«Даму» қоры субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетеді. Субсидиялау кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және ай сайынғы төлемдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Журналистер алдымен наурыз айында пайдалануға берілген «Bursa» қонақүйіне ат басын бұрды. Жеке кәсіпкер Лола Исматуллаева «Даму» қорының қаржылай қолдауына ие болып, Тараз қаласынан екінші қонақүйін ашқан. Бүгінгі таңда қонақүйде 15 адам жұмыспен қамтылған. Қонақүй бизнесімен 9 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер жұмыс жоқ деп қол қусырып отыруға болмайтынын, мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керектігін жеткізді.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері «Даму» қоры облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы 1 397 жобаға жалпы сомасы 40,2 миллиард теңгеге қолдау көрсеткен.
– 2024 жылдың маусым айынан бастап «Даму» қоры «Кең дала 2» жаңа бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бағытталған агроөнеркәсіптік сектордағы жобаларға кепілдік бере бастады. Кепілдігі жеткіліксіз кәсіпкерлерге несиенің 85 пайызына кепілдік ұсынылды. Несиені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері береді. Жалпы облысымызда бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері 898 миллион теңгені құрайтын 26 жобаға қолдау көрсетілді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап облыста «Жамбыл-Бизнес 2024» жаңа өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама шарты бойынша несиені облысымызда тіркелген кәсіпкерлер ала алады. Несиенің максималды сомасы – 200 миллион теңге, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 7 пайыз, мерзімі 7 жылға дейін. Өңірімізде 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 3,7 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Кәсіпорындардан түскен салық түсімдерінің көлемі 303,5 миллиард теңгені құрады, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Бақытжан Исаков.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері «Bolashak kids» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Бастапқыда 1998 жылы «Тараз» институты ретінде ашылған оқу орны бүгінде «Тараз Болашақ» жоғары медициналық колледжі атауын иеленген.
2003 жылы Тараз қаласында құрылған колледж орта кәсіптік медициналық мамандар даярлаумен айналысады. Колледж 2 ауысым бойынша 2 121 студентке білім беруде.
Жеке кәсіпкер Пернебай Асқаров колледж ғимаратын жөндеу, кабинеттерді жабдықтау және жаңа құрал-жабдықтар сатып алу мақсатында «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы несие рәсімдеген. Бұл ретте «Даму» қоры несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсетіп отыр.
– Жалпы «Даму» қорымен ұзақ жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Ең алғаш 1998 жылы есік терезесі жоқ, қаңырап бос тұрған үлкен ғимаратты алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезден бастап-ақ екінші деңгейлі банктермен, кәсіпкерлерді қолдау қорларымен тығыз байланыстамыз. Адам қолынан келетін тірлікті жасаса, берекелі кәсіпке айналады. Жұбайым екеуміз бастаған кәсіпті бүгінде ұл-қыздарымыз жалғастыруда, – дейді кәсіпкер Пернебай Асқаров.
Келесі кезекте тұрмыстық жиһаз өндіретін «Веллес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Кәсіпкер Олеся Николаевна 2010 жылы кеңсе және тұрмыстық жиһаз шығаратын цех ашқан. Серіктестік кеңсе және тұрмыстық жиһаздар, сейфтер, жалюздер, кеңсе тауарлары, шаруашылық заттар, креслолар, орындықтар, ұйымдастыру техникасын өндірумен және сатумен айналысады.
Жақында ғана компания жиһаз шығару үшін жаңа жабдықтар сатып алу мақсатында «Нұрбанк» АҚ арқылы несие алған. Ал «Даму» қоры несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялап, кепілдік беру арқылы қолдау көрсеткен. Цехта оннан астам адам жұмыс істейді.
Ал сатып алынған бір қондырғының құны 25 миллион теңге тұрады. Мұнда жиырма шақты түрлі аппарат пен станок орналасқан. Цехпен бізді басшының орынбасары Ольга Сакалова таныстырды.
– Біздер өнімдерімізді Қазақстанның барлық аймағына жеткіземіз. Тапсырыс өте көп. Күніне 25 тапсырыс қабылдаймыз. Цех Тараз қаласында орналасқан. Бізде ұзақ жылдық тәжірибесі бар Игорь Гребенюк, Едгор Бэр сынды шеберлер жұмыс істейді, – дейді ол.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА