Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экомәдениет қалыптасып келеді

Экомәдениет қалыптасып келеді
Ашық Дереккөз
Биыл көктем мезгілі бастала салысымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қолға алынды. Экологиялық акция жай ғана ұран емес. Басты мақсаты – қоғамда қоршаған ортаға деген құрметті қалыптастыру. Табиғатты аялап, көгалдандыру һәм көріктендіруге бағытталған жалпыұлттық акция негізінде жыл басынан бері толайым тірліктер атқарылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экомәдениетті қалыптастырудағы ықпалы мол бастама туралы да айтқан болатын.

«Елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.

«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен айтсақ, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.

«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті», – деді.

Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы алдағы жылдары да жалғасын таппақ. Жақында ғана ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті.

Жалпы Президенттің тапсырмасы өңірімізде қалай орындалуда, акция аясында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білмек мақсатта облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына қайырылдық. Басқарма басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, экологиялық акция басталғалы науқанға 800 мыңға жуық тұрғын қатысқан.

– Бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған сенбіліктерге жалпы 797,6 мыңнан аса өңір тұрғыны атсалысты. Акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіштің, 143 саябақ пен сквердің аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 132,9 мың аула мен 4,8 мың шақырым көше жолы тазартылды. Сонымен қатар 28 222 тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға жалпы 1 049 бірлік техника қатысты. Биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,9 миллиард теңге қаралды. Нақтылап өтсек, абаттандыру және көгалдандыруға 8,3 миллиард, санитарлық тазалауға 1,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды. «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өткізілген іс-шараларға тұрақты ақпараттық қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, баспасөз беттерінде 97,2 мың материал жарияланса, 108 билборд орнатылып, 5 LED экран мен 25 мониторда бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар облыста «Үлгілі ауыл» конкурсы өткізілуде. Конкурстың ережесі бекітіліп, комиссия құрамы жасақталған. Байқау жеңімпаздарына қомақты жүлделер қарастырылған. Нақтылап өтсек, І орынға лайық деп танылған ауылға 75 миллион теңге, ІІ орынды иеленген қос ауылға 50 миллион теңгеден, ІІІ орынды еншілеген 5 ауылға 25 миллион теңгеден қаржылай жүлде тағайындалды. Cондай-ақ кез келген экологиялық мәселелер Telegram-бот арқылы шешілуде. Жобаны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірледі. Әр өңірде «TazaQazBot» telegram-боты іске қосылды. Халықтан келген ақпарат чатқа өтінім түрінде түседі. Операторлар ары қарай өтінімді құзырлы орган өкілдеріне жүктейді. Аталған сервис біздің өңірде де еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Қазірге дейін «TazaQazBot» каналына облыс тұрғындарынан 153 өтінім түсті. Оның 132-сі орындалды, қалған 15-і мерзіміне сәйкес қаралып жатыр, қалған 6 өтінім кері қайтарылды. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы өңірде одан әрі сапалы және кең көлемде жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда, – деді Ғалым Исабайұлы.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, науқан негізінде облыс әкімінің төрағалығымен кеңес өтіп, қыс мезгілінде елді мекендерді қардан тазалау, қажетті техниканың, адам күшінің және инвентарлардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілген екен.

Табиғатты сүюге, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға үндейтін акция облысымыздың әр ауданында жүзеге асып жатыр. Мәселен, Шу ауданында атқарылған тындырымды тірліктер атап айтуға тұрарлық. Десе де соңғы уақытта Шу қаласы мен Төле би ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруда қиындықтар туындап отыр екен. Өйткені бірнеше жыл бойы қалдықтарды жинау және шығарумен айналысып келген «Тұмар Голд Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке тұрғын үйлерге қызмет көрсетуді тоқтатқан. Кейінірек қоқыс тасымалдау қызметін «Green City-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетіне алғанымен, көп ұзамай қыркүйек айының басында бұл мекеме де жұмысын тоқтатады.

Десе де қол қусырып қарап отыруға болмайтынын ұғынған тұрғындар мәселені өздері-ақ шешуге білек сыбана кірісіп кетеді. Осылайша «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындар, студенттер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мүдделі азаматтар бірге көшелерді, саябақтар мен алаңдарды, әлеуметтік, мәдени нысандардың айналасын ретке келтіреді.

Өз кезегінде аудан әкімдігі де игі бастамадан шет қалмай, тазалықты сақтау және тұрмыстық қалдықтардың бейберекет шашылып жатуына жол бермеу мақсатында «Төле би» мамандандырылған көпсалалы кәсіпорнына тұрмыстық қалдықтарды тазалауды тапсырыпты. Енді ауданда қоқыс шығару жұмыстары алдағы уақытта келісімшарт бойынша заңды түрде атқарылатын болады.

– Біздің мекеме мемлекет меншігінде болғандықтан бұл мәселені біз шешуге міндеттіміз. Бірақ бізде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін арнайы техника жоқ. Сол себепті аудан әкімдігімен келісе отырып техниканың бір бөлігін «Жасыл ел-Тараз» мекемесінен жалға алып отырмыз. Қазіргі уақытта негізгі жұмыстарға екі станок пайдаланылады. Бұл станоктар Шу қаласы мен Төле би ауылына қызмет көрсету үшін жеткілікті. Сондай-ақ жаңа қызмет көрсету аймағын ашу жоспарлануда. Алайда ауданда тазалық жұмыстарына жауапты қызметкерлер өте аз. Тұрмыстық қалдықтарды шығару оңай шаруа емес. Қызметкерлерді мұндай жұмысқа тарту қиын. Сондықтан жұмысшылардың жалақысын 170 мың теңгеге дейін көтеруді мақсат тұттық. Біз қазір қызығушылық білдірген жергілікті тұрғындарды және бұрын осы салада жұмыс істегендерді жұмысқа алудамыз, – дейді «Төле би» кәсіпорнының басшысы Асылжан Жапсарбаев.

Өзге аудандарда да саябақтар, көшелер, арық атыздар, өзен-көлдер тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстардан тазартылуда. Мәселен, қазан айының соңында Байзақ ауданында төтенше жағдайлар департаменті және «ҚазТрансАймақ» мекемесінің өкілдері аудан тұрғындарына алдын алу профилактикалық іс-шарасын өткізсе, осындай түсіндіру жұмыстары Жамбыл және Талас аудандарында жалғасын тапты. Жуалы ауданында мектеп оқушыларымен «Таза Қазақстан – таза әлем» атты семинар, Қордай ауданында «Береке» колледжінің студенттерімен, Меркі ауданында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар Меркі ауылында Исмаилов көшесіне тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға студенттер мен волонтерлер атсалысты.

Сондай-ақ Мойынқұм ауданының жастарымен «Тазалық өзіңнен басталады» челленджі өткізілсе, Жаңатас қаласында «Даңқ» монументінің айналасы күл-қоқыстардан тазартылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар Т.Рысқұлов ауданында да сәтті жалғасуда. Жақында Құлан ауылының тұрғындары ардагерлер саябағын қоқыстан тазартты. Белсенділер, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жолдарды жапырақтар мен бұтақтардан тазартып, қоқыстарды жинады. Айта кету керек, қалдықтарды сұрыптау жұмыстары да назардан тыс қалмады. Волонтерлер сенбіліктен кейін пластик пен шыныларды арнайы жинау орындарына апарды.

– Мұндай сенбіліктерге атсалысу – шынайы патриотизмнің көрінісі. Балаларымызға Отанымызды таза әрі көрікті қалпында қалдыру үшін әрқайсысымыз қоршаған ортаға қамқорлық жасауымыз керек. Мұндай шаралар қазақстандықтарды ортақ мүддеге жұмылдырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді, – дейді Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ерболат Жәдік.

Экологиялық науқанға жамбылдық волонтер жастардың қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтің айтуынша, жалпыұлттық акция басталғалы облыс көлемінде «Тараз – таза қала», «Эко life» сынды іс-шаралар ұйымдастырылған.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір» атты 5 кезең бойынша медиа-жоспармен атқарылды. Жақында ғана Тараз қаласында «Күзгі тазалық» экоакциясы шеңберінде «Сәби қоры» атындағы саябақ қоқыстан тазартылды. Экологиялық акцияға қатысушылар шашылып жатқан қалдықтар мен қоқысты жинап, арнайы орынға апарып төкті. Сондай-ақ қыркүйек айының соңында «Таза қала – Таразым» іс-шарасы өтіп, «Көне Тараз» кешенінің аумағы тазартылды. Іс-шараға Тараз қаласы мен облыстық жастар ресурстық орталықтарының мамандары, «Жасыл ел» жасақтары мен 70-тен астам жас волонтер қатысты. Акция соңында өңірді абаттандыру мен көгалдандыруға белсене атсалысқан облыстық «Жасыл ел» жасақтарының үздіктері марапатталды. Жалпы Президенттің бастамасы халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Акция біздің қоғамда жастарды, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, қорғауға, тазалықты сақтауға шақыратын үлкен бір идеологиялық жұмыс десе де болады, – деді А.Қадралиев.

Шілде айындағы қатты жауын-шашын салдарынан Сарысу ауданындағы кей ауылдар көлбеу судан зардап шеккені белгілі. Нақтылап айтсақ, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су басты. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері асарлатып, көлбеу су шайып өткен көшелерде тазалау жұмыстарын жүргізді. Оған 150-ге жуық азамат қатысты. Оның ішінде сарысулық жастардың еңбегі де атап өтуге тұрарлық.

Мақала басында елімізде 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін айтқан едік. Ендеше жаңа құжаттың мән-маңызына аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн болар.

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, тұжырымдама әуелі «Ашық НҚА» порталына орналастырылған. Осылайша қоғамдық талқылау үдерісіне жұртшылықтың толық қатысуына мүмкіндік жасалған.

– Тұжырымдаманың іргетасы болып жоғары экологиялық мәдениетті және жауапкершілікті қалыптастыру, экологиялық білімді арттыру, сондай ақ экологиялық саясатты ұтымды жүргізу саналады. Бұл іске еліміздің барлық тұрғыны атсалысуы керек. Тұжырымдама қазіргі жағдайды және халықаралық тәжірибені талдаудан бастап, оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына дейінгі 7 бөлімді қамтиды. Бұл тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен тәсілдерін құрылымдық тұрғыдан анықтауға мүмкіндік берді, – деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамыту 2024-2029 жылдар аралығында экологиялық ойлау және мінез-құлық, соның ішінде ынталандыру және оларды көтермелеу шаралары, экологиялық білім, экологиялық білім және ақпараттық насихат бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Тұрғындар, еріктілер тарапынан атқарылып жатқан тазалық шаралары «Таза Қазақстан» акциясы жай ұран емес, тұрақты тазалыққа деген ұмтылыс екенін дәлелдеп тұр. Экомәдениеттің қалыптасуына жамбылдықтар да өз үлесін қосып жатқаны қуантады. Алдағы жылдарда бекітілген тұжырымдама жүзеге асып, қоршаған ортаға деген құрмет арта түседі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар