Облыстың демографиялық ахуалына көз жүгіртсек, 2024 жылдың 1 қазанында халық саны 1 миллион 223 мың адамға жеткен. Оның 56,3 пайызы ауылдық жерде тұрып жатса, қалған бөлігі қалалық жерде өмір сүруде. Жылдың алғашқы тоғыз айында табиғи өсім 12 840 адамды құраған. Қыркүйек айында, өкінішке қарай, 5 552 адам өмірден озса, есесіне облыста 18 392 сәби дүниеге келіпті.
Жұмыс күші бойынша облыста 571,7 мың азамат еңбекке жарамды болса, олардың 544,5 мыңы жұмыс істеп, өз отбасылары мен қоғамға пайдасын тигізуде. Бірақ 27,2 мың адам әлі де екі қолға бір күрек таба алмай, өз мүмкіндігін күтіп жүрген көрінеді. Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Биыл аймақта жұмыспен қамту саласында ауқымды шаралар атқарылып, өңірлік картаның жоспары бойынша 67 404 жұмыс орнын ашу көзделген екен. Есепті кезеңде 59 776 жұмыс орны құрылып, жоспардың 88,7 пайызы жүзеге асқан. Ұлттық жобалар шеңберінде электронды еңбек биржасы арқылы еңбек нарығына енгізілуі тиіс 310 нысан қарастырылып, ол арқылы 3 209 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, өңірлік карта аясында жоспарланған жобалардың бүгінгі күнге 278-і, яғни 90 пайызы электрондық еңбек биржасына енгізіліпті. Осы жобалар шеңберінде электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының саны 2 619-ға жетіп, соның арқасында 2 488 азамат жұмысқа тұрған.
– Бұл ретте көрсеткіш 95 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа тұрғандардың 99,8 пайызы жұмыс берушімен еңбек шартын жасасты. Биылдан бастап халықты жұмыспен қамту мәселелері ҚР Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Осы тұжырымдама аясында 2024 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 55 586 адамды тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан бері бұл жоспар толық орындалып, 55 605 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 46 943 адам болса, есепті кезеңде 46 054 әулиеаталық жұмысқа орналастырылып, жоспардың 98,1 пайызы орындалды. Сондай-ақ тұрақты жұмысқа 31 746 адамды орналастыру жоспарланған болатын. Бүгінде 29 384 тұрғын тұрақты жұмыс тапты. Бұл көрсеткіш жоспардың 92,6 пайызына тең. Жыл басынан бері мансап орталықтарының ықпалымен 46 054 адам жұмысқа орналасса, олардың 33 947-сіне міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 16 670 адам жіберіліп, нәтиже жоспарланған 15 197 адам санынан асып түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша тапсырмасына сәйкес облыстық жоспар 8,8 мың жұмыс орны болып бекітілген еді. Осы тапсырманы орындау аясында 10 225 жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға артығымен орындалды, – деді Еркін Егембердіұлы.
2024 жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 008 адамға 1488,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланыпты. Есепті кезеңде 1 008 адамға грант беру туралы комиссияның оң шешімі қабылданып, қаражаттары толығымен игерілген екен.
Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында бекітілген индикаторлардың орындалуын аталған басқарма тұрақты бақылауда ұстап отыр. Барлық индикаторларды орындау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2024 жылдың 1 қарашасына дейін Әулиеата өңірінен жұмыс күші тапшы өңірлерге 133 отбасы, яғни 401 адам қоныс аударыпты. Оның ішінде Павлодар облысына 56 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына – 45 отбасы, Шығыс Қазақстанға – 12 отбасы, Абай облысына – 5 отбасы, Қостанайға – 12 отбасы, Ұлытау облысына 3 отбасы көшіп барған. Осылайша осы көш арқылы жұмыс күші қажет аймақтардың барлығы қамтылған. Қоныс аударушы барлық отбасылар қабылдаушы өңірлердің квотасына толық енгізіліп, олардың әрбір мүшесіне тиісті субсидиялар төленген, сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйлермен қамтамасыз етіліпті.
2024 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 адамды қамту көзделіп, бұл мақсатқа 4 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған еді. Жыл басынан бері 1 қарашаға дейін атаулы әлеуметтік көмек 5 737 отбасындағы 30 698 адамға (2 миллиард 417 миллион 700 мың теңге) тағайындалыпты, Соның ішінде 5 545 отбасындағы 29 664 адамға 2 миллиард 214 миллион 500 мың теңгесі төленген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2 027 отбасына, яғни 26,1 пайызға және 10 511 адамға, яғни 25,5 пайызға азайып, төленетін қаражат көлемі 916 миллион 800 мың теңгеге, яғни 27,5 пайызға қысқарыпты.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қосымша ай сайынғы төлемге 980 миллион 700 мың теңге бөлініп, 15 786 баланы қамту жоспарланған болатын. Қарашаның 1-іне дейін осы қосымша төлем 9 784 балаға 355 миллион 100 мың теңге көлемінде тағайындалып, оның 9 339-ына 328 миллион 500 мың теңге төленді. Жұмыспен қамтылған немесе жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесін биыл облыста 83 пайыз деңгейінде бекіттік. Биыл да еңбекке қабілетті 7 139 адамды әлеуметтік қолдаумен қамтуға назар аудардық. Олардың 5 961-і жұмыспен қамтылса, мансап орталығына жүгіну кезінде 4 190 адамның жұмысы болған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 771 адам тартылды. Олардың ішінде тұрақты жұмысқа орналасқандар – 1 339, ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандар – 268, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілгендер – 107 адам. 33 азамат қайта даярлау курстарына қатысса, «Жастар тәжірибесі» жобасы арқылы жұмысқа тұрғандар – 14, ал 30 адам кәсіпкерлік бастамаларын ілгерілетуге бағытталды. Осы шаралар арқылы бүгінгі күнге дейін нысаналы индикатордың орындалуы 83,5 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ облыс көлемінде 45 571 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде І топтағы мүгедектігі бар азамат саны – 4 586, ІІ топта – 16 534, ІІІ топта 17 629 адам бар. 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар саны 6 822 адамды құрайды. Әлеуметтік қызметтер порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейі 97,9 пайызға жетті. Порталда 27 089 өтініш тіркелді. Оның 26 512-сі қанағаттандырылса, жылдық жоспар 90 пайызды құрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды абилитациялау және оңалту бағдарламалары аясында оларға сурдо-тифло құралдар таратудың мәні зор. Сонымен қатар санаторлық-курорттық емделуге жіберу, протез-ортопедиялық бұйымдар және кресло-арбалармен қамту маңызды мәселе. Ол үшін республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен барлығы 4,3 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек әлеуметтік қызметтерге – жеке көмекшілердің қызметі, ымдау тілі мамандары, үйдегі көмек көрсету және гигиеналық құралдарға 2,2 миллиард теңге қарастырылды, – дейді Еркін Келесов.
Жылдың 10 айында Әлеуметтік қызметтер порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 93,9 пайызды құрапты. Бұл порталға тіркелген 25 808 өтініштің 24 209-ы қанағаттандырылғанын көрсетеді. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып, осы жылдың 10 айында 188 нысанға 133 295,8 мың теңге қаржы бөлініпті. Нәтижесінде 189 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған.
Аталған басқармаға қарасты 20 медициналық әлеуметтік мекемеде былтыр 2 098 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген екен. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз деңгейінде жалғаспақ, қазіргі кезеңде барлығы 2 687 адам қызмет алған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ