Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қордайда қордаланған мәселе жетеді

Қордайда қордаланған мәселе жетеді
Ашық Дереккөз
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – мемлекет дамуының басты бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы әрбір азаматтың мәселесін тыңдап, шешімін табуға ықпал ететін қоғам қалыптастыруды көздейді. Бұл тұжырымдама жергілікті билік органдарының халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, шынайы демократияға қарай қадам жасауының алғышарты болып есептеледі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік халықтың талап-тілегін назарға алып, кез келген мәселені уақытылы шешуі қажет. Сол себепті облыста қандай да бір өзекті мәселені шешу үшін атқамінерлердің осы көзқарасты ұстануы айрықша маңызға ие. Өйткені бүгінде облыс тұрғындарын, әсіресе шалғайдағы елді мекен тұрғындарын толғандырған мәселелер жетерлік. Бұл ретте бір ғана Қордай ауданын алып қарастыратын болсақ, аймақ тұрғындары да өздеріне қатысты бірқатар мәселені көтерумен келеді және олардың оң шешімін табуынан үмітті.

Біздің редакцияға хабарласқан жергілікті тұрғындар жақында Қордай ауылындағы Төле би көшесінде ашылған халыққа қызмет көрсету орталығына байланысты күрделі жағдайды сөз етті. Аталған көшеде көлік қозғалысы күрт артып, тұрақты кептеліс орын алған екен. Оған біз сөз етіп отырған халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуы себеп болған. Бұл жағдай тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қиындық тудырып, аудандағы қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отырса керек. Аталған мәселені шешу үшін тұрғындар бірнеше ұсыныс айтуда. Біріншіден, көлік ағынын реттеу мақсатында көше бойына қосымша айналма жолдар немесе қосымша автотұрақ салу қажет деп санайды. Екіншіден, жаяу жүргіншілер жолдары мен көлік тұрақтарын арнайы белгілеп, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау маңызды деп есептейді. Сонда ғана халыққа қызмет көрсету орталығына келушілер үшін де, көше бойындағы басқа көлік жүргізушілері үшін де ыңғайлы және қауіпсіз жағдай орнайтынына сенімді.

Мысалы, Бөкенбай Ақшабаев есімді аудан тұрғыны Қаракемер мен Керу ауылдарын байланыстыратын ауыларалық жолдың қазіргі жағдайы тұрғындар үшін бірқатар қиындықтар туғызып отырғанын тілге тиек етті.

– Аталған елді мекендер арасындағы жолдың жағдайы ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігіне, жүктерді тасымалдауға, жолаушылардың қарым-қатынасына кері әсер етуде. Осы ауыларалық жолдың бүгінгі ахуалы қандай? Жолдың сапасын жақсарту немесе қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар ма? Аудан әкімдігі тарапынан аталған жолдың жағдайын реттеу бойынша нақты қандай шаралар қолға алынбақ? – дейді тұрғын.

Қарасу ауылының жолы да соңғы уақытта жергілікті тұрғындар тарапынан жиі сынға ұшырап жүр. Ауыл халқының айтуынша, жолдың нашарлығы көктем мен күз айларында қатты білінетін көрінеді. Өйткені жаңбыр мен қар суы жолды едәуір бүлдіріп, қозғалысқа кедергі келтіреді. Бұл жағдай халықтың қауіпсіздігіне және көлік қатынасының сапасына айтарлықтай әсер етіп отырса керек.

Қарасай ауылындағы спорт кешенінің құрылысы туралы да тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар мен пікірлер айтылып жүргені белгілі. Бұл нысанның құрылысының аяқталуын ауыл халқы ұзақ уақыт бойы күтуде. Нақты айтқанда, іргетасы осыдан үш жыл бұрын қаланған нысан бұл күнде «сақалды құрылысқа» айналған. Негізінде осы спорт кешенінің ашылуы жасөспірімдер мен жастардың спортпен шұғылдануы үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Ауылда спортпен шұғылданатын жастардың саны күннен-күнге артып келе жатқанын ескерсек, жаңа спорт кешенінің уақытылы пайдалануға берілуі маңызды.

Қордай ауданының орталық стадионы да аудан халқының спортқа деген қызығушылығы мен қажеттілігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысанның бірі. Алайда қазіргі уақытта стадионның жағдайы тұрғындар тарапынан сынға ілігуде. Мәселен, Қордай ауылының тұрғыны Құрманбек Ниязбек аудандағы 150 мыңнан астам тұрғынның спорттық және мәдени шараларды өткізу үшін пайдаланатын негізгі алаңының ескіргенін мәселе етіп көтеруде.

Осы орайда біз аталған мәселелерге байланысты жауап алу үшін Қордай ауданы әкімінің бірінші орынбасары Бақыт Сахатовқа хабарластық. Ол көтерілген мәселелердің барлығы біртіндеп шешімін табатынын және аудан әкімдігі бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын сөз етті.

Аудан әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, барлық инфрақұрылымдық жобалар бойынша нақты жоспарлар бар және олар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бірқатар мәселе бойынша қажетті құжаттар дайындалып, қаржыландыру көздері анықталып, жұмыстар басталуға жақын қалған. Бақыт Оңласынұлы тұрғындардың аталған талап-тілектері бұған дейін тыңдалғанын, сондықтан мәселе назарда екенін, олардың шешімін табу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Мысалы, Төле би көшесіндегі кептеліс мәселесін шешу үшін алдағы уақытта айналма жол салынатын көрінеді. Қазіргі уақытта 980 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіпті. Соның есебінен 12 шақырымды құрайтын жол мен магистральді каналды кесіп өтетін заманауи көпір салынбақ.

– Қаракемер-Керу ауылдарын байланыстыратын 18,1 шақырым жолдың бүгінгі ахуалы тұрғындар үшін көптеген қолайсыздық туғызып отырғанын жақсы түсінеміз. Аудан тұрғындарының жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. Аудан әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аталған жолға қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, оны ведомстволық сараптамаға ұсынды. Сараптама қорытындысы оң нәтиже көрсеткеннен кейін Қаракемер-Керу жолының құрылысын бастау үшін облыстық бюджетке өтінім жіберілді. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тапсырылған бюджеттік өтінім бекітілсе, алдағы уақытта жол құрылысын бастау мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Жолдың қайта жаңартылуы ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз етеді деп сенемін. Біз өз кезегімізде осы мәселені ерекше бақылауда ұстап, әр кезең бойынша халықты ақпараттандырып отырамыз. Сонымен қатар Қарасу ауылының жолына қатысты мәселе бойынша «Қарасу-Масаншы» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың жағдайы жылдар бойы шешілмеген күрделі мәселе болғаны рас. Жергілікті тұрғындар тарапынан бұл жолдың сапасына қатысты шағымдар жиі айтылып, оны жөндеу қажеттілігі бірнеше рет көтерілген болатын. Қазіргі уақытта осы жолды жөндеу мәселесіне қатысты нақты жұмыстар басталатынын атап өткім келеді. Тарқата айтқанда, «ҚазАвтоЖол»-дың облыстық филиалы тарапынан республикалық маңызы бар «Қарасу-Масаншы 0-45 шақырым» жолын орташа жөндеу үшін қаржы бөлінді. Бұл жоба аясында жолдың сапасын арттыру, көлік қозғалысын жеңілдету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нысанның жобалық-сметалық құны – 4,2 миллиард теңге. Бүгінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін нақты мерзім де белгілі болды. Жоспар бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жол қайта жөнделіп, жаңартудан өтеді, – деді Б.Сахатов.

Ал Қарасай батыр ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастапқыда «Әділ-Құрылыс и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2021 жылы қолға алған екен. Алайда аталған мердігер белгіленген мерзімге қатысты шартты орындамаған. Осыған байланысты өткен жылдың тамыз айында Қарасай аудандық әкімдігі мердігер компанияға қатысты шарттарды бұзу туралы арыз беріп, іс сотқа жолданыпты. Сот шешімі бойынша «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС мемлекет бюджетіне жалпы 56,4 миллион теңге аванстық төлемдер, 2,9 миллион теңге тұрақсыздық айыбы және 1,7 миллион теңге мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелген.

Қазіргі таңда бұл мәселе шешімін тапқан сыңайлы. Құрылыс жұмыстары үшін 74,4 миллион теңге қаржы қарастырылып, жаңа мердігер ретінде «Строй сервис и Б» ЖШС таңдалыпты. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 89 пайызы аяқталыпты. Жалпы осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтау жоспарланған екен.

Қазақ мұндайда «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді. Бастысы аталған спорт кешенінің құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда Қарасай ауылындағы жастар үшін жаңа мүмкіндік пайда болмақ. Кешен заманауи спорттық құралдармен жабдықталып, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік берілмек.

– Қордай ауылындағы орталық стадионды қайта жаңарту үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 402,3 миллион теңгені құрайды. Бұл жоба аудан тұрғындары үшін өте маңызды. Өйткені жоба арқылы осы спорт нысаны жаңартылады. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан облыс әкімдігінің тиісті басқармасына бюджеттік өтінім жолданды, – дейді Бақыт Оңласынұлы.

Қордай ауданының даму бағыты мен тұрғындардың талап-тілегін орындауда тиісті шаруалар атқарылуда. Бір айта кетерлігі, күрделі мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – Масаншы ауылдық округіне қатысты бұрын қабылданған бас жоспардың шешімінің қайтадан бұзылуы. Бұл мәселе ауданның құрылыс және инфрақұрылымдық даму жоспарларына әсер еткенімен қоймай, тұрғындар арасында әлеуметтік мәселе туындатуы да ықтимал. Мысалы, Масаншы ауылдық округінде бұрын қабылданған бас жоспардың күші прокуратураның араласуымен жойылған. Алайда бас жоспардың күші жойылғанға дейін тұрғындардың кейбірі түрлі нысан салып үлгерген. Өйткені сол кезде олардың қолында заңды құжаты болған. Ал қазір ол құрылыс нысандары заңсыз салынған нысан еебінде тұр. Заң аясында әлгі нысандарды сүріп тастайын десе халық өре түрегелуі мүмкін. Ал заң шешімі орындалмаса тағы болмайды. Қазақша айтқанда, бұл «ары тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынадының» кері.

Қазіргі таңда осы мәселе облыс деңгейінде қаралуда. Бұл жайында арнайы зерделеу жұмысы жүргізіліп, мәселенің шешімін табу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізу пысықталуда. Тұрғындар аталған ауылдық округтің бас жоспары қайта қаралып, өзгерістер енгізілуінен, яғни аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімі нәтижесінде салынған ғимараттардың заңдастырылатынынан үмітті.

Жалпы аудан әкімдігі халықтың пікіріне мән беріп, олардың талап-тілектерін орындау үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту назарға алынған. Тек ауданда түйіні тарқатылуы қиын болып тұрған осы бір түйткіл ғана болмаса, жалпы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуында мін жоқ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Қордай ауданы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар