Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Арай» алқабы интернетсіз қалды

«Арай» алқабы интернетсіз қалды
Ашық Дереккөз
Тараз қаласындағы «Арай» алқабы, Домалақ ана көшесінің тұрғындары бір айдан астам уақыт бойы интернет пен ұялы байланыссыз өмір сүруде. Цифрлық дәуірде байланыссыз қалған тұрғындар редакциямызға шағым айтып келіп, тиісті органдардан шұғыл көмек күтетінін жеткізді.

Бүгінгі таңда интернет пен ұялы байланыссыз қалу тек күнделікті өмірге ғана емес, жалпы әлеуметтік және экономикалық ахуалға да кері әсер етеді. Онлайн білім беру, қашықтан жұмыс істеу, цифрлық қызметтерді пайдалану – бәрі-бәрі интернетке тәуелді. Алайда «Арай» алқабының тұрғындары бұл игіліктерден уақытша ажырап қалған.

– «Қазақтелеком» көшемізге бағаналар орнатып кетті, бірақ сымы тартылмаған. Қазіргі таңда не интернет, не ұялы байланыс жоқ. Балалар мектептен тапсырма алып келеді, бірақ оны интернетсіз орындау қиын. Қажет кезде туыстарымызбен хабарласу да мұңға айналды. Бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз, – дейді тұрғын Ақмарал Мырзабекова.

– Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Жұмысым да, балалардың оқуы да интернетке тікелей тәуелді. Бұрын «Қазақтелекомның» сымсыз интернетін қолдандық. Бірақ сапасы нашар болған соң бас тарттық. Қазір көшеге бағаналар орнатылды, бірақ интернет жоқ. Көршілерден басқа оператордың мұнарасын орнатып жатыр дегенді естідік. Енді соған қосылуды ойлап отырмыз, – деп қынжылады Бақыткүл Сейітова.

Ал облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков тұрғындарға байланыс сапасының төмендеу себебін түсіндірді. Басқарма басшысының айтуынша, осыдан бір-екі ай бұрын тұрғындардың өтінішімен мобильді операторлардың антенналары алынып тасталған.

– Антенналарды алып тастау тұрғындардың өтінішімен жүзеге асты. Бұл байланыс сапасының нашарлауына әкеп соқты. Енді басқа орынды қарастырып жатырмыз. Байланыс сапасы жақсы болғанда елемейді, ал сапасы сәл төмендесе, бірден шағымдар көбейеді. Антенналарды алып тастауға байланысты белсенділік танытқандар енді басқа тұрғындардың мәселесіне назар аудармай отыр, – дейді Р. Ноқрабеков.

Ал Әбдірәсіл есімді тұрғын антенналардың тұрғындардың талабы бойынша алынбағанын айтады.

– Антенна бір тұрғынның үйінде тұрды, кейін ол үйін кеңейткендіктен және келісімшарт уақыты аяқталған соң алынып тасталды. Бізге бұл туралы ешкім ескерткен жоқ. Үн түнсіз алып кеткен. Сонда ғана жергілікті тұрғындар байланыссыз қалғанын байқады. «Beeline» байланысы жақсы болғанымен «Теле2» нашар ұстайды. «Теле2» операторы бұл мәселенің 4-5 айдан кейін ғана шешілетінін айтты, – дейді ол.

Қоғамда цифрландыру деңгейі жоғарылаған сайын интернет пен байланыс қолжетімділігі өмірдің басты қажеттіліктерінің біріне айналғаны белгілі. Сондықтан да осы алқаптағы мәселе облыс деңгейінде назар аударуды талап етеді. Жергілікті билік пен байланыс компаниялары осы мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың талабына сай тез арада шешім шығарады деген үміт бар.

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар