Осы күні аңшылық көп жағдайда тек жеке бастың нәпсіқұмарлығынан туындайтын кәсіпке, еріккеннің ермегіне айналды. Бас пайдасы үшін аң-құсқа қастандық жасаушылардың жолын кесуде «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» мекемесінің атқарып жатқан жұмысы тындырымды. Заңсыз аң аулаушыларға тосқауыл бола білген мекеме облыс әкімінің қаулысымен 2019 жылдың 29 қазанында құрылған.
Испекторларымыз облыс көлеміндегі 4 414,5 мың гектар мемлекеттік орман қоры жерінде, 2 301,4 мың гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақта және 2 094,6 мың гектар еркін аймақта өсімдіктер дүниесін қорғау, күзету, алдын алу, қасақылыққа қарсы және құқықбұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу жұмыстарын атқарады.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекеме биылдың өзінде өңірде заңсыз аң аулаудың бірнеше дерегін анықтады.
Тарқатып айтсақ, жыл басынан бері 94 рейдтік іс-шара жүргізіліп, табиғат байлықтарын қорғау заңнамасын бұзғандарға 140 хаттама толтырылып, әртүрлі деңгейде айыппұлдар салынды және 4 қылмыстық іс қозғалды.
Атап айтар болсақ, биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес заңсыз аңшылық, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты жасалған 3 дерек анықталды.
Бір заңсыз аң аулау фактісі Байзақ ауданына қарасты мемлекеттік орман қорының құмды алқабында орын алды. Инспекторларымыз кезекті іссапар барысында түнгі сағат 00:30 шамасында жарық салғыш (прожектор) салып жүрген жол талғамайтын автокөлікті тоқтатып, тексерді. Анықтау барысында А. есімді жергілікті тұрғынның көлігінен заңсыз ауланған қарақұйрық аңының ұшасы мен бір ұңғылы 16-калибрлі аңшы мылтығы табылды. Қарақұйрық «Қызыл кітапқа» енген жануарға жатады. Аталған дерек бойынша Байзақ аудандық полиция бөлімі арқылы Қылмыстық кодекстің 337-бабының 4-бөлігі 2,4-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Осылайша іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды. Сот шешімімен айыпталушыға 4 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ 36 920 теңге айыппұл және табиғатқа келтірілген залалы ретінде 4 430 400 теңге өндірілді.
Сол секілді жыл басында, яғни ақпан айының 17-сі күні жедел қызметтің инспекторлары тағы бір браконьерлік істі анықтады. Талас ауданындағы құмды алқапты барлап жүрген табиғат жанашырлары түнгі сағат 02:30 шамасында белгісіз қаскөйдің аң атуға оқталып жүргенін байқайды. Оның қитұрқы әрекетіне әбден көз жеткізген соң инспекторлар қаскөйді құрықтауға көшеді. Нәтижесінде Д. есімді азаматты «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрық аңының ұшасын атына өңгеріп алып келе жатқан жерінен ұстады.
Аталған екінші қылмыстық іс бойынша Талас аудандық полиция бөлімі тарапынан Қылмыстық кодекстің 337-бабының 4-бөлігі 2,4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды. Бүгінгі күнде сот процестері өтуде. Айыпталушының табиғатқа келтірген залалы 4 430 400 теңгені құрайды.
Ал қазанның 8-і күні инспекторлар Мойынқұм ауданының құмды алқабында мемлекетік нөмірі жоқ «Nissan Safari» автокөлігін тоқтатады. Тексеру барысында Ө. есімді азаматтың автокөлігінің артқы жүксалғышынан қарақұйрыққа ұқсас жануардың ұшасы табылды. Сонымен қатар құжаты жоқ қос ұңғылы 12-калибрлі аңшы мылтығы, 4 оқ-дәрі тәркіленді. Аталған дерек Мойынқұм ауданының полиция бөліміне өткізіліп, бүгінгі таңда іс қозғалып, заң бұзушыға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар мекеме тарапынан жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғандарға 27 әкімшілік хаттама толтырылды. Қазан айының басында А. есімді азамат Мойынқұм ауданының орман қоры жерінде ұсталып, көлігінен еш жерде тіркелмеген 1 ұңғылы 16-калибрлі аңшы мылтығы және атылып алынған 5 жабайы қоян табылды. Ұсталған азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. 5 жабайы қоян тәркіленіп, жергілікті мешітке өткізілді. Ал аңшы мылтығы жергілікті аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды.
Өңірде балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу дерегі де азаймай тұр. Облыс бойынша 131 балықшаруашылық суайдыны бар. Уылдырық шашу және көбею кезеңінде балық аулауға қатаң түрде тыйым салынған. Атап айтқанда, Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және құймаларында 1 наурыздан бастап шілде айы аралығында балық аулауға болмайды. Шу-Талас бассейнінің басқа суайдындарына қатысты тыйым салынған мерзім – 15 сәуір мен 31 мамыр аралығы. «Тасөткел» суқоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, құймаларында және Талас өзенінде 15 сәуір мен 30 маусым аралығында балық аулау заңсыз. Биыл бұл мәселе бойынша 54 хаттама толтырылды. Сондай-ақ бір заңсыз оқиға орын алды.
Сонымен қатар әкімшілік хаттама толтырылған азаматтардан 10 аңшы мылтығы тәркіленіп, оның ішінде еш жерде тіркелмеген 6 заңсыз аңшы мылтығы аудандық полиция бөлімшелеріне өткізілді.
Негізі облыста аң аулауға рұқсат берілген 46 заңды аңшылық шаруашылық бар. Арнайы орындарда аң аулау мерзімі ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Аң аулау қағидалары» бұйрығымен бекітілген. Өңірде су тышқан, қасқыр, қарсақ, түлкi, суыр, бөдене, кептер, қаз, үйрек, қасқалдақ, шiл, кекiлiк, қырғауыл, борсық, қабан, таутеке, елік, қоян секілді аңдарды аулауға рұқсат бар. Осыған қарамастан арам пиғылды азаматтар сирек кездесетін аңдарды да аулап, табиғатқа қиянат жасауын тоқтатар емес. Бұл ретте заңсыз аң аулау жануарлардың өсімінің молаюына теріс әсерін тигізуде. Осы мақсатта облыс аумағында сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарларды қорғау үшін 5 жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумал құрылды. Т.Рысқұлов ауданында «Үмбет», Меркі ауданында «Меркі», Қордай ауданында «Қордай-Жайсаң», Жуалы ауданында «Жуалы-Қарашат», Сарысу мен Мойынқұм аудандарында «Бетпақдала» ерекше қорғалатын табиғи қаумалы бар. Аталған аумақтарда «Қызыл кітапқа» енген, өте сирек және жойылу қаупі бар 17 аң мен түрлі құс мекендейді. ҚР заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын аумақтарда аң аулауға тыйым салынған. Сондықтан жергілікті маңызы бар қаумалдарды құру арқылы сирек кездесетін жануарлардың түрлерін сақтап қалуға үлкен көңіл бөлінуде.
Осылайша мекеме құрылған уақыттан бері табиғат байлықтарын қорғау, сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Дегенмен жұмысымызға кедергі келтіріп, қолбайлау болып тұрған мәселелерді де айтпай кетуге болмайды. Қазіргі уақытта мемеменің материалдық-техникалық базасы мүмкіндігінше жетілдіріліп, жаңартуды талап етеді. Қолданыстағы «УАЗ» көліктері тозығы жетуіне байланысты жиі бұзылады. Сонымен қатар инспекторлар пайдаланатын құрал жабдықтар да ескірген. Инспекторлар заманауи дрондармен, жол талғамайтын көліктермен, заманауи түнгі көру құралдары секілді арнайы құралдармен қамтамасыз етілсе, жұмыс одан да әрі нәтижелі болар еді.
Табиғатты қорғау – табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, сақтауды және ұдайы өсіруді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық жүйе. Сондықтан әрбір инспектор өзін жауапты сезіне отырып, жануарлар әлемін қорғауға атсалысуы тиіс.
Әліби САҒЫНДЫҚОВ,
«Мамандандырылған «Сапсан»
жедел қызметі» мекемесінің
директоры