Соғыстан аман-есен еліне оралған соң Шона Смаханұлы ауыл мектебінде бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарады, ұстаздық ете жүріп, шығармашылық еңбекпен де шұғылданады. 1950 жылдардың ортасынан бастап ол бірыңғай әдеби қызметке ауысады – «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері», «Ара» секілді республикалық газеттер мен журналдар редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, редакция меңгерушісі болып еңбек етеді.
Шона Смаханұлының шығармашылық еңбегі мен қоғамдық-азаматтық қызметі оның өзінің ең сүйікті ісі – ұстаздық өмір талаптарымен, ұрпақ тәрбиесі ісімен тығыз байланысты болды. Ұстаздық ете жүріп, шығармашылық ізденістерінің өрісін кеңейтті. Бірыңғай шығармашылық қызметке ауысқанда да бала оқыту мен тәрбиелеу ісінен қол үзбеді. Шона Смаханұлы ана тілін ардақтау, ұлттық рухани құндылықтарды қадірлеу туралы өлең жазып қана қойған жоқ, балаға ана тілінде білім беру, баланың ана тәрбиесінде өсуі туралы халықтық маңызы зор ұран көтерді және сол жолда аянбай еңбек етті, қоғамдық ұғым қалыптастырды, қоғамдық сананың жаңғыруына, жаңаруына қол жеткізді. Қазақ тілінде білім беретін мектептер ашу жолында кеңестік кезеңнің алынбас қамалдай болып тұрған тосқауылын бұзып-жарып шықты.
Қаламгер өзінің шығармаларында, сықақтары мен мысалдарында балалар үшін де, басқалар үшін де ғибратты, танымдық, тәрбиелік мәні жоғары ірі мәселелерді көтерді. Өмір құбылыстарының қалың тобынан көзіне түсіп, көңіліне ұялаған шағын шындық болмыстың өзін де ақын шын тапқырлықпен, суреткерлік үлкен талғаммен толғады.
Шона Смаханұлының шығармашылық мұрасының құрамында Алматыда, Мәскеуде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген отыздан астам кітап бар. Олардың төрт-бесеуінде әңгімелер мен повестер топтастырылып, қалғандары поэзиялық шығармалардан түзілген.
Шона Смаханұлы шығармаларының жанрлық құрамы мен тақырыбы әртүрлі болып келеді. Ақынның туған жер, өскен орта, бала мен балалық шақ, өмір мен көңіл сыры секілді дәстүрлі тақырыпта жазған шығармаларының көркемдік сипаты, эстетикалық маңызы зор. Бұл ретте Шона Смаханұлы – лирик. Оның көптеген лирикалық өлеңі бүгінде әнмен айтылып жүр. Ақынның «Жамбылым кандай тамаша», «Егіншілер жыры», «Жасыбай көркі», «Анамның тілі», «Құс туралы жыр», «Сүйікті ұстазым – мектебім», «Оқушылар жыры» (Мектеп вальсі), «Ортеке» және басқа өлеңдерін мектеп оқушылары мен жастар күні бүгінге дейін сүйіп айтады.
Сәулетті, сәнді, тұрмысты,
Байлығы шалқар шалқыған.
Ақпейіл, азат, ырысты,
Айналдым туған халқымнан, – деген жыр жолдары ақынның еліне, жұртына, туған халқына деген махаббатын, шын ықыласын, зор сүйіспеншілігін танытады. Ол туған жерінің тауы мен тасына, өзен көлдері мен бұлақ-көздеріне сүйіп, сүйсініп карап, кейде оларға өзі еркелегендей, кейде өзіне олар еркелегендей сезінеді.
Автор «Анамның тілі, аяулы үні» атты өлеңін марқұм анасына арнаған екен. Өлең анаға, ананың тіліне, ананың үніне деген құрмет пен сүйіспеншілікке, сағынышқа толы. Анасынан ерте айырылып, ананың ақ сүті мен ақ сезіміне, мейіріне шөліркеп өскендіктен бе екен, ақын өлеңінің әр жолынан, әр жолының әрбір сөзінен анасын шексіз сүйген балапан жүректің балдай тәтті үні естіліп тұрғандай болады. Сондықтан ба, бұл шығарма жастардың ана туралы ғана емес, анадай аяулы ана тілі туралы әнге салып орындайтын, сүйіп айтып, сүйіп тыңдайтын өлеңі болып кетті. Әр тармағы әнге, әуенге айналған бұл өлеңді Шөкең кезінде өз анасына арнап шығарған болса, қазір ол жастардың орындауында барша анаға, ана тіліне арналып айтылатын ән-құрметке, жыр-махаббатқа айналып отыр.
Ақын өзінің шығармашылық еңбегінің басты мақсаты туралы оқырмандарына былай деп жазады:
Көңіліңнің терезесін қақсам,
Сақ бол деймін.
Аярлық, азғындықтан,
Пәк бол деймін...
Ақынның осы бағыттағы шығармалары оның әдеби мұрасының және бір табиғаты бөлек, дара желісін түзеді. Аталған топтағы шығармалар ақыл-кеңес, нақыл түрінде жазылған. Оларды жазылу мақсаты мен түрінің ерекшеліктеріне орай ғибратнама деп атаған дұрыс. Ғибратнама үлгісінде жазылған шығармаларында автор ойын астарламай, ашық та анық тұжырады. Сөйте тұра, олардың ішкі мәні мен мазмұнында сыншыл ойдың сарыны да бар.
Шона Смаханұлының әдеби мұрасының басты саласын сықақ, мысал жанрында жазылған шығармалар құрайды. Ақынның сықақ өлеңдері, негізінен, белгілі бір ғана ой айналасына құрылады әрі етек-жеңі жинақы, көлемі жағынан шағын болып келеді. Олардың қай қайсысында да адам бойындағы кемшілікке, қоғамдағы олқылыққа сын айтылады. Айтылған сын адамның немесе қоғамның өзін емес, ондағы кемшілікті, олқылықты жоюға бағытталады.
Автордың сыны салмақты, сабырлы, салдарлы, уытты. Ақын айтқан сынның өзі бірде әжуа, бірде мазақ, бірде келеке түрінде келіп, әлденеше құбылып отыруы да көркемдік-эстетикалық тұрғыда мейлінше әсерлі. Ақынның сыншыл ойы көбінесе өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, жалақорлық пен пәлеқорлық, қулық пен сұмдық секілді кісі бойындағы оңбаған қылық пен құлықты аяусыз әшкерелеп, адам болам деген азаматты олардан аулақ болуға, абай болуға шақырады.
Күлкі де, күлкілі ахуал да түрліше болады. Күлкінің, күлкілі жайдың бәрі сатираға негіз бола алмайды. Жеке адам өзінің қуануға лайықты қуанышты сәттерінде де күледі. Бірақ бір адамның қуанышты сәті басқа адамдарды күлдірмейді. Оның үстіне кісінің қуануға лайықты жағдайда қуанып, күлуінде юморға, иронияға, сатираға арқау етерлік негіз болмайды. Шона Смаханұлының шығармашылығындағы күлкінің сипаты басқа. Ондағы күлкі де, күлкілі ахуал да жалпы жұртқа, қоғамға ортақ және бір адамның емес, жалпы жұрттың, бір аймақтың емес, жалпы қоғамның болмысын жақсартуға қызмет етеді.
Шона Смаханұлының шығармашылық талантының барынша жарқырап көрінетін бір саласы мысал. Мысалдың Эзоп, Крылов, Байтұрсынов секілді майталман шеберлерінің көркемдік дәстүрлерінен үлгі ала отырып, ақын өз заманындағы, өз дәуіріндегі ескірген, күні өткен түрлі кертартпа қылықтар мен іс-әрекеттерді сөз, ұғым, образ деңгейінде немесе тұтастай образдар жүйесі деңгейінде суреттейді. Автордың сын семсеріне шалынып, қиылып түсе беретін нәрсе, негізінен, кісінің бойындағы, оның мінез-құлқындағы кем-кетіктер.
Кісі бойындағы күншілдікті кісінің кісі болып дүниеге келген күнінен бері қарай жалғасып келе жатқан жағымсыз қылығы, оңбаған құлқы десе болады. Дүние жаралғалы болған жазықсыз кісі өлімінің ең алғашқысының себебі де осы күншілдік еді деп түсіндіреді аңыз. Ақын кісі бойындағы осы ең көне, ең көне бола тұра күні бүгінге дейін қалмай келе жатқан лаң пиғылды нәзік ишара, ұтымды тұспал арқылы әрлі де нәрлі бояумен мейлінше әсерлі көрсетеді:
Қарауыл боп қара қарға,
(Ондайларға шара бар ма?)
Торғайларды
Жайлап қана үркітті.
Неге өйткенін кім білсін –
Өле-өлгенше
Жамандап өтті бүркітті...
Қарға өзінің ойы мен бойына сай жап-жақсы қызмет атқаруда. Өзі қарға болса, қызмет-міндеті қырманға қарауыл болса, есті қарға үшін бұл тұтас бір патшалықты билеуден еш кем емес. Соған қарамастан, сорлы қуатты қанаты мен тегеурінді тырнағынан басқа байлығы, жылы жұмсақ қызмет-міндеті жоқ бүркітті, бүркіттің бүркіттігін көре алмай қапа болады. Қарға шіркіннің Құдайдың берген ризығын теріп жеп, қолында бар байлығына канағат етпей, шырқау биікте жүрген бүркітке қызғанып, іші күйіп қарамасқа шарасы жоқ. Өйткені бүркітте бар қанат, бүркітке біткендей тұяқ пен тұмсық мұнда да бар. Бірақ сол қанат, сол тұмсық, сол тұяқпен бүркіт бүркітше ғұмыр кешкенде, қарға қарғаша ғана күн көріп кала береді. Сондықтан да бүркіттің бүркіттігін танып, өзінің қарғалығын ұғынған сайын қарғаның іші күйіп, мазасы қашады. Осы күйдің шырмауынан шыға алмай, бүркіттен өзінің ақылы асып тұрғаны туралы асылыққа бой алдырады. Қарға болып жаратылғандықтан бұған бүркіттің қылығы мен қызығы не үшін керек еді десеңізші... Амал не, бүркітті күндеп, күйініп, күңкілдеп жүрмесе, қарға қарға бола ма...
Шымшыма қарға туралы болғанымен онда адам өмірінің шындығын ашатын үлкен мән-мағына бар. Қызғаныш, іштарлық, күншілдік, көреалмаушылық қарға бойлы, қарға адымды адамда болады деу жөнсіз. Бұл жерде қарғаның бойының да, қарғаның адымының да жазығы жоқ. Мәселе бойда емес, ойда, адымда емес, адамда. Біреудің бойын күндеу, келесі біреудің ойын көре алмау, тағы біреудің бағын қызғану секілді кісі бойындағы жаман құлықты ақын аз сөзбен өрнектеп көрсетіп, әр сөзіне үлкен мазмұн береді.
Шағала туралы мысал өлеңде де әлін білмей, әлек болып, көзі жетпеген жерде әр жоқ, көңілі жетпеген жерде нәр жоқ деп жүрген жанның мүшкіл халі, мүсәпір күйі ұтымды әрі ұғымды суреттеледі.
Шарқ ұрып,
Көл түбіне бір жетпейді.
Шабақтан басқа мұнда
Дым жоқ дейді.
Көл үстінде шарқ ұрып ризық іздеп жүрген шағалаға керегінің өзі шабақтан басқа ештеңе де емес. Көлде бірде-бір шабақ болмай, тек қана шортандар шоршып жүрген болса, онда шағала басқаша шырқар еді. Тереңдегіні ілейін десе, бойлауға бойы жетпейтін, биіктегіні ілейін десе, алуға қолы жетпейтін жан қашанда шамшыл. Адам бойында болатын осындай шектен тыс кінәмшілдік, әсіреқызыл сыншылдық шағаланың бірауыз сөзі арқылы мейлінше шынайы әрі шырайлы көрініс тапқан.
Шона Смаханұлы қазақ сатирасының дамуына, болмысты сатиралық пайымдаудың жанрлық түрлерінің баюына зор үлес қосты. Қазақ сатирасының даму тарихында неше алуан жанрлық түрлердің әрқайсысының өзіндік орны бар. Олардың әрқайсысы – бір әлем. Шона Смаханұлының әлемінде осылардың бәрі бар: сатира, сарказм, юмор, ирония. Оның үстіне осылардың бәрі проза үлгісінде де, поэзия үлгісінде де өрнектелген, анық, ашық, айқын түрде ғана емес, астарлы, ауыспалы түрде де кең қанат жайған. Аталған жанрлық түрлердің бәрінің негізінде күлкі жатыр: бірде қатты, бірде ащы. Күлкінің көлеңкесінде сын жатыр. Ол да сондай: бірде қатты, бірде ащы. Автордың заманында бұлар кісінің күлкісін келтіретін. Ендігі тұста кісінің мінезін оны жылатып отырып түзетпесе, күліп, күлдіріп отырып түзеу мүмкін болмай қалғандай. Соған орай Шона Смаханұлынан қалған сатираны оқығанда күлкісі келетін жандардан гөрі, жылағысы келетін жандар көп сияқты болып көрінеді. Бұл ақын сатирасының бүгінгі күн үшін де өзекті екенін аңғартады.
Қаламгердің таланты мен мүмкіншіліктері юмор мен иронияда барынша мол көрініс тапты, мысал үлгісінде айрықша дара сипатымен ерекшеленді. Солардың бәрінен автордың көркемдік ойлаудағы алғырлығы, шығармасына арқау болар шындық құбылыстарын таңдаудағы талғампаздығы, өмір шындығынан өнер туындысын жасаудағы шеберлігі көрініп тұрады.
Шона Смаханұлының шығармашылық мұрасының басты ерекшелігі – шыншылдығы мен сыншылдығында. Ақынның шыны сыншыл болса, сыны шыншыл. Сонымен бірге қаламгердің сыны да, шыны да жарыса келіп табысып, өзара тұтасып кететін бір мағыналық арна бар. Ол – ғибрат арнасы. Ақын шығармаларындағы шындықты сыншылдықтан, сынды шыншылдықтан даралап тануға талпыну қаншалықты жөнсіз болса, сол шыншыл таным мен сыншыл талғамды парасат тәлімінен, ғибрат дәнінен бөліп алу да соншалықты ретсіз.
Шыншылдық. Сыншылдық. Ғибраттылық. Шона Смаханұлының әдеби мұрасының танымдық, көркемдік эстетикалық табиғатын даралап көрсететін қасиеттер – осылар. Қаламгер мұрасына тән осы үш асыл қасиетті білу – оның ақындық талантын да тану деген сөз. Шона Смаханұлы шығармашылығы шыншыл, сыншыл және ғибратты талант. Шона Смаханұлы шығармашылығының шыншылдығы, сыншылдығы және ғибраттылығы оның елге, халыққа деген құрметі мен сүйіспеншілігіне негізделеді. Шона Смаханұлы – еліне, елінің жарқын болашағына сенген, елі, елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ұлттың рухани құндылықтарын қорғау, сақтау, насихаттау жолында қаны мен терін төккен асыл азамат.
Ер-азамат бойындағы ұлы қасиеттердің бастау көзі – оның елге, ұлтқа, ұлттың рухани құндылықтарына деген ыстық сүйіспеншілігі дер болсақ, халықтың қалың ортасынан шыққан ақын-жазушылар ішінде елді, ұлтты, ұлттың рухани құндылықтарын дәл Шона Смаханұлындай өліп-өшіп сүйіп, өліп-өшіп қорғаған, өліп-өшіп жырлаған кісі көп емес.
Егер де азамат ақынның елін өліп-өшіп сүюі мен өліп-өшіп қорғауы, өліп-өшіп жырлауы бүкіл ел-жұрт болып құрметтеуге, қошеметтеуге лайықты абыройлы да ардақты іс дер болсақ, Шона Смаханұлының өмірі мен қызметі, өнері мен өнегесі сондай абыройлы да ардақты іске толы.
Парасатты, өнегелі ел бағында сайраған құсына дейін мақтан етеді. Шона Смаханұлы елдің бағына біткен құс емес, Шона Смаханұлы еліне деген ұлы сүйіспеншілігін жырға қосып, ұрпақтарына елді, елдің рухани асыл құндылықтарын сүюдің, сүйгенде де күздей сұрланып, қыстай қатайып емес, көктемдей гүлдеп, жаздай жайнап сүюдің, судай мұздап, мұздай жалтырап емес, оттай маздап, нұрдай жарқырап сүюдің үлгісін көрсетіп кеткен ақын. Ел-жұртының игілігі үшін ерен еңбек етіп, ел-жұртын шын жүректен жалындап сүйген, ел-жұртын ұлы махаббатпен жырлаған Шона Смаханұлы мәртебелі халқының биік құрметіне бек лайықты. Бүгінде біз Шона Смаханұлының ағынан жарылып айтқан:
Ақ пейіл, азат, ырысты,
Айналдым туған халқымнан, – деген ақ сөзін, жан үнін шын жүректен қайталап айтамыз. Кейінгі ұрпақтың аузында да осы сөз болар деп үміт етеміз.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық
университеті жанындағы
Абай ғылыми-зерттеу
институтының директоры
» Қаламгер қазынасынан
Мысық тірлік
Қиянатшыл оңбаған,
Беруші ме еді жол маған.
Өспей жүргенім расы,
Тарғылдың-ақ кінәсі! –
Деп қысық көз мысық,
Әйтеуір тілі қышып,
Жолбарысты ғайбаттап,
Отырғанда шайқақтап,
Бойында үлкен толғаныс
Кіріп келді Жолбарыс.
Ғайбатшыл жазған
Мысық
Орнынан тұрды да ұшып:
Жөке, – деді ыржақтап,
Шығыңыз мұнда – төр жаққа!
Көкекович
Секек-секек.
Тепек-тепек.
Жұмыртқалады көкек.
Әйтсе де ол
Тумасынан жерініп,
Шайқауға жүрді ерініп.
«Ах, бұл бейнет қой.
Басыма ауыр еңбек қой!
Көкек!.. Көкек!..»
Тұмсығымен төпеп,
Дөңгелетіп бақты.
Көкқарғаның ұясын,
Іздеп жүріп тапты.
Жұмыртқасын соған
Салды-дағы жасырып,
Өзі кетті
Көз көрмеске «асығып».
Балапанды
Шығарғанмен көкқарға,
«Көкекович»
Боларында гәп бар ма!
– Ей, Шона, тоқта!
Дейсіздер ғой, –
Қисынсызды соқпа!
Біреудің еңбегін
Иемденетін қулар
Өмірде жоқ па?
Көмілген даңқ
Алжыған бір барыс
Өлерде жалпыға,
Сеніммен айтыпты:
«Дақ түспес даңқыма».
«Тіріңде тырнағың
Батты ғой көпке!» деп,
Сыпырып терісін,
Көмді жұрт тепкілеп.
Жюриде – өгіз
Жюри бастығы өгіз еді,
Ырс-ырс еткен семіз еді.
Бұлбұлдың өлеңін тыңдады,
Қасындағыларға ымдады.
«Үнін жүрекке дарытпайды»,
«Әнші болып жарытпайды»,
Деп еді, жюри мүшелері – достары
Өгіздің пікірін қостады.
Гүл арасындағы шеңгел
Түксиген бір түп шеңгел
Сыры ішінде.
Тұрыпты гүл болам деп
Гүл ішінде.
Гүл тере келетұғын қыздар күнде:
«Не бар, – деп мазақ етті, –
Бұл шіркінге»
...Әуелі таппас бұрын мекеніңді,
Өзіңнің білсеңші кім екеніңді.
Тышқандар
Қосаяқ, күзен, атжалман,
Сарышұнақ, соқыр тышқандар,
Жауласып күнде аттанған
Біріне-бірі дұшпандар.
Жер-жерге, топқа бөлініп,
Осыдан тарап шатпағы.
Жер астында бүлініп,
Шақылдасып жатқаны.
Рухты жаныған әскери оркестр
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024