Жай ғана фильм десек те соғыс кезінде ән өнері сарбаздарға күш-қуат сыйлағаны жалған емес. Әскери ансамбль құрамында 1941 жылдан бастап жүріп, соғыс аяқталғанға дейін оқ пен оттың ортасында ән шырқап, патриоттық әндерімен жауынгерлерге рух берген Роза Бағланова да сөзімізге дәлел.
Майдан даласында болмаса да, бейбіт күннің батырларының рухын жанып жүрген әскери оркестр қазір де бар. Жауынгерлік ту, әскери белгі іспетті жауынгерлік музыка да әскери қызметшілер арасында ерліктің, батылдықтың және Отанға деген адалдықтың символына айналған. Әскери музыка – сарбаздар дайындығының құрамдас бөлігі, патриоттық-эстетикалық тәрбиенің тиімді құралы. Бүгінгі таңда ҚР Қарулы Күштері, ҚР Ұлттық ұланы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өз әскери оркестрлері құрылған.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі де жауынгерлердің рухын көтеріп, отансүйгіштікке тәрбиелеп жүр. Осыдан жиырма үш жыл бұрын құрылған шығармашылық ұжым әскери қызметкерлер арасында ғана емес, облыс халқының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген. Өнер ұжымының қазіргі тыныс-тіршілігі, тарихы мен алдағы жоспарлары туралы оркестрдің музыканты, старшина Құдретіллә Өтепов айтып берді.
Құдретіллә Әбусаламұлының әскери оркестрде өнер көрсетіп жүргеніне ширек ғасырға жуықтапты. Айтуынша, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарайтын ұжым 2001 жылы Отардағы «Гвардейск» гарнизонында жұмысын бастаған.
– Сол жылы «Оңтүстік» әскери округі, яғни қазіргі қолбасшылық құрылған. Мен ол кезде Отан алдындағы әскери борышымды өтеп жүргенмін. Әскери оркестр құрамында Отарда 1 жыл қызмет еткен соң ұжым Таразға ауысып келді. Әскердегі қызметімнің аяқталуына екі ай уақыт қалған. Келісімшартпен оркестр мүшесі ретінде қалып, осында мансабымды жалғастырдым. Одан бері де 23 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Негізі әскери оркестрдің құрылуына подполковник Берікбай Өсербаевтың қосқан үлесі қомақты болды. Отардағы екі әскери бөлімнің «оркестр құрамында болғым келеді» деп құлшынып тұрған жігіттерін өз қалауларымен Тараз қаласына алдыртты. Дегенмен толыққанды шығармашылық ұжым болуға әлі де адам саны жетпей тұрды. Осы тұста Берікбай Сматайұлы тараздық тұрғынд ар арасынан өнерге жақын, музыкалық қабілеті бар азаматтарды іріктеп алды, – деген Құдретіллә Әбусаламұлы 23 жылдың ішінде шығармашылық құрам тек бір рет қана ауысқанын айтып өтті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығымен бірге ашылған оркестр жұмысын бастағанда ұжымдағы музыканттар саны 37 болған. Одан кейін құрамда өзгеріс 2017 жылы орын алыпты. Нақтылап айтқанда, қызметкерлер саны қысқарған, қазір мұндағы штат саны – 27.
Бір қызығы, сол кездегі аға лейтенант, қазір запастағы подполковник Берікбай Өсербаевтың жетекшілігімен құрылған әскери оркестрге алғаш қабылданған жігіттердің сексен пайызы қолдарына ұстаған аспаптарында ойнамақ түгіл, бұрын-соңды көрмеген екен. Жігіттер қалаға ауысқаннан кейін барып колледж, институтқа оқуға түсіп, арнайы білімі бар маман атанады. Алайда әлемдік деңгейде өнер көрсете алатын тәжірибелі музыкант атанған азаматтарға бұл қабілет білім емес, үлкен еңбек, талмас ерік-жігер арқылы келген.
Негізінде әскери оркестрдің мүшелері барабан, саксофон, кларнет, валторна, тромбон секілді түрлі үрмелі аспаптарда ойнайды.
– Ең алғашқы басшымыз Берікбай Сматайұлы: «Кәсіби музыкант болу үшін 7 жыл мектепте, 4 жыл университетте білім алу керек», – деп айтып отыратын. Алайда өзі бізді он бір емес, небәрі үш жылдың ішінде тәрбиелеп шығарды. Айтқанымдай, музыкаға жақын болғанымен үрмелі аспаптарды мүлде көрмеген, қалай ойнау керектігін білмей келген жігіттер көп болды. Десе де ол азаматтарымыз өнерден құралақан емес еді. Оркестрға қабылданғанда көбі домбыра, баянда тамылжыта ән шырқап, гитара тартатын. Жігіттерге мүлде жаңа дүниені меңгеру міндеті жүктелді. Барлығы нота арқылы үйретілетінін ескерсек, әсте оңай шаруа емес.Берікбай ұстазымыздың ең дарынды шәкірттерінің бірі – Қуандық Қалиев. Атыраудың тумасы облысымызға Отан алдындағы борышын өтеуге келіп, осында әскери оркестр қатарына қабылданды. Қуандыққа Берікбай аға: «Атырауда балықтан басқа ештеңе көрмегенсің, дұрыстап үйрен», – деп қалжыңдап отыратын. Музыкалық білімі болмаса да Қуандықтың ақырындап ең қиын музыкалық аспап саналатын кларнетті меңгергеніне таңданыспен куә болдық. Бәрі де көрген түстей өте шықты, – дейді К.Әбусаламұлы.
Әскери оркестрдің қалыптасуына септігін тигізген Берікбай Өсербаевтың дарынды шәкірттерінің бірі – Айрат Нафиков. 2001 жылы қызметін бастағанда оркестрдің техникалық, материалдық жағдайы керемет емес еді. Музыкалық аспаптардың барлығы кеңестік заманнан қалған ескі екені айтпаса да түсінікті. Оркестр старшинасы Айрат Салауатұлының сеп болуымен аспаптардың барлығы түгел жаңартылып, мазалап келген біраз мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тапқан. Айраттың еңбегі бағаланып, кейінірек «Орталық» қолбасшылықтағы әскери оркестрге ауысып, майор шеніне дейін көтерілген, қазір зейнетте.
Запастағы подполковник Берікбай Өсербаевтың жемісті жолын подполковник Нұрсұлтан Джумагулов та абырой биігінен түсірмей жалғастыра білді. Бала күнінен әскери қызметкер болуды армандаған Нұрсұлтан 1995 жылы мектеп бітірген соң Алматы қаласына Құрлық әскерлерінің Әскери институтына құжаттарын тапсырғанымен түсе алмайды. Бірақ ақырында сол кіршіксіз бала арманы 1998 жылы орындалып, Сарыөзек кентінде әскери оркестрге жұмысқа орналасады. Уақыт өте келе, табандылығының арқасында Шымкент гарнизоны әскери оркестрінің негізін қалаушылардың біріне айналған. Осылайша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің бастығы лауазымына дейін көтеріледі. Берікбай Сматайұлы салып кеткен дара жолдан ауытқымай, әскери оркестрді халықаралық деңгейге көтерді. Талайларды мойындатқан ұжым көптеген сайыста топ жарды. Сөзіміз құрғақ мақтау болмас үшін мысал келтірсек, 2019 жылы ҚР Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің конкурсында Нұрсұлтанның жетекшілігімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оркестрі бас жүлдеге ие болыпты. Подполковник шеніне дейін жоғарылаған Нұрсұлтан Джумагулов қазіргі уақытта қызмет бабымен Семей қаласына ауысқан. Қолбасшылықтың әскери оркестріне қазіргі уақытта Рүстем Насыров жетекшілік етеді.
– Рүстем Насыров та Берікбай ұстазымыздың шекпенінен шыққан. Ол да әскерде жүрген жерінен келісімшарт бойынша қалған жігіттердің бірі. Оркестр старшинасы қызметін атқарған. Кейінірек офицер лауазымын алып, Б.Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадада әскери оркестр ашқанын да айтып өтуге болады. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демей ме?! Рүстем де Берікбай аға секілді құрамды өзі жасақтап, өнерлі ұл-қыздарды тартып, бригадада шығармашылық ұжым құрды. Ол әскери оркестрдің музыканттары бізге әріптес емес, бауырдай болып кеткен. Майор Р.Насыров қазіргі уақытта бізге жетекшілік етуде. Өзі қызметін, шығармашылық жолын бастаған ұжым болғандықтан жанашырлықпен басқарып отырғаны айтпаса да түсінікті.Көп адамдар бізге «Бір концертке дайындалуға қанша уақыт кетеді?» деген сұрақ қойып, қызығушылық танытып жатады. Жаңа айтқанымдай, музыкалық аспапта ойнау спорттық жаттығу секілді. Күніге қыздырынып тұрмасаң, қолың шығып қалады. Қысы-жазы дайындаламыз. Жаз мезгілінде тіпті далада жаттығатын кездеріміз болады. Бірақ тұрғындар тарапынан осы уақытқа дейін шағым түскен емес. Керісінше есік алдында дайындық жүргізгенде музыканың даусына елітіп, адамдар жиналып қалады. Бірде іссапарға шығып, бірнеше уақыт болмай қалдық. Қайтып келсек, жақын маңда тұратын кісілер «Қайда болдыңыздар, көптен бері көрінбей, музыканың да даусы естілмей қалды» деп сұрап жатты. «Тұрғындарды мезі етіп алдық па?» деп алаңдап жүрген едік. «Бағалайды екен ғой, іздейді екен ғой» деп қуанып қалғанымыз рас.Оркестрдің қызметі туралы да айтып өтсем, шығарма таңдауда басымдылық патриоттық әндерге беріледі. ҚР Қорғаныс министрлігімен бекітілген, орындалуы қажет деген туындылардың нотасы енгізілген кітапшамыз бар. Көп жағдайда соған арқа сүйейміз. Алайда бұл репертуар таңдауда қатып қалған заң бар дегенді білдірмейді. Әскери оркестрде тек рухты жанитын әндер ойналып қана қоймайды. Өнер көрсететін жиынның мазмұнына қарай джазды да, блюзді ді, классиканы да орындай береміз. Сонымен қатар қазір эстрадамызда хит болып жүрген әндерді де оркестрмен сүйемелдеп орындаймыз.Мемлекеттік маңызы бар мерекелерге орай ұйымдастырылған салтанатты жиындарда ҚР Ұлттық ұланы, 5-механикаландырылған бригада мен шекара қызметінің әскери оркестрлерімен қосылып өнер көрсетеміз. Сондай-ақ әскери іс-шараларда да біздің музыканттар музыкалық аспаптарымен сүйемелдеп, жиынның маңыздылығын арттыра түседі, – дейді Қ.Өтепов.
Әскери өмірде музыканың орны бөлек болғаны соншалық, жауынгерлерге кей командалар үрмелі аспаптың көмегімен беріледі екен. Атап айтқанда, тәулік сайын кезекшілікке шығатын әскерилерге арналған, жиналуға белгі беретін, саптық бой түзету, үлгілі әскери түр секілді тәртіппен тұру керектігін білдіретін арнайы марштар бар.
Айта кетерлігі, әскери оркестрге екі жылдан бері аға лейтенант Данияр Асылов дирижерлік етіп келеді. Талдықорғандық Данияр Бағланұлының алдында бұл қызметте Әди Қабдрахман болған. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университетінің түлегі Әди оркестрге жаңаша леп алып келгенін әріптестері мақтанышпен айтып берді. Өнер ұжымы ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери оркестрлер арасындағы «Әскери керней» секілді фестивальда талай топ жарып, үздік атанғанын жоғарыда сөз еттік. Байқауларда Әди Қабдрахман қазылар алқасының мүшелерін де, көрермендерді де өзінің авторлық «Кадет маршы», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының маршы» секілді туындыларымен баурап алатын болған. Қазіргі уақытта аға лейтенант Әди Қабдрахман Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының дирижері – оркестр жетекшісі.
Сол сияқты оркестрдің Марат Әлімбеков, Ләззат Анарбаева, Сейітқасым Имадуллаев, Андрей Власов секілді өнерлі мүшелері Ресейде өткен «Виват Победа» фестивалінде бірнеше жыл қатарынан олжалы оралған. Сондай-ақ оркестр құрамында 8-9 адамнан құралған патриоттық әндер айтатын «Сарбаздар» тобы бар. Құрамында Қуандық Қалиев, Әбілсейіт Нышанов, Сейфілмәлік Серіков, Алан, Құсайынов, Құдретіллә Өтепов бар осы «Сарбаздар» тобы «Жас Ұлан» республикалық патриоттық әндер байқауының лауреаты, Гран-при иегері атанған.
– Біздің әскери ұжым жылына 2-3 рет қарттар үйіне барып, ондағы қарияларды өнерімізбен қуантып тұрамыз. Одан бөлек оңалту орталығы, жасөспірімдер үйі, балалар үйіне жиі бас сұғып, шығармашылық концерт беріп жүрміз. Сонда байқағанымыз, олар музыкадан ләззат алып, өзгеше сезімге бөленіп, тапжылмай тыңдап отырады. Концерт соңында алғысын жаудырады.Ешқандай гран-при, жүлде, диплом халықтың сүйіспеншілігінен артық емес. Әскери оркестрдің ең үлкен жетістігі осы – халықтың жоғары бағасы. Сондықтан қолдан келгенше «MART» ойын-сауық орталығы секілді халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда концерттер өткізіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға тырысамыз, – дейді Құдретіллә Әбусаламұлы.
Ұйқысыз дайындық пен шаршау, қобалжу, уайымның барлығы да тыңдарманның бір шынайы шапалағымен басылатынын айтқан кейіпкеріміз әскери оркестрдің шетелде өнер көрсеткеніне куә болсам дейді. Шындығында, шығармаларын әлемдік ареналарда орындамаса да халықаралық байқауларда шетелдіктермен бірге өнер көрсетіп, өздерін мойындатқан әскери оркестрде қабілет те, тәжірибе де мол. Құдретілләнің «шетелде өнер көрсетсек» деген арманы атаққұмарлық емес. Ойнау былай тұрсын, атын естіп көрмеген аспапты меңгеріп, мықты музыкант атанған қарапайым қазақ жігіттерінің өнерін әлем көріп сүйсінсе, елімізде небір таланттар бар екенін білсе деген ұлтқа жанашыр тілек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Қалам мен қаруды қатар ұстаған
Ұқсас жаңалықтар
Аталар аманатына адал ұйым немесе майдан мистикасы туралы бірер сөз
- авторAR-AY
- 5 желтоқсан, 2024