Мұндай концерттерде тұрақты түрде ән айтатын, тұрақты түрде би билейтін «белсенді» әпкелерімізді де біліп алғанбыз. Баян тартатын Сабыр ағай. Әкесі Маханбет – пошташы. Соғысқа бір қолын беріп қайтқан кісі.
Сондай концерттің бірінде 8-кластың бойы ұзын бір баласы ортаға шығып, өлең оқыды. Жұрт, жұрт дегенім – мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар, қыран-топан күлкіге қарық болды да қалды жаңағы жерде. Әсіресе «Шығып кеткен бір көзім ойылыпты, Орнына иттің көзі қойылыпты», «Бас сүйекке, біле алмадым анығын, Салса керек тасбақаның қабығын», «Бұрын даусым шығар еді саңқылдап, Мұрын да жоқ, пұшық болдым маңқылдап», «Екі аяқ – ол да протез, Жүре алар емеспін, сірә, тез» деген сияқты ұйқасы да ұтымды, уыты да ащы жерлеріне келгенде ду күледі. Ду күлген кезде тура бір кендір қап дар-дар етіп жыртылғандай болады дәліз іші. Тіпті далаға естіліп жатады.
Кейін білдім, әлгі күлкілі өлеңді оқыған ұзынтұра бала Шорабек Айдаров деген ағамыз екен. Інісі Асқарбек Айдаров менімен бір класта оқиды. Негізі Айдаровтар әулетіне сөз қонған. Немере ағасы Рәпілбек (Рафаэль) Ниязбеков ол кезде Алматыда тұрады. Аты жаңа шыға бастаған талантты жас ақын. Бір ағасы Нұртай Айдаров облыстық газетте қызмет істейтін. Ал күлкілі өлеңді (ол кезде «сықақ өлең» дегенді қайдан білем) Шона ағамыз шығарыпты. Шөкең де осы Амангелді ауылы төңірегінің тумасы.
Сол Шона аға ауылдағы Шәкір жездеміздің үйіне жыл сайын кеп түсетін. Шәкірдің баласы Нұрлан да кластасым. Одан басқа ағайындарының бірі – Рахымбай деген мұғаліміміз де Шөкеңнің ағайыны, қонаққа шақыратын, мектепке де ертіп келетін. Кездесу өткізіп, сықақ өлеңдерін оқытқызатын. «Шимайбегін», сірә, алғаш рет сол кезде естіген шығармын.
Шөкең мектептегі концертке келген кезде «Ортеке» әнін айтатын оқушыларға да, сол әнге би билеген қыздарға да риза кейіппен, мейірлене қарап тұратын. Есейе келе білдім, ол әннің сөзін де Шона көкем шығарған екен.
Содан не керек, кейін аудандық газетте тілші болып қызмет етіп жүрген кезімде Шөкеңнің өзімен де жолығып, әңгімесін де тыңдап, батасын да алдым ғой. Ол енді бөлек әңгіме.
Ал әлгі бала кезімде есімде қалған күлкілі өлеңді іздеп жүріп тауып алдым. Міне, мынау сол өлең.
АПАТҚА ҰШЫРАҒАН ШОПЫРДЫҢ ХИКАЯСЫ
Оймақтай жер
Сау қалдырмай денемнен,
Арақ мені ұрып кетті-ау төбемнен.
Сайтан қуар сасқанды,
Бәле былай басталды:
Жалақымды алдым «сүф» деп,
Қалтаға салдым бүктеп.
Үйге барудан тартынып,
Ішкім келді «жартылық».
Машинамды қаңтарып,
Буфетке кірсем Аңтарылып.
Сыңар іздеп тұрған,
Екі Құдай ұрған
«Ей, қымбатты досым», – деді,
«Үштің бірі боп қосыл», – деді.
Бүлкілдеп тұрса көмейім,
Мақұл демей не дейін.
Қағып сап едім екі жүзді,
Бойым балқып, етім қызды.
Сайтандардың бағына,
Мырзаланып тағы да:
«Мә, ақша, әкел», – дедім,
«Мен сендердің әкең», – дедім.
Көңілдері көлдей тасып,
Құйды дейсің басып-басып.
Олар да енді өзімнен қарыз алып,
Тағы да төрт-бес жүзден
Қағып салдық.
Бір кезде қарасам аспанға,
Ұқсайды қанды бұлт басқанға.
Жаратқанға шоқындым да,
Светофордың
Үш көзі бірдей көкпеңбек
Болғаннан соң
Жөнеп кеттім өктемдеп.
Біреулер: «Өлдім-ау!» деп
Жылап жатты.
Біреулер: «Сені ме!» деп
Сыбап жатты.
Біреулердің ысқырғанына
Тіпті пысқырмадым да.
Білмедім одан арғысын,
Құдайдың көріп қарғысын,
Дүние астан-кестең жапырылып,
Ып-ыстық қанға кеттім батырылып...
Емханаға жатқаныма ай бопты,
Машинам сондай-ақ жайрапты.
Он екі мүшем түгел бүлініпті,
Қарыным
жеті жерден тілініпті.
Шығып кеткен бір көзім ойылыпты,
Орнына иттің көзі қойылыпты.
Қос қолым білегімнен бірдей сынып,
Еттен саусақ жасапты жырып-тіліп.
Бас сүйекке, біле алмадым анығын,
Салса керек тасбақаның қабығын.
Бұрын даусым шығар еді саңқылдап,
Мұрын да жоқ, пұшық
болдым маңқылдап.
Екі аяқ – ол да протез,
Жүре алар емеспін, сірә, тез.
Меруерттей тісім жоқ,
Баяғы ажар-түсім жоқ.
Азан шақырып қойған атым –
Сұңқар еді,
Сұлулығыма қыз-қатын іңкәр еді.
Енді міне, сұрқылтаймын,
Пенсия бола ма деп,
Мекемеге
Арыз айтып,
Дамылсыз қыңқылдаймын.
Меніңше, қазақ сатирасының көрнекті сардарларының бірі Шона көкем осы сықақ өлеңімен-ақ қазақ әдебиеті тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлға. Ал ана тіліміздің қамқоры болып, сол кездегі орыстана бастаған Алматыдай астанамыздан қазақ мектебін ашқызамын деп баспаған жері, ашпаған есігі қалмағаны туралы айтылудай айтылып жүр. Сол қайран да қайран ана тілі үшін коммунистік партияның бюрократтарымен де, коммунистік биліктің қол шоқпарлары – ІІМ, КГБ деген мекемелердің қызылкөз қызметкерлерімен де қасарыса күресіп жүріп, 25 қазақ мектебінің ашылуына бас болған аса көрнекті қоғам қайраткері! «Ер Төстіктен» бастап ашқызған балабақшалары қаншама!
Шөкеңнің пародиясы да мірдің оғындай. Атақты жазушы, «ұлтшыл» деген жаламен қуғын-сүргінді де көп көрген классик жазушы Хамза Есенжановтың өзінен де, сөзінен де қаймықпай інілік базынамен:
«Бірінші кітап – «Ақ жайық»,
Екінші кітап – «Ақ жайық»,
Үшінші кітап – «Ақ жайық»,
Жайыққа Жайық қосылып,
Суға кетіп қалмайық», – деп жазған ғой қайран Шона көкеміз.
Шона Смаханұлының арғы атасы атақты Бөлтірік шешен. Сол Бөлтірік бабамыздың:
«Менің атым – Бөлтірік,
Шаршы топта сөйлеймін,
Сөз мәнісін келтіріп.
Айтыспағың болса егер,
Кетемін сөзбен өлтіріп», – деген өзін таныстыру өлеңі бар.
Сол сияқты:
«Тілімді түйреуіштей сүйір етіп,
Қойды мені сықаққа үйір етіп.
Жақсыға өзім деген залалым жоқ,
Кетемін жамандарды қиып өтіп», – деп Бөлтірік бабасынан кейін бір жарым ғасыр уақыт өткенде жырлаған Шона Смаханұлының есімі қазақ халқының ана тілі аман-есенде мәңгі жасай береді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері