Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мектеп мәзіріне мән берілсе...

Мектеп мәзіріне мән берілсе...
Ашық Дереккөз
«Ауру – астан...», «Ас – адамның арқауы» деген халқымыз дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлген. Расында, ағзаны зиянды заттармен улап, асқазанға ауырлық салатын астарды шамадан көп тұтынсаң зардабын тартарың анық. Сондықтан ағзасы жаңадан жетіліп келе жатқан жастардың қазірден дұрыс тамақтануы маңызды.

Бүгінде мемлекет тарапынан оқушылардың тиісті деңгейде тамақтануы үшін мектептерге лайықты қолдау көрсетіліп келеді. Алайда көптеген мектеп асханаларында ұн өнімдері, құрамында қанты басым сусындар мен ағзаға зиян өнімдердің көптеп сатылатыны жасырын емес. Сонымен қатар көп жағдайда жаңа піскен жемістер мен көкөністердің жеткіліксіз мөлшері және асхана мәзірінің нормалары айқындала бермейді.

Өткен жылы Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы орта мектептің 44 оқушысы мен 2 мұғалімінің тамақтан уланғаны есте. Балалардың денсаулығына қауіп төндірген мердігердің жұмысы тоқтатылып, прокуратура «Адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеліп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзуға» қатысты қылмыстық іс қозғады. Даулы іске қатысты аймақ басшысының нұсқауы бойынша комиссия құрылып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі аудандық ауруханада болып, балалардың жағдайын білді.

Өткен оқу жылының соңында, анығын айтсақ, мамыр айында облыстық мәслихаттың депутаттары тағы бір былықтың бетін ашқан болатын. Тексеріс кезінде Тараз қаласындағы бірнеше мектеп оқушыларды сертификаты жоқ азық-түлікпен тамақтандырып келгені мәлім болды. Облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Бүркітбаева әріптестерімен қаладағы мектеп асханаларын аралап, жай-күйімен танысқан болатын.

– Өткен оқу жылында Тараз қаласындағы №4, №10, №15, №16, №24 мектептердің асханаларына зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Өкінішке қарай, аталған мектеп асханаларындағы азық-түлік сертификатқа сәйкес болмай шықты. Мысалы, құжаттарда азық-түліктің бір түрі жазылған болса, іс жүзінде мүлдем басқа немесе талапқа сай емес тауар тұрады. Кейбір мектептердің асханаларындағы азық-түліктің құжаттары мүлдем жоқтығын анықтадық. №10 мектепте ірімшіктің орнына «сырный продукт» берілгені мәлім болды. Жалпы біздің мектептерде ірімшік орнына әртүрлі «сырный продукт» беріп жүргеніне еш күмән жоқ, – деді Жанар Бүркітбаева.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, тексеріс барысында тоңазытқышы кір-қожалақ, ішіне картон қағаз төсеп қойған, балаларға беріп жүрген сары майы көгеріп кеткен мектеп асханалары да кездескен.

Шындығында, бүгінде мектеп асханаларына мән беру маңызды болып тұр. Әйтпесе балаға беріліп жатқан астың сапасы күмәнді. Ал келешек ұрпақтың денінің сау, өмір жасының ұзақ болуы алдымен дұрыс тамақтануға байланысты. Осы тұста биылғы оқу жылында ыстық тамақты ұйымдастыру мәселесі қалай шешілгенін сұрап, облыс әкімдігінің білім басқармасына хабарласқан едік. Басқарма басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, жаңа оқу жылында 115 мыңға жуық мектеп оқушысы ыстық тамақпен қамтылған.

– Биыл оқушылардың тегін тамақтануына облыстық бюджеттен 9,5 миллиард теңге бөлінді. Өңірде 2024-2025 оқу жылында 1-4 сыныптардағы 73 703, жекелеген санаттардағы 39 876 оқушы бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Білім басқармасына қарасты 11 білім бөлімінде оқушылардың тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топтар құрылды. Осының арқасында тамақтану сапасына жүйелі мониторинг жүргізілуде және оқушылардың тамақтануын тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар облыстық ведомствоаралық сараптама тобы құрылған. Топ құрамы келісім бойынша мәслихат депутаттарының, әкім аппаратының, саяси партиялардың, ата аналар қоғамдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен, мектеп диетологтары және әлеуметтік педагогтардан жасақталған. Тамақтану сапасына қатысты өтініштер мен шағымдар болған жағдайда ведомствоаралық сараптама тобы мектептерде тамақтануды ұйымдастыруды жақсарту үшін қосымша тексерулер мен іс-шаралар жүргізеді, – деген басқарма басшысы биыл көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақ, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.

Білім басқармасы «оқушылардың ас мәзіріне пайдалы тағамдарды енгізіп, ыстық тамақпен қамтуды тұрақты қадағалап отырмыз» дегенмен жақында тағы бір шикіліктің беті ашылды. Тарқатып айтсақ, облыстық қоғамдық кеңеске Константин Кутасов жетекшілік ететін «Жамбыл облыстық омарташылар ассоциациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта мектептерде оқушыларға бал өнімдерін тамаққа қосу мәселесі бойынша мониторинг жүргізу үшін өтініш білдіреді. К.Кутусовтың айтуынша, 2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Оқушылардың тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттары» бойынша мектепте тамақтанатын әрбір оқушыға аптасына 20 грамм бал берілуі керек. Алайда облыс әкімдігінің білім басқармасы бұл талаптарды орындамай отырған көрінеді.

Серіктестіктің ұсынысы қанағаттандырылып, қоғамдық кеңес мүшелері – Рахметілда Рахманбердиев, Сәуле Рысбаева, Сәлкен Жартыбаев, Жандар Тоқсаба, Әйгерім Дәулетбаева, Ринат Нұрақбаев мониторингтік тексеру жұмысын бастайды. Олар мониторинг барысында мемлекеттік сатып алу тәртібінің талаптары бұзылып жатқанын анықтайды.

– Мониторинг нәтижесі көрсеткендей, мектеп оқушыларын тамақтандыру қызметінің жеңімпаздарының көбі келісімшарттың құрамдас бөлігі болған «техникалық бал қаптамада, 20 грамнан болуы керек» деген талапты орындамайды. Мысалы, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты мектептерде бал 300-400 грамдық шыны ыдыста, 1 келі, кейде 1 келі 250 грамм полимер ыдыстарда жеткізілген. Ал №2 мектепте 300 грамдық шыны ыдыста «Азамат» жеке кәсіпкерлігі өндірген балдың құрамында фруктоза, глюкоза, полисахарид, көміртегі көрсетілген. Ал шын мәнінде, онда табиғи бал атымен жоқ. Анығында, аталған білім нысаны оқушыларды «жасанды балмен» тамақтандырып келген. Өнімді «Ас-Эко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізіп беретін №35 мектеп 2023 2024 оқу жылында оқушылар тұтынған балдың сертификатын көрсете де алмады. Сол секілді №36 мектепте бал апта сайын пластикалық шелекпен тасымалданатыны мәлім болды. Мұнда 2023-2024 оқу жылында бал 36 аптаға шақталып әкелінуі тиіс болса да 5 апта бойы балаларға бал берілмеген. Сонымен қатар №38 мектепте де 2023-2024 оқу жылында 36 аптаның 9 аптасында бал берілмеген. Байқағанымыздай, бракераждық комиссия тек қағаз жүзінде жұмыс істейді. Кей ата-аналар өздерінің комиссия құрамында бар екенін білмейді де. Біз барған мектептерде мұғалімнің көбісі асханаға не келіп, не қойғанынан, балалар немен тамақтанып жатқанынан хабары жоқ. Мән-жайды тарқата айтсақ, «ол бізге қатысты емес, жеңіп алған адам бар, сол бәріне жауап береді» дейді. Ең қынжылтатыны – жеткізушілер арнайы қаптамасыз алып келген балды бір мектеп ұнның, келесі бір мектеп майонездің ыдысына құйып, оқушыларға ұсынуда. Нақты бір стандарт болса, бір жөн, – деген Рахметілда Рахманбердиев аталған мәселеге қатысты облыс әкімдігінің білім басқармасына бірқатар ұсыным жолдағанын айтты.

Бұл жөнінде қоғамдық кеңес шайға қанша бал қосылып жатқанын анықтау мүмкін болмағандықтан мектептердегі ас мәзіріне бал қосылған шай емес, «шай+20 грамм бал» деп жазуды ұсынған.

– Үлкен дауға ұластырмай-ақ қоятын мәселе дегенімізбен жағдай назар аударуды қажет етіп отыр. Себебі білім басқармасына бір ғана бал үшін 2 миллиард 444 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Тегін тамақтанатын құқы бар 11 3579 оқушыға бал қосылған шай беру үшін осындай қомақты қаржы жұмсалып отырғанын ескерсек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алғаны анық көрінеді. Облыс әкімдігі білім басқармасында сыбайлас жемқорлыққа ішкі тәуекелдерді талдау деген мемлекеттік міндеттеме бар. Бірақ ол талаптар орындалмай отыр. Біздің ойымызша, көрсетіліп отырған заңбұзушылықтар басқарма тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тыңғылықты жұмыс жүргізілмегендіктен болып тұрған жайттар. Жалпы оқушылардың тегін тамақтануына облыстық бюджеттен 9,5 миллиард теңге бөлінгенін ескерсек, білім басқармасы, білім бөлімдері оқушыларды тегін тамақтандыру сапасына баса назар аударуы қажет деп санаймыз, – дейді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Әбдірайымов.

Алғашында «Оқушыларға бал биркамен, яғни арнайы қаптамамен, уақытылы беріліп отыр» деген облыс әкімдігі білім басқармасының маманы Перизат Шәкір мониторинг қорытындысын көріп, заңнаманың бұзылып отырғанына көзі жеткеннен кейін «Бұл жерде басқарма емес, жеткізушілер кінәлі» деп ақталуға тырысты.

– Облыстағы білім мекемелерінде тамақтың сапасын қадағалайтын комиссия жұмыс істейді. Қазір жаңа оқу жылының екінші тоқсаны басталды. Осы уақытқа дейін комиссия тарапынан бірде-бір мектеп асханасына қатысты шағым түскен емес. Тасымалдаушы компаниялардың балды жеткізуі біздің құзырымызға кірмейтіндіктен бұл мәселеге қатысты нақты жауап бере алмаймыз. Алайда білуімше, мектепте балаларға бал қаптамамен беріледі. Жалпы конкурс ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі бойынша жүргізіледі. Ол кезде әр тауарға жеке анықтама беріліп отырмайды. Яғни ас мәзірі беріледі, тамақ өнімдерінің 60-70 пайызы отандық өнім болуы талап етіледі. «Бал қаптамада болуы керек» деген талап жоқ. Бұл тамақ өнімдерін жеткізу конкурсында болады. Білім басқармасы тек ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметін ғана атқарады. Соны ескеріңіздер, – деді П.Шәкір.

Ал облыстағы белсенді омарташылардың бірі Ахан Бекназаров облыс әкімдігінің білім басқармасы тиісті міндеттерді орындамай отырғанына қынжылатынын айтты.

– Омарташылар еңбекпен жинаған балдың оқушыларға арнайы қаптама емес, әр тауардан босаған ыдыспен берілгенін естіп, көңіліміз түсті. Ол қаптаманың ішіндегі таза бал екендігіне де күмәніміз бар. Оны тұтынып жатқан өрендердің арасында сіздің де, біздің де балаларымыз бар. Негізінде бақылауды жеңілдету үшін балды бірден қаптамаға құйып дайындау жөнінде ұсыныстар түскен. Алайда қаптама аппаратын алу үшін миллиондаған қаражат кетеді. Оны істеу үшін бір адамымыз басында отыру керек. Үлкен ыдыстармен бере салатын болса, өнімді сол күйде өткізу біздің де қолдан келеді, – дейді А.Бекназаров.

Осылайша қос тарап жауапкершілікті бір біріне ысырып отыр.

Мектептерде ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесі сөз болып жатқан соң аспаздардың ойын тыңдағанды жөн көрдік. Тараз қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №29 орта мектептің аспазы Лаура Аймаханова өзі жұмыс істейтін білім ошағында оқушылардың тамақты ұнатпай қалған кезі болмапты.

– Бізге ас мәзірі қалалық білім бөлімімен бекітіліп беріледі. Аптасына екі рет сұйық тағам, яғни сорпа берілсе, үш күнде екінші тағам түрлерін әзірлейміз. Оқушылар қай тамақ болса да сүйсініп жейді. Манты, күріш, тұшпара және өзге де тағам түрлері бар. Дегенмен білім алушылар арасында әлеуметтік жағынан осал отбасынан шыққан балалар да бар екенін ескеріп, ас мәзірі бірінші немесе екінші ыстық тағамдарды қоса отырып жасалады. Мысалы, дүйсенбі күні балалар ботқа жесе, келесі күні сорпа ішеді. Ащы тағамдарға, дәмдеуіштері бар тағамдарға, майонез немесе кетчуп қосылған салаттарға тыйым салынған. Сонымен қатар құрамында бояғыштары мен қоспалары бар сусындар – газдалған сусындар, мұздатылған шай, түрлі жеміс-жидек дәмі бар минералды сулар да қолданылмайды. Өзіміз де ата-ана болған соң міндетімізді адалынан атқарамыз. Жұмысымызға таңғы 05:00-ден бастап кірісеміз, – дейді Л.Аймаханова.

Қалай десек те мектептегі бала тағамы қуатты, нәрлі болуы қажет. Демек, мектеп асханасын бір жүйеге келтіріп, әр балаға тағамға бөлінген қаржыны өз мақсатында жұмсаған жөн. Өйткені ұрпақтың денсаулығы бәрінен қымбат әрі маңызды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар