Заманауи технологиялар мен инфрақұрылымсыз адамдардың өмірі үшін күресіп, емделушілердің денсаулығын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан медициналық құрылғыларды уақытылы жаңартып отыру – денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлінің айтуынша, аймақтағы медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі бүгінде 92,6 пайызды құраған. Өңірдегі емдеу мекемелеріндегі медициналық құрал-жабдықтардың тозу деңгейі өткен жылы 35,88 пайызға тең болса, биыл бұл көрсеткіш 35,67 пайызға төмендеген.
– Биыл облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының шығыстарына 6,1 миллиард теңге бөлінсе, оның 4,6 миллиард теңгесі материалдық-техникалық базаны жақсартуға арналған. Бұл қаражатқа облыстағы емдеу мекемелеріне 38 жедел жәрдем көлігі, сондай-ақ ауруханалар мен емханаларға қажетті 1 000 моноблок пен басқа да құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ жергілікті медициналық мекемелерге 68,9 миллион теңгеге 16 түрлі медициналық құрал-жабдық пайдалануға берілді. Нақтылап айтқанда, сандық рентген аппараты, портативті ультрадыбыстық аппараттар, ЭЭГ, гинекологиялық креслолар, дефибрилляторлар, алты арналы ЭКГ, экспресс анализаторлар және басқа құрылғылар алынды, – дейді Перизат Жолдығұлқызы.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ