– «Семсердің жүзі» романы әлеуметтік, мәдени және философиялық сұрақтарға толы әлемге жол ашады және сол сауалдарға жауап береді. Романда Меңдібай Әбілұлының өз халқының тарихын, тұрмыс-тіршілігін әдеби көркемдікпен, асқан толғаныспен жазғандығы байқалады, – деді семинарды құттықтау сөзбен ашқан Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Арман Құдайбергенов.
Келесі кезекте еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалым оқытушылардың баяндамалары тыңдалды.
Романда Сақ дәуірінің тарихи тұлғалары Алып Тарғытай, Алып Ер Тұңға, Алып Ішбақай, Тұмар патшайым, Арсақ патша, Шығыс Түркістан және Орта Азия түркілерінің ауыз әдебиетінде кездесетін Түнқатар қаған, Үркіт қаған, абыз Күлік, Аспан қария, Құлан жырау, Кәуке қарт туралы тотемдік ұғымдарға байланысты туған аңыз-әңгімелер мен ертегілер, мифологиялық суреттемелер жазылған.
Семинар барысында Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның оқушылары «Семсердің жүзі» романы негізінде «От – ананың мейірімі» қойылымын ел назарына ұсынды.
Іс-шара соңында Меңдібай Әбілұлының «Семсердің жүзі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, келген қонақтар авторға тілектерін арнады.
Сондай-ақ семинар қатысушыларына дипломдар, автордың қаламынан туған еңбектері табыс етілді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ