Трендтің бәрі тәтті, брендтің бәрі бағалы ма?
- author AR-AY
- 13 қараша, 2024
- 53
Бұл ретте әлеуметтік желі атты дөңгеленген дүниені ұршықша иіріп, амалын тауып, тапқырлығын танытып, айласын асырғандардың бағы жануда. Мұндағы басты мәселе – өз аудиториясына әлденені жеткізушінің харизмасы мен әсері қатар үйлесім тапса, жетіп жатыр.
Әлеуметтік желіде әлемге әйгілі, танымал инфлюенсер, яғни желі қолданушыларының жүрегіне жол тауып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отырғандар – MrBeast, Чарли Д'Амелио, Хаби Лейм, Нара Смит, Эмма Чемберлен, ағайынды Логан және Джейк Пол, Эддисон Рэй есімді блог жүргізушілер. Олардың бір жылда әлеуметтік желі арқылы 720 миллион АҚШ долларын табатыны туралы ақпарат бар.
Ал қазақстандық инфлюенсерлер сәби күнінен әлеуметтік желі жұлдызына айналған блогерлер Амина Малгаждар мен Рамина Алмас. Бүгінде Аминаның оқырманының саны – 1 миллион 300 мың болса, Рамина Алмастың оқырмандар саны – 1 миллион 600 мыңды құрайды. Сондай-ақ Айя Шалқар, Сабира Жарасқызы, Саятжан Мадиев, Димаш Әділет сынды әлеуметтік желіде топ жарған белсенді блогерлер де жетерлік.
ӘЛЕМДІ ЕЛЕҢ ЕТКІЗГЕН АРТЫҚШЫЛЫҚҚА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?
Үлкен мен кішіні қатар тамсандырар танымалдығы жарықтың жылдамдығымен жарыса жайылған тренд пен брендтің бірі – Дубай шоколады. Бұл шоколадтың ерекшелігі – ішіндегі жасыл салмасының қытырлауында. Аталған тәттіні британ-египет тегінен шыққан «Fix» кондитерлік үйінің негізін қалаушы Сара Хамуда есімді аспаз әрі кәсіпкер жасаған.
Сара Хамуда аяғы ауыр кезде ерекше бір дәмді сезініп, сол дәмді өз қолымен жасап шығару жолында барын салған. Оның идеясын іске асыруға әлеуметтік желіде танысқан досы, филиппиндік бас аспаз Нуэль Катис көмектескен. Екі аспаздың ойы іске асқаны соншалық, бұл дәм әлемді өзіне қаратты. Бай-бағландар дәл осы шоколадтың дәмін көру үшін арнайы Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып баратын көрінеді.
Қазіргі таңда Дубай шоколадының танымал болып кеткені сондай, Сара Хамуданың жұлдызы жанып тұр. Ол өзі танытқан шоколадтарды дайындап та үлгермейді екен. Бұл десерт 2024 жылдың ақпанында трендке айналған. Ал кәсіпкер Сара одан бері 10 адамды жұмысқа алыпты. Күніне 500-ден астам тапсырыс қабылдап, қазіргі таңда халықаралық нарыққа шығуды да ойластырып жүр екен.
Инфлюенсер, яғни шоколадтың танылуына, трендке айналуына бірден бір ықпал етуші Мария Вехера есімді блогер. Ол қысқа бейнежазба түсіріп, осы шоколадты тамсана жейді. Оның тәттіні ерекше әсермен жегені соншалық, өзгенің де сілекейін шұбыртып, тамсандырып қояды. Аз уақыт ішінде бұл бейнеролик 80 миллион қаралымға ие болып, айды аспаннан бір-ақ шығарған. Ал оны көрген адамдарға ұнағаны соншалық, кейбірі жаппай сол тәттіні сатып алуға ынтықса, енді бірі Дубай шоколадының қалай жасалатынын зерттеп, құрамында не бар екеніне қызығушылық танытып, оның жасалу жолын ынтыға іздестіре бастаған.
Біреу сатып алып, тағы бірі өз қолымен дайындаған тәттінің алғаш дәмін татып көрген сәттегі реакциясының бейнежазбасын желіге жүктеп әлек. Кейбіреулер оның дәмінің керемет екенін айтса, енді бірі бұл жай ғана ақшаны желге шашу екенін мәлімдеуде. Не болса да бейнежазбаны сыртынан бақылаушыларға бұл трендтің дәмін көру емес, оны желі қолданушыларына жеп көрсету қатты ұнаған сыңайлы.
– Маған Дубай шоколадын сыйға тартты. 50 грамы 1 400 теңгеге айналды. Мен жеген шоколад кондитердің жасау техникасына, шоколадтың жақсы түрін пайдаланғанына байланысты сәтті шыққан еді. Жүрекке тиетіндей қатты тәтті де емес, майлы да емес, өзіне тән дәмі бар. Дәмі негізінен шөп қосылған халваға өте ұқсас. Мүмкіндік болса, тағы да Дубай шоколадының екі данасын сатып алып жер едім, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Фариза Кенжебаева.
ТАРАЗДА ОНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?
Бүгінде ел ішінде «Fix» деген жазуы бар Дубай шоколадының күннен-күнге қалыбы өзгеріп, бірде жүрекше, енді бірде домалақ пішінге енген сан алуан түрі көбейді. Бірақ нағыз Дубай шоколады тек Біріккен Араб Әмірліктерінде ғана сатылатыны мәлім болды. Оған себеп, өзге елдерге жеткізу қызметі қарастырыла қоймаған.
Теңгемен есептесек, кәдуілгі танымал плитка түрі Таразда 25 мың теңгеден де, 29 мың 900 теңгеден де саудаланып жатқанын байқадық. Негізі Дубай шоколадының жасалу жолын біліп алған жандар қайталап жасап, сатып, қаражатқа қарық болып жатқан жайы бар.
Ол үшін 450 грамм қоңыр түсті шоколад, 45 грамм сары май, 150 грамм катаиф қамыры, 1 ас қасық тахини, 60 грамм фисташкалы паста қажет. Ғаламтордан ғажап көрініп, тамсанушылардың таңдайын құрғатып, жұтқыншағын жүгірткен Дубай шоколадының құрамы осы. Дубай шоколадын өзіңіз-ақ үйден дайындай аласыз. Үйде жасалған шоколадтың құрамын, қоспалардың мөлшерін дәлме-дәл сақтап жасайтын болсаңыз, оның да Дубай шоколадынан айырмасы бола қоймайды. Есесіне қаражат қалтаңызда, ал өзіңіз трендке айналған тәттіге артық шығын жұмсамай ақ дәмін татуға мүмкіндік аласыз.
Дубай шоколады – майға қуырылған катаиф қамырынан, фисташка немесе күнжіт пастасынан тұратын қытырлақ салмасы көп десерт. Бұл танымал тәтті бірегей дәмдік қасиеттерден гөрі, мінсіз маркетингтің нәтижесі болып саналады. Дубай шоколады кез келген адамға ұнамауы мүмкін. Нарықта басқа да лайықты және пайдалы десерттер бар. Қазір көптеген адам тәттіні қызығып жейді, өйткені бұл бизнес, олардың танылуына әсер етіп жатыр. Осы орайда біз Дубай шоколадының тағамдық құндылығын талдап, зияны мен пайдасын білу мақсатында нутрициолог Амина Абдижалимен тілдескен едік.
– Менің қолымда Түркиядан тапсырыспен сатып алынған Дубай шоколадының қаптама қорабы бар. 100 грамдық өнімінің құрамында ақуыздар – 12,9, май – 52,31, көмірсулар 34,9 грамды құрайды. Энергетикалық құндылығы – 501 ккал. Ингредиенттері – сары май, катаиф қамыры. Ингредиенттер қатарындағы фисташка немесе күнжіт пастасы және сүт шоколадының арқасында Дубай шоколады аштықты жақсы басады, бірақ бұл тым қысқа уақытқа ғана қарын тойдырады. Аталған шетелдік десерттің артықшылығы – оны жегенде көң іл күй көтеріліп, жақсы эмоциялар пайда болады, стресті азайтады. Өйткені кез келген шоколад мидың ләззат алуға жауапты аймақтарындағы жүйке белсенділігін ынталандырады. Дегенмен Дубай шоколадына қатты әуестенбеуге, жиі тұтынбауға кеңес беремін. Себебі бұл жоғары калориялы десертті адам шамадан тыс тұтынатын болса, оның соңы артық салмақ жинауға, тісжегі, жүрек-қантамыр ауруларына әкеліп соқтырады. Сонымен қатар Дубай шоколадында қанттың көп мөлшері бар, ол глюкозаның жоғарылауына ықпал етеді. Сондықтан егер кімде-кім тұтас бір плиткасын жесе, тәттіліктен алған ләззат тез арада шаршау мен ұйқышылдыққа ауысады. Дубай шоколадындағы көп мөлшерде қосылатын қант пен май тағамға тәуелділікті тудыруы мүмкін. Бұл артық тамақтануға және инсулинге төзімділікке, содан кейін қант диабетіне шалдықтырады. Сүтті шоколадтардың кейбір сорттарында тым көп кофеин болуы мүмкін, ал бұл ұйқысыздықты немесе мигреньді, ал балаларда гипербелсенділікті тудыруы ықтимал. Сондықтан да Дубай шоколады дәл сіз немесе балаңыз жейтін десерт емес. Қатты жегіңіз келсе, тәуліктік қабылдау мөлшері 20-30 грамнан аспауы қажет, – дейді тамақтың ағзаға әсерін тұтастай зерттейтін нутрицолог маман.
Дубай шоколадын жегеннен кейін бір адамның талып қалғаны туралы қауесет желіде желдей есті. Ол Ресей тұрғыны, жас қыз болатын. Дубай шоколадын жеймін деп Квинке ісігіне ұшыраған. Трендтегі тәттіні жеуге ынттыққан қыз шоколадты 5 мың рубльге, яғни 25 мың теңгеге сатып алған. Есесіне ол өзіне сол бағаға ажал сатып алғандай әсерде қалғанын айтқан. Дубай шоколадын бір рет тістеген ол ауыз қуысы қыши бастағанын, алайда мән бермегенін жеткізген. Аз уақыт өткен соң қыз тұншығып, жөтелген. Кейін денесін бөртпе басып кетіпті. Көзі ісіп, есінен танып, көп уақыт өтпей тұрған жерінде құлаған.
Қыздың жанында болған әпкесі бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер тез жетіп, антигистамин препаратын салып үлгерген. Содан кейін барып қыз өз-өзіне келе бастаған. Десерттің құрамындағы фисташка пастасы өте аллергенді. Сондықтан аллергологтар аллергияға бейім жандар Дубай шоколадын абайлап жеуі қажет екенін ескертеді.
ДУБАЙ ШОКОЛАДЫН КӨБІНЕ КІМ САТЫП АЛАДЫ?
«Қалтаны қағып түсіретін Дубай шоколадына кім құмар? Жалпы кімдер сатып алады?» деген сұрақты сатушыларға қойдық. Олардың айтуынша, бұл трендтегі тәттіні көбінесе жастар сатып алатын көрінеді.
Сатушылар өнімді сатып алушылардың екі топқа бөлінетінін айтып отыр. Дубай шоколадын қалай жегенін, тамсанғанын, ұнаған-ұнамағанын ғаламтордағы жеке парақшасында бөлісу мақсатында, яғни мақтангершілікпен алатындар бірінші топ болса, екінші бір бөлігі жақын тартқан адамына сыйлық ретінде сатып алады екен.
– Жастық шақ деген өзі көрінгенге қызыққыш, еліктегіш кезең ғой. Соған орай тіпті кейде студенттердің, оқушылардың ақша жинап келіп, сатып алатынына куә болып жүрміз. Оларды алатын затының қымбат-арзандығы емес, трендте ме, емес пе, сол көбірек қызықтырады. Яғни трендтегі дүниені алатын болсаң, қатардан қалмағаның деген сөз. Көбіне жігіттер осы шокаладты сүйген қызына арнап сатып алып жатады. Аяулысының көңілінен шығу үшін гүл орнына Дубай шоколадын сатып алатындар көбейді. Бұл бір оқпен екі қоянды атқандай әсер қалдырады. Себебі трендтік шоколад өте бағалы әрі тәттіні жегісі келмейтін жан кемде-кем шығар, – дейді сатушы Анар Алматова.
ЖАПОН ЖҮЗІМІ «ШАЙН МУСКАТ» ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Дубай шоколадынан кейін ғаламторда жапон жүзімі «Шайн мускат» трендке айналды. Жұрт жапа-тармағай алып жатқан жемісті ең алғаш жапон фермерлері ойлап тауыпты. Бұл – мускаттың екі түрін будандастыру арқылы өсірілген өнім. Қазір жүзім Оңтүстік Корея мен Қытайда да өндіріледі. Қазақстан нарығына ол көбіне Қытайдан келеді. Ал «Трендке айналған жүзім облысқа қайдан келеді, бағасы неше теңге?» деген сұрақ аясында ізденіп көрдік. Белгілі болғандай, бұл жүзімнің бір тал өнімі 5000 теңгені құрайды екен. Трендтен қалмай, «Шайн мускатты» сатып алғандардың айтуынша, оның көлемі үлкен, дәні жоқ жүзім тәтті дәмімен ерекшеленеді. Алайда «Шайн мускаттың» құрамында химиялық заттардың көп екені белгілі болды.
Тараздық Ақзер Аққалиқызы «TikТok» та жүзім трендке айналғалы осы жеміске аңсары ауып, отбасымен аталған жүзімнің дәмін татуға асығып, арнайы іздестіргенін айтады.
– Кеше ғана «Жансая» ықшамауданындағы бір аялдама қасында саудаланып жатқан «Шайн мускатты» сатып алдық. Дәмі бірден қатты ұнай кетті. Оның үстіне мен біз көріп жүрген жүзім сұрпын жегенде оның сүйегін жұта алмай, қолмен теріп отыратынмын. Ал мына жүзімді қанша жесең де сүйегі жоқ. Әрі сулы, нәрлі. Алдағы уақытта тағы алып тұрамын. Әйтсе де балаларымның біріне ұнаса, енді біріне мүлде ұнамады, – дейді Ақзер.
Ал бұл үйдің отағасы Мәлікке жүзім мүлде ұнамапты. Ол осы жүзімді сатып алу ақша шашумен тең деп санайды.
– Бұл жүзімнің әр түйірі үлкен болғанымен түк дәмсіз көрінді. Іші толы су сияқты. Сондықтан «ұнады» деп өтірік айта алмаймын. Жұбайым мен балаларымның жегісі келген соң мен де қызығып сатып алғаным рас. Алайда бұл ақшаның орнына бірнеше келі қазақстандық тәтті жүзімді сатып алуға кеңес беремін. Ал «Шайн мускатты» сатып алу жай ғана ақшаңды мақсатсыз жұмсау немесе еріккеннің ермегі деп түсіндім, – дейді Мәлік.
«Хит» болған жүзімнің зиян екенін сарапшылар айтып жүр. Мысалы, тайландтықтар арнайы зерттеу де жүргізіп көріпті. Нәтижесінде оның құрамында улы хлорпирифос бар екені анықталыпты. Сөйтіп, олар осы жеміс түрін сатылымнан бірден алып тастаған.
Негізі «Шайн мускат» жүзімі көбінесе десерт ретінде, сондай-ақ салаттар мен сусындарға қоспа ретінде қолданылады. Бұл жүзімді шамадан тыс тұтыну белгілі бір адамдар үшін жағымсыз әсер әкелуі мүмкін. Сондықтан орайы келіп тұрғанда осы жүзімнің зияны мен одан зардап шекпеу үшін алдын алу, сақтық шаралары туралы айта кетейік.
Бұл жемістің құрамында қанттың мөлшері жоғары. «Шайн мускат» жүзімі өте тәтті және құрамында табиғи қант көп. Бұл жүзімді мөлшерден тыс жеу қандағы қант деңгейін күрт көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан диабеті бар немесе қант деңгейін бақылап жүрген адамдарға мұны аз мөлшерде жеу ұсынылады. Салмақ қосуға да әсері көп. Осы жүзімнің ғана калория мөлшері басқа жүзім түрлеріне қарағанда жоғары. Оны жиі әрі көп мөлшерде жеу артық калория қабылдау ғ а әкелуі мүмкін. Бұл салмақ қосуға себеп болуы ықтимал. Салмағын қадағалайтын адамдарға бұл жүзімді аз мөлшерде тұтыну қажет.
Ал асқазан-ішек жолдарына тигізетін кері әсеріне келсек, кейбір адамдарда жүзімді шамадан тыс тұтыну іштің кебуі, газдың жиналуы және асқазанның жайсыздануы сияқты асқазан-ішек жолдарының мәселелерін тудыруы мүмкін. Әсіресе асқорыту жүйесі сезімтал адамдар үшін бұл жағдай байқалуы мүмкін. Кей жағдайда жүзім адамдарда аллергия тудыруы ықтимал. Аллергия белгілері – қышу, терінің қызаруы, ісіну немесе тыныс алудың қиындауы болуы мүмкін. Егер жүзімге аллергияңыз бар болса, «Шайн мускат» жүзімін тұтынбаған жөн.
Кейбір жағдайларда «Шайн мускат» жүзімі пестицидтермен өңделуі мүмкін. Импортталған жүзімде пестицидтердің іздері қалып қоюы ықтимал, бұл денсаулыққа зиян екені сөзсіз. Сондықтан жүзімді жақсылап жуу немесе органикалық түрде өсірілгендерін таңдау ұсынылады.
Сонымен қатар жүзімнің құрамында аз мөлшерде оксалаттар болады. Бұл бүйрек ауруларына бейім адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін, себебі оксалаттар бүйректе тас түзілу қаупін арттырады. Бүйрек аурулары бар адамдар бұл жүзімді көп мөлшерде жемеуге тырысуы керек.
Қандағы қант деңгейі жоғары немесе диабетке бейім адамдар бұл жүзімді аз мөлшерде тұтынуы керек. Күнделікті рационда қалыпты мөлшерде тұтынуға кеңес беріледі. Шамамен бір уыс, яғни 100 немесе 150 грамм жеткілікті. Жүзімді жуар алдында жылы суға салып қойып, пестицидтерді жоюдың амалын жасау керек. Егер асқорытуға қатысты мәселелер пайда болса, мөлшерін азайту немесе басқа жеңіл тағаммен бірге жеуге тырысқан ләзім.
«Шайн мускат» жүзімі дәмді және пайдалы болса да мөлшерден тыс қолдану кейбір адамдар үшін жағымсыз әсер әкелетіні сөзсіз. Сондықтан оның мөлшерін қадағалап, мүмкіндігінше тұтынбаған дұрыс.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ