Дәурен Құттыбаев 1983 жылы Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-араб университетінің «Дінтану» факультетін тәмамдағаннан кейін 2006 жылы облыстық жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналасқан.
– 2006 жылы жастар ресурстық орталығында бос жұмыс орны бар екенін естідім. Сөйтіп, түйіндемемді қолыма алып, басшылықпен сөйлесуге бардым. Сол жылдары ішкі саясат басқармасының басшысы Масат Әшімұлы болатын. Басшының жеке қабылдауында болып, қызметке тағайындалдым. Алғашқы жылдары орталықта аға консультант болып, жастарға кеңес берумен айналыстым. Кейіннен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ұйымдастырылған көптеген іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалыстым. Жастар орталығындағы еңбек жолым 2014 жылға дейін жалғасты, – дейді Дәурен Нұржанұлы.
Сөйтіп, Д.Құттыбаев 2014 жылы имамдық қызметке ауысты. Атырау облысының Мақат ауданында бірнеше жыл бойы бас имам болып қызмет атқарып, кейін туған жері Әулиеата өңіріне оралды.
– Жастар ресурстық орталығында еңбек етіп жүргенімде облысымыздың бас имамынан бірнеше мәрте ұсыныс түскен болатын. Бірақ түрлі себептермен үлкен жауапкершілікті талап ететін имамдық қызметке барудың ыңғайы болмады. Кейін Атырау облысының бас имамы әрі университетте сабақ берген ұстазым ұсыныс жасап, қабыл алдым. Сөйтіп, Атырау облысына қарасты Мақат ауданының бас имамы қызметіне тағайындалдым. Аталған ауданда имамдық қызметті 5 жыл атқарып, 2019 жылы туған жерге табан тіредім. Сол жылы Қордай ауданының бас имамы болып тағайындалдым. Қордайда 2 жыл еңбек етіп, 2021 жылы Тараз қаласындағы Әбдіқадыр мешітінің имамы болып қызметімді жалғастырдым. 2023 жылдан бері Жамбыл ауданының бас имамы болып жұмыс істеп жатырмын, – деген кейіпкеріміз имамдық қызмет барысында басынан өткен қызықты оқиғаларды айтып берді.
Жас имам уағыз кезінде жамағатқа сұрақ қойып, пікір алмасу әдісін қолданады. Алайда бір уағыз кезінде қойған сұрағына өзі жауап беруді ұмытып кеткен сәті болғанын еске алады.
– Бірде аға буын өкілдерінің алдында уағыз айтуым керек болды. Өзімнің ерекшелік деп бекітіп алған уағыз айту тәсілім – алдын ала сұрақ қойып, сол сұрақ бойынша жауап беру болатын. Бірде уағыз айтып отырып, жиналған жамағатқа: «Адамдар не үшін бет сипайды?» деп сұрақ қойдым. Адамдар әртүрлі нұсқаларын айтып, жауап беруге тырысты. Алайда толық жауап бере алмады. Сұраққа жауап айтып отырған адамдардың нұсқаларына тоқталамын деп, өзімнің қойған сұрағыма жауап беру есімнен шығып, басқа уағыз айтып кетіппін. Сонымен сұрағым есімнен шығып кетіп, уағызымды жалғастырып жатқанда бір үлкен кісі сөзімді бөліп: «Балам, сонымен бет сипауға бола ма, болмай ма?» дегенде сасып қалдым. Сонда ғана сұраққа жауап бермегенім есіме түсті. Кейін уағызымды аяқтап, далада үлкен кісілермен сөйлесіп тұрғанымызда бір кісі жанымызға келіп: «Бағанадан бері сөйлеп жатырсың, енді саған бата берейін десем, бет сипауға болмайды дедің», – деп бәрімізді күлдірген еді. Кейіннен ақсақалға толыққанды түсіндіріп, бет сипауға болатынын айтып бердім, – деп еске алды Дәурен Құттыбаев.
Дәурен Құттыбаевтың имамдық қызметте жүргеніне он жылға жуықтапты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Атырау және Жамбыл облыстарының бас имамдарының, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Ол жақында ғана Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының магистратурасын тәмамдап, рухани-діни білімін жетілдірді.
– Рухани азықсыз адамның бір дүниесі кем болары анық. Рухани тыныштық рухани қоғамның қалыптасуына алып келеді. Бүгінгі жастар технологияның даму үдерісінде рухани азықтан ажырап қалып жатыр. Көздері компьютер мониторынан, қолдары қалта телефонынан босамайды. Әлеуметтік желілердегі сан түрлі ойбұзар бейнелер мен суреттерді, өлімге жетелейтін ойындар мен адасушылыққа алып келетін түрлі ағымдардың үгіт насихатына құлақ түріп, көз тігіп жатыр. Сол себепті діни сауаттылықты адам бойына сіңіріп, өскелең жастарға толыққанды түсіндіруіміз керек. Ал жастар бар білімді мектеп қабырғасы мен университет ұстаздарынан алып, діни сауаттылықты мешіт имамдарынан үйренуі тиіс. Біз ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан айнымай, дін мен дәстүрді қатар ұстаған қоғамға айналуымыз қажет, – деп, Дәурен Нұржанұлы жастарға өз кеңесін берді.
Осылайша әрдайым қоғамға қызмет етуді басты мұрат еткен Дәурен Құттыбаев Жамбыл ауданында діни сауаттылықты арттыру жолында жемісті еңбек етіп келеді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ