– Арнат Бегдалыұлы, сұхбатымызды өзіңіз басқарып отырған басқарманың қызметінен бастасақ. Әлеуметтік жұмыс басқармасының негізгі міндеттеріне тоқталып өтсеңіз...
– Бүгінгі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде биыл ашылған Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетін қоса алғанда 13 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл тағы 3 300 жас талапкер біздің университетті таңдап, оқуға түсті.
Басқарманың басты мақсаты – факультеттерде әлеуметтік-тәрбие жұмысын басқару, ұйымдастыру және бақылау, тәрбие үрдісіне қазіргі заманғы әдістемелерді енгізе отырып, студенттер қозғалысын есепке алу. Сонымен қатар әлеуметтік-тәрбие жұмысы тұрғысынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен өзара тығыз байланыс орнату да басым бағыттардың бірі.
Мамандарымыз университет қызметкерлерімен, студенттермен әлеуметтік жұмыс саласындағы университеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін жоспарлауды, бақылауды үйлестіреді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттер мен университет қызметкерлерінің мәліметтер базасын қалыптастырады әрі жүргізуді қамтамасыз етеді. Жастардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, медициналық, педагогикалық, психологиялық, әлеуметтік және тұрмыстық қызметтерді қоса алғанда, қызмет көрсету ұйымдарымен байланыс орнатады.
Қызметкерлеріміз арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің нысандары мен әдістерін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге, студент жастардың діни сауаттылығын арттыруға ықпал ету және экстремизмнің алдын алу шараларын жүргізуге міндетті. Осындай талаптар қатарына салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене тәрбиесін дамытуға ықпал ету де кіреді. Сол секілді мамандарымыз еңбекті қорғау мен қауіпсіздік ережелерінің, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді. Суденттердің тұлғалық қалыптасуына бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуын қадағалап, студенттерді жатақханаға орналастыру және шығару бойынша жұмысты үйлестіреді.
Сонымен бірге басқарма тарапынан студенттердің университетпен келісімшартта бекітілген құқықтары мен міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады. Студенттерді факультеттік және жалпы университеттік іс-шараларға қатысуға тартамыз. Мүмкіндігі шектеулі, психологиялық дамуы тежелген студенттерді анықтап, инклюзивті түрде оқитын студенттерге әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетеміз. Ата-аналарға кеңес беру, университетте мүгедектігі бар студенттердің имиджін жақсартуға бағытталған іс шараларды ұйымдастыру да міндетімізге кіреді.
– Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ал сіз жетекшілік етіп отырған басқарма өрендердің тұлғалық қалыптасуына қалай ықпал етуде?
– Әлеуметтік жұмыс басқармасы негізінен 7 бағытта жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, жастар саясаты, азаматтық патриоттық тәрбие, рухани-адамгершілік тәрбие, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және құқықтық тәрбие, салауатты өмір салтын қалыптастыру және студенттердің шығармашылығын дамыту бойынша жұмыс істейміз.
Студенттердің білім алуымен қатар, азаматтық-патриоттық және құқықтық тәрбие беру, рухани-құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету ісі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы, М.Дулати атындағы Тараз университетінің 2020-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы, облыста мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы негізінде атқарылады. Сондай-ақ ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, студенттердің білімге деген құштарлығын арттыру, жеке қасиеттері мен коммуникативті мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын құру, интеллектуалдық мәдениетті арттыру бағыттары бойынша да көптеген іс-шара жүзеге асырылады.
– Жастар қозғалысы бағыттарының мақсаты қандай? Жалпы білім орнында неше студенттік ұйым бар?
– Бүгінгі таңда оқу орнында 7 студенттік деканат, 12 жастар клубы жұмыс істеп тұрса, одан бөлек факультеттерде клубтар ашылған. Сондай-ақ студенттік кеңестер, өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, жастардың қоғамдық қызметін жандандыру және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, студенттердің физиологиялық және рухани, интеллектуалды дамуына ықпал етуді көздейтін «DU UNION» студенттік парламенті жұмыс істейді. Сонымен қатар білімгерлердің шығармашылығын дамыту бойынша түрлі ұйымдар елеулі еңбек етуде.
Домбыра, би ұлттық үйірмелері, сән студиясы жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жетелейді. Ал «Сұңқар» спорт клубының жанындағы спорттық жетілдіру үйірмелері салауатты өмір салтын насихаттауда тиянақты жұмыс жүргізуде. Жастар ұйымдарының басты бөлігі волонтерлік қозғалыспен айналысады.
– Жастар саясатын тиімді жүргізуде қандай жаңашылдық бағытта жұмыс атқарылып жатыр? Әлеуметтік қолдау бар ма?
– Жастардың азаматтық, әлеуметтік, тұлғалық қалыптасуын және олардың әлеуметтік, инновациялық салада дамуына жағдай жасау басты міндетіміз болғандықтан осы бағытта еңбек етудеміз. Жастарды әлеуметтік тәжірибеге тарта отырып, ғылыми, шығармашылық жағынан камтамасыз ету және кәсіпкерлік саласындағы белсенділерге қолдау білдіріп отырамыз. Көшбасшылық дағдылары бар бастамашыл және талантты жастардың толық қалыптасуына ықпал етеміз.
Студенттің әлеуметтік жағдайына, жетістіктеріне байланысты әр санат бойынша жатақхана төлеміне, оқу ақысына және басқа да жеңілдік түрлері қарастырылған. Мәселен, былтырдан бастап «Алтын белгі» иегерлері 100 пайыз жеңілдікке ие. Ғылыми жобаларды жүзеге асыратын, өнерлі, шығармашыл жастарға қаржылық қолдау бар. Спорттық жарыстарға, ғылыми байқауларға, интеллектуалдық сайыстарға қатысатын білімгерлердің жол шығындары төленіп отырады. Өрендердің әлеуметтік жобаларын іске асыруына мүмкіндік бере отырып, ұйымдастыратын мәдени көпшілік іс-шараларға, марапаттарына да қолдау көрсетіледі. Бір айта кетерлігі, былтыр Алиман Әуезхан «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпазы атанып, мақтанышымызға айналды. Байқауға «Анти нарко Тік-Ток. Медиа арқылы синтетикалық есірткімен күрес» жобасымен қатысып, 3 миллион теңге қаржылай көлемде грант жеңіп алды. Алиман жоба аясында синтетикалық есірткілердің зиянын түрлі видеоконтент арқылы көрсетіп, мамандардың зерттеуін жастардың назарына ұсынады. Есірткі қолданғанның салдарын, зардабын айтып, осы тақырыпта түрлі интерактивті тест пен вебинарлар ұйымдастырады.
Сондай-ақ былтыр студенттеріміз «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық жобасы аясында жеті шағын гранттың жеңімпазы атанды. Мақтаныштарымыз спорт саласында да үздік жетістіктерге жетіп жүр. Париж Олимпиадасына қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен Айбек пен Нұрбек Оралбайдың университетіміздің түлегі екенін мақтанышпен айта аламыз.
Жалпы жастар саясатын іске асыруда көп сөзден гөрі нақты іске көшкен жөн. Осыған сәйкес жаңашылдыққа бет бұрып, әлеуметтік желідегі «ТікТок», «Instagram» парақшалары арқылы видеолар түсіріп, контент, түрлі жобаларды іске асырып жатырмыз. Сонымен қатар биыл студент жастарды жұмысқа алдық. Креативті ой да, жаңашыл ұсыныстар да жастардан туындайды. Сондықтан студенттерді жұмысқа тарта отырып, саяси сауаттылығын арттыра түсеміз. Одан бөлек университетімізде «Рухани металды нысана» орталығын ашу жоспарда бар. Қоғамда әртүрлі мәселе болғандықтан бүгінгі таңда психологтардың көмегіне жиі жүгінеміз. Қазір жастардың көбі психологиялық тұрғыдан осал. Аталған мәселенің алдын алу үшін осындай орталықтардың жұмысы аса қажет.
– Университет облыс әкімдігімен байланыс орнатып, бірлескен іс-шаралар өткізіп тұрады ма?
– Бірнеше жылдан бері облыс әкімдігі мен университет арасында жақсы қарым қатынас орнатылған. Соңғы 5-6 жылда өңірді басқарған облыс әкімдері оқу орнына жиі бас сұғып, студенттермен кездесулер ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ аймақ басшылары белсенді жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, іс-шараларға қатысып жүр. Облыс әкімдігімен бірлескен іс-шаралар еш уақытта үзілген емес. Биыл облыстың 85 жылдық мерейтойы кеңінен тойланып жатыр. Осыған орай республикалық деңгейде бірқатар ауқымды байқаулар, жарыстар, ғылыми конференциялар, концерттік бағдарламалар өткіземіз.
– Пәтер жалдау ақысы аспандап тұрған шақта жатақханадан орын тимесе, студенттердің көңілі алаң болатыны белгілі. Осы орайда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмысының жайын айтсаңыз.
– Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмысы мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі таңда екі жатақханамыз бар. Онда 776 білімгер орналастырылған. Барлық студенттердің сұраныстарын, қажеттіліктерін орындап отырмыз. Көптеген студентіміз Тараз қаласының жастары болғандықтан оларда пәтерге байланысты мәселе жоқ. Ал жатақханадағы өрендер төлемақыны айына 5-6 мың теңге көлемінде төлейді.
Студенттер жатақханаға орналасу үшін «Platonus» деректер базасында жеке логині мен паролі арқылы онлайн өтініш береді. Ал арнайы құрылған комиссия базаға тіркелген негіздемелер мен кезектілікті ескере келе, студентерге орын бөледі. Жатақханаға орналасу мәселесі бойынша біздің студенттер арасында қажеттілік пен қиындық туындаған емес. Әрине, жатақхананың өзіндік ішкі тәртібі, ережесі, дәстүрі болады. Әртүрлі қызықты кештер, кездесулер, ойындар өткізу арқылы жатақхана студенттері қызықты уақыт өткізуде.
– Студенттердің саяси, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «дөңгелек үстелдер» жастарға қалай әсер етеді?
– Ата-бабамыздан қанмен берілген игі қасиеттерді жастардың бойына сіңіре түсу бағытында іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осы бағытта қоғам белсенділерімен, саяси тұлғалармен, құқық қорғау органдары өкілдерімен, жазушылармен, ақындармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұдайы факультет, институт, университет көлемінде өткізіліп тұрады. Жастардың терең білім алуына, олардың тәрбиесіне мән беру маңызды мәселе. Жастардың патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін ояту үшін Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов сияқты батырларымыздың ерлігін жастарға үлгі ету жұмыстары жүргізіледі. Кураторлық сағаттар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ елімізді әлемге танытқан тұлғалардың өмірлік өнегесін үлгі ету мақсатында әртүрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Сондай-ақ қаржылық сауаттылық, интернет-алаяқтықтың алдын алу, лудомания, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жиі басқосулар өтіп тұрады.
– Сіздің ойыңызша, студенттің өмірі несімен қызық?
– Студенттік шақ – ешқашан қайта айналып келмейтін керемет кезең. Кімді көрсең де бәрі – дос, бәрі – бауыр. Күнде думан, күнде той, кейде аш, кейде тоқ боласың. Жатақхананың өзі өзгеше әлем. Барды-жоқты көресің. Осының бәрі – өмір мектебі. Барлық студенттерді мерекемен құттықтаймын. Алдағы өмірде тек сәттілік тілеймін. Әрқайсысы өз саласының білгірі болсын деп тілек айтамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ