Шебер салған шиыр-шатпақ жетеді,

Шешім іздеп, қиял алға кетеді.

Шаршасақ та, шалдықсақ та бір үміт –

Шуақты күн, қымбатсың ғой себебі!

Күз

Қыс ызғары шалғандай ерте басын,

Күз аспаны сілкиді мөлдір жасын.

Жапырағы мұңайып тығылғандай,

Қара жердің құшақтап әрбір тасын.

 

Жапырағын тоңдырып таңғы қырау,

Қатқыл мұзы түсірді жанға қылау.

Жүзі сұлу, жанында жылуы жоқ,

Қара күз де мейірім сұрап тұр-ау.

 

Батар күннің ұясын аңдығандай,

Батыс жаққа шуағы шақырғандай.

Күннің нұрын іздеумен кетем бе екем,

Қиялымның жолымен жатқан шалғай?!.

Назым ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ,

Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар