Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өрге ұмтылған өрендер

Өрге ұмтылған өрендер
Ашық Дереккөз
«Мен жастарға сенемін» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзінен жігер алып, ел даңқын асқақтатып, көк туымызды көкте қалықтатып жүрген жастарымыз аз емес. «Жарыс жарыс болмайды, шындығында, Жамбылдың бір жүйрігі жүлде алмаса» деп айтыс ақындары жырға қосқандай, әлемдік ареналарда еліміздің абыройын асқақтатып жүрген дарынды жастардың арасында жерлестеріміздің көптігі көңіл қуантады. Халықаралық студенттер күніне орай білім және спорт бәсекелерінде жасындай жарқылдап, еліміздің, облысымыздың мақтанышына айналған студент жастардың бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік.

Жалпы Әулиеата өңірі спорт саңлақтарын дайындауда еліміздің ұстаханасына айналғаны баршаға мәлім. Қай спорт түрінен болсын жерлестеріміздің абыройы асқақ, беделі биік. Әсіресе түрлі байрақты бәсекелерде көк туымызды желбіретіп жүрген Жамбыл бокс мектебінің түлектерін қалай мақтасақ та жарасады. Бәрінен де Болат Жұмаділов, Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев секілді қазақ боксының тарихында есімдерін алтын әріппен жазған даңқты жерлестеріміздің ізін басып талантты жастардың өсіп келе жатқаны көңілімізді марқайтады. Сондай талантты жастың бірі – Асылхан Көшербай.

Асылхан Қадырханұлы 2006 жылы мамыр айында Тараз қаласында дүниеге келген. «Жамбыл бокс клубының» спортшысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Денешынықтыру және спорт» кафедрасының 2-курс студенті. Асылхан бокспен 3-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап айналысып, бүгінге дейін жарқын жетістіктерге қол жеткізген.

Асылхан Көшербай жақында АҚШ-тағы Колорадо штатының Денвер қаласында өткен бокстан World Boxing U19 әлем чемпионатында 65 келі салмақта жұдырықтасып, күміс жүлдегер атанды. Жас спортшының бұған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, Ресейдің Чита қаласында өткен әлемдік додада қола жүлдеге қол жеткізсе, Түркістан облысында өткен Бекзат Саттархановты еске алу турнирінде алтыннан алқа тағынды. Әрі «Турнирдің үздік боксшысы» атанды.

Облысымызда каратэден де шартарапты шарлап, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар бар. Мәселен, Биғабыл Жоламан Қытайдың Ханчжоу қаласында WKF каратэден ересектер арасында өткен Азия чемпионатында алтын жүлдеге ие болып, әлемдік аренада Әнұранымызды әуелетті. Аспанасты елінде өткен додаға 30 елден 300 спортшы қатысқан болатын. Биғабыл 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді.

Биғабыл Жоламан 2003 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Спортпен айналысып жүргеніне 12 жыл болған. Каратэден жастар арасында 2 дүркін Азия чемпионы, 3 дүркін Қазақстан чемпионы және БАӘ-де, Испанияда, Хорватияда, Италияда өткен халықаралык рейтингтік турнирлердің жеңімпазы атанған.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Денешынықтыру және спорт» кафедрасының 3-курс студенті Асқар Сапарғалиев те толағай табыстарға қол жеткізіп жүрген талантты жастардың бірі. Каратэ-доны серік еткен спортшы жуырда Аустиряның Зальцбург қаласында өткен халықаралық рейтингтік турнирде ерлер арасында 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Сонымен қатар мақтанышымыз Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өткен жастар лигасының жеңімпазы. Сондай-ақ республикалық додаларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, 19 жасында «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына қол жеткізген.

Әрине, облысымыздан шыққан спорт майталмандарын айтып тауыса алмайсың. Олардың барлығы дерлік әлемдік деңгейде жетістікке жетіп, жаһанға Қазақстанның атын танытып жүр. Өңірде спортпен қатар басқа да салаларда үздік нәтиже көрсетіп жүрген жаңашыл жастар өсіп келеді. Олар ғылыми зерттеулер жасап, жаңа жобаларды жүзеге асырып, еліміздің дамуына өз үлесін қосуда. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Технология» факультетінің 4-курс студенті Жанель Тұрым Ташкент қаласында өткен «UZ СHARM-Style 2023» халықаралық байқауында «Аксессуарлар мен сөмкелер» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Бұдан бөлек Жанельдің халықаралық конференцияларға қатысқаны үшін алған көптеген дипломы мен сертификаты бар.

Аталған жоғары оқу орнының Адиля есімді студенті де ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, әлемдік жарыстардан орын алып жүр. Адиля Саитбаева – «American leadership experience» бағдарламасының түлегі. Облыс әкімдігінің шаруашылық келісімшарттық ғылыми зерттеу жұмыстарын орындауға белсене араласып, еңбекқорлығымен көзге түскен. Сонымен қатар «Жамбыл облысындағы этноконфессиялық жағдайды зерделеу жөніндегі қызметті ұйымдастыру», «Жамбыл облысындағы тілдік ахуалды талдау» тақырыбында мемлекеттік бюджеттік ғылыми зерттеу жұмыстарын орындауға қатысқан. «Esiluniversity» базасында өткен ҚР барлық жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынаған СҒЗЖ республикалық конкурсының қорытындысымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің III дәрежелі дипломына ие болған.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті Диас Жаңабаев та жас дарындардың бірі. Ол халықаралық «Erasmus» жобасына қатысып, республикалық «Әрекет-2023» жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған стартап-жобалар конкурсында 100 000 теңге көлемінде грант иегері атанған. Сонымен қатар «EnactusKazakhstan» ұлттық байқауына қатысып, 500 000 теңге көлемінде грант сертификатын жеңіп алған. Былтыр Алматы қаласында өткен «EnactusKazakhstan» ұлттық форумына қатысып, ел игілігіне жарамды ілкімді істердің жобаларына атсалысып жүр.

Облыс абыройын асқақтатып, көк байрағымызды желбіретіп жүрген жас өрендер қашанда құрметке лайық. «Бұрынғының батыры қылыш ұстап, найза алар, Бүгінгінің ақыны қалам ұстап, пайда алар» деген сөз бекер айтылмағандай. Жаһандану жолына жарқын жетістік арқылы жету – жастардың қолында.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар