Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сенімге селкеу түспесін

Сенімге селкеу түспесін
Ашық Дереккөз
Бала кезімізде әке-шешеміз «үлкен кісіге орын бер», «қарияға көмектес», «елдің алғысын ал» деп санамызға құйып отыратын. Ал қазір балаларымызға «кім шақырса да жолама, танымайтын адамға сәлемдеспе, үйде үлкен адам болмаса ешкімге есік ашпа» деп үйретеміз. Осылайша біз баланың санасына ешкімге сенуге болмайтынын мықтап құюдамыз.

Тіпті бұрын әке-шешеміз біздің қайда ойнап жүргенімізді білмейтін де. Таң ата кетіп, қас қарая үйге бір-ақ оралатынбыз. Ал қазір бала тәрбиесіне көңіл бөлеміз деп ұл-қызымызды төрт қабырғаға қамап қойдық. Неге?! Себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қоғамда болып жатқан жаға ұстатарлық оқиғалар ата-аналардың әбден жүрегін алып бітті. Балалар қауіпсіздігі жөніндегі тренер Динара Аманжолова да біздің бұл ойымызды құптап, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

– Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе жыныстық зорлық туралы жаңалықтар, өкінішке қарай, күнделікті өмірімізде қалыпты құбылысқа айналып отыр. Бұл оқиғалар қоғамда кеңінен талқыланып, әрбір ата-ана өз баласы үшін алаңдайды. Бірақ баланы қауіп-қатерден қалай қорғау керегін әрдайым біле бермейді. Маман ретінде айтар бірінші кеңесім – ата-ана мен баланың арасындағы мықты қарым-қатынас. Бала өзін жақсы көретінін және сол қалпында қабылданатынын білуі керек. Ата-ана ғана баласын шексіз сүйіп, оған қалай болғанда да қамқор бола алады. Баланың қуанышты әрі барынша қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз ету үшін оны негізгі нәрселерге үйрету қажет. Бұл қарапайым ережелердің кейбірін баланы тәрбиелеу процесіне ерте жастан енгізуге болады. «Менің денем – тек менің денем». Бала бұл ақиқатты түсініп, қабылдауы керек. Ол мұны неғұрлым ертерек үйренсе, соғұрлым жақсы. Егер бала достарын немесе туыстарын сүйгісі немесе құшақтағысы келмесе, ол мұны істеуге міндетті емес, ал сіз оны мәжбүрлемеуіңіз керек. Кейде балалар басқа емес, өз ата-аналарының құшақтап, сүйгенін ұнатпайды, ал біз, ересектер баланың бұл әрекетіне ренжиміз. Балаға шынайы сезімдерін білдіруге мүмкіндік беруге тырысыңыз. Осылайша сіз оны өз қалауынсыз бірдеңе жасауға мәжбүр етпеуді үйретесіз. Сонымен қатар бала ешқашан оны сатпайтын, бәрін айтып беруге болатын, құпияларын бөлісе алатын және оған ешкім ұрыспайтын немесе кінәламайтын адамды нақты білуі керек. Балаларыңызды бөгде адамдардың үйіне, тіпті туыстары немесе достарына түнетуге қалдырмаңыз. Себебі зорлық-зомбылық көбіне таныс адамдар тарапынан болады. Бұл жай ғана ұсыныс емес, балаңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетін ережелер, – деді Динара Еркінқызы.

Ал көпбалалы ана Меруерт Айманованың айтуынша, баланың қауіпсіздігіне ең бірінші кезекте ата-ана жауапты. Кейіпкеріміз бүгінгі таңда балалардың қауіпсіздігі үшін мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен отбасындағы тәрбие дұрыс болмайтын болса, бәрінің бекер екенін айтады.

– 2024 жылдың жаз айында Тайландқа әке шешесімен қыдырып барған екі баланың ұрланып, жоғалып кеткені туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланды. Жалпы шетелде, тіпті елімізде де бала ұрлығы өршіп тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Одан бөлек балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректері де жиі тіркелуде. Осындай небір сұмдықтарды ести тұра қалайша қауіпсіздік шараларын үйретпейміз. Үйде үнемі балаларыма көшеде бейтаныс адамдарға сенбеу керектігін, қандай да түсінбеушілік туындап, келеңсіз жағдайлар орын алса, ешнәрседен ұялмай, қорықпай ақыл-кеңес сұрау қажеттігін айтып отырамын, – дейді көпбалалы ана.

Балзия Балмағанбетова есімді ананың пайымдауынша, отбасындағы атмосфера, достарымен қарым-қатынас, араласатын ортасындағы адамдардың ой-пікірі – барлығы баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, көзбен көріп, құлақпен естіген кез келген дүниеден ой түюге, соған сай әрекет етуге итермелейді. Бала отбасында махаббат пен мейірімге бөленіп, ата-анасының жақсы қарым-қатынасын көріп өссе, тұлғалық сипатында мейірімділік пен бауырмалдық секілді жақсы қасиеттер орнығады. Ал араласатын ортасы жағымсыз әдеттерге құмар болса, «қызылды-жасылды» дүниеге қызыққыш келсе, бұл жағдай да балаға белгілі бір деңгейде әсер етпей қоймайды. Осы кезеңде жасөспірімдер ортаның ықпалына түскіш болады.

Иә, бауыр еті баласының қауіпсіздігіне кез келген ата-ана алаңдайды. Сондықтан да баласының арам ниетті адамдардың арбауына түсіп қалмауы немесе басқа да келеңсіз жағдайларға тап болмауы үшін түрлі ақыл-кеңесін айтып жатады. Алайда өмірде мейірімді, жақсы адамдар көп екенін де балалардың санасына құйып өсірейік.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар