Еліміздің сол кезгі астанасы Алматыдан келген, өте мол таралыммен шығып тұрған сатиралық «Ара» журналының фельетоншысымен кездесуді аудандық газеттің редакторы Ғани Әлиев ашып, жүргізіп отырған еді. Кейінірек университеттің журналистика факультетін бітіріп келіп, редакцияда қызмет жолымды бастағанда білдім, Ғани Әлиев пен Шона Смаханұлы бір ауылдан, Талас ауданындағы Ойық аталатын елді мекеннен болып шықты. Екеуі де соғысқа қатысқан. Бала кезден басталған достық байланыстары жалғасып, сатирик ақын іссапармен туған елі – Жамбыл өлкесіне келе қалса, облыс орталығының дәл іргесіндегі біздің ауданға да ат ізін салып тұратын. Мұны да кейін білдім, аудандағы сол кезгі беделді қызмет – аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып ширек ғасыр істеген Рәш Шәметов ағамыз да Шона Смаханұлының бірге өскен жақын досы болып шықты.
Сол кездесуде өзіне сөз берілгенде Шона Смаханұлы қонақкәде ретінде сықақ өлеңдерін оқыды. Солардың алғашқысы ертеңіне аудандық газетте жарияланған «Киім хикаясы» өлеңі еді.
Ұстазы шәкірттерін жиып алып,
Ләм демес ләппайлардың күйін танып.
– Бір ақыл айтам, – деді,
– Үн шықпасын,
Шәкірттер тұра қалды шұлғып басын.
Жаңа жыл келе жатыр
басып жайлап,
Келесіңдер бір-бірден сақал байлап.
Сеңсең тон, түлкі тымақ,
киіз шоқай,
Кәдімгі қалай кисе, Аяз атай!
Осылай бастап алып, әйелдер мерекесіне, дәрігерлер, химиктер, әуе флоты, балықшылар, мұнайшылар, спортшылар, милиция, теңізшілер, өртсөндірушілер күндеріне сай киініп келуді тапсыратындарды әжуалап:
«Он айда отыз киім талап етіп,
Осысы кей ұстаздың барады өтіп.
Ата-анасын есінен жаңылдырып,
Сабылдырып қояды-ау, шабылдырып», – деп аяқтағанда кездесуге келгендер дуылдатып қол соқты.
Ақын тағы да біраз өлеңдерін өзіне тән мәнермен оқыды. Бірақ алғашқысы ерекше әсерлі болғаны рас. Оның Компартия үстемдігі кезінде жас ұрпақтың орыстың тәрбиесімен өсіп келе жатқанын астарлап болса да жеткізгенін орта мектептің жоғары сынып оқушысы мен көп кейін, қаталдығымен, турашылдығымен әйгілі болған профессор Темірбек Қожакеевтің дәрістерін тыңдаған соң ұғындым. Тоталитарлық заманда білім беру саласындағы солақайлықтарды сынап, қазақ мектептерін көбейту жолындағы белсенді іс-әрекеттері үшін «ұлтшыл» атанған күрескер ақын Шона Смаханұлының ұлттық рух, ата-баба дәстүрлерін жаңғыртуға бар қуатын арнағанын кім білмейді?! Оның бүлдіршіндерге арналған «Шимайбек пен Шыңқ етпе» кітапшасы, басқа да өлеңдері мен прозалық туындылары енген кітаптары қаншама ұрпаққа рухани нәр берді. Сол кездесуден кейін мен Шона Смаханұлының кітаптарын іздеп жүріп оқитын болдым. Кітапханада ең алғаш қолыма түскені «Тотияйын» аталатын усойқы сықақ, әжуа-мысқылға толы кітабы болды. Кейінгі шыққан кітаптарының бірде-бірін құр жіберген жоқпын. Аттары да бір оқығаннан-ақ есте қалар ерекше болып келетін: «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Жүз шаншыма, қырық қышыма»...
Ақынның лирикалық өлеңдерін де, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев туралы дастанын да оқыған мен Шона ақынның сан қырлы болғанын түйсінгем. Әйтсе де сықақ өлеңді биікке шығарып кеткені ақиқат. Сықақшылардың ұстазы Темірбек Қожакеев осындай жоғары баға бергенін білемін. Оның «Сатира және дәуір» монографиясының («Жазушы» баспасы, 1976 жыл) 160-бетін ашсаңыз «... қазақ әдебиетінде сатиралық өлеңдер де едәуір өрледі. Сықақ жүйрігі Асқар бастаған Шона Смаханұлы, Мыңбай Рашев, Оспанхан Әубәкіров сияқты танымалдар тобына жастар келіп қосылып, бұл түрді көп ілгерілетіп әкетті» деген жолдарды оқисыз.
Жамбыл өлкесінен шыққан аса көрнекті тұлға, ұлтымыздың мақтаныштарының бірі Бауыржан Момышұлының кеңестік дәуірде өзі сияқты тегін қазақша жаздырған Шона Смаханұлымен әзіл-қалжыңы жарасып өткенін замандастарының естеліктерінен оқығанмын. Сірә, Баукең «Орынды мысқыл оттан да өткір» деген қанатты сөзін Шона ақынның сықақтарын оқығаннан кейін шығарған болар-ау. Өмір шындығынан туған сол сықақтарының ел аузынан түспей келе жатқаны да рас. Мұны алғаш ауданның, кейін облыстық газеттің журналисі болған кезімде Жамбыл өлкесінің ой-қырын тегіс аралағандықтан жақсы білемін.
Шона ақынның «Қармақ сал да жайын ал, басын сорасың, қатын алма, қайын ал, бастық боласың» деген мысқылын оқыған сайын «Ровный» кеңшарында директор болған Иван Фесатиди деген есіме түседі. Тракторшы болып жүргенде кеңшардың орыс директорының қызына үйленіп, сатылап өсе келе, қайынатасының орнын басқан оны аудан жұртшылығы ұната да қоймайтын. Сол Абылай ханның жанында болған, дау-шарды бірауыз сөзбен шешкен беделді би-шешендер қатарында есімі аталатын Сеңкібай батыр жерленген қорымды тегістетіп, пияз, жүгері еккізіп, жұртты түршіктірген тірлікке барған. Әулие кісінің аруағын қорлаған адам қайдан оңсын, директорлықтан босап, Кавказ асып кеткен.
Осы мысалдан көрініп тұрғандай, Шона ақынның шымшымаларының қай-қайсысы да өмір шындығын арқау еткендіктен әсері де күшті. Кемшілік біткенді сын найзасымен келістіре түйреп, үкімін айтуды халықтың өзіне қалдыра білген, әділдік жолында күрескен шоқ тілді қайраткер ақынға ел құрметі де жоғары. Облыс тарихына, атақты адамдарына қатысты деректерді жинап жүретін, облыстық «Aq jol» және «АR-AI» газеттерінде бірер жыл «Айпарақ» айдарын жүргізген мен жақсы білемін, 1992 жылғы 8 желтоқсанда Алматы қаласындағы №62 мектепке Шона Смаханұлы есімі берілді. Туған өлкесі – Жамбыл облысындағы Тараз қаласы мен Талас ауданында да орта мектептер ақын атында.
Халқымыздың «Тұлпардың тұяғы бітпейді» деген қанатты сөзі де бар. (Асқар Сүлейменовше айтсақ, «басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақ жылқыдан жаралған» ғой). Шона Смаханұлындай тұлғаның кіндігі кесілген ауылдан оның ізін жалғастырып, бір шоғыр ақын-жазушы, журналистер шыққаны облыс халқына жақсы белгілі. Талантты ақындар Серік Томанов, Нарша Қашағанов марқұмдар, қаламдарының қуатымен кеңінен танылған Көсемәлі Сәттібайұлы, Болат Бекжанов, Баймаханбет Ахмет, Ерман Әбдиев...
Жас ұрпақтың лайықты тәрбие алуы үшін күресіп өткен ақынның сол кездесуде өлең оқып тұрған сәтінде түсірілген суретін өзім жауапты хатшысы болып істеген жылдары аудандық газеттің фотосуреттер қорынан тауып алып, сақтап жүрген едім. Араға көп жыл салып, 2010 жылдың 14 қазанында «АR-AI» газетінде «Сирек суреттер сөйлейді» айдарымен жарияланды.
Санап отырсам, Шона ақынмен сол кездесу өткен күннен бері де жарты ғасырға таяпты. Зымыраған уақыт-ай...
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
журналист