Есепті кезеңде өңірде 24 920 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кәсіпкерлік саласында да өсім байқалады. Сол секілді сауда айналымы 19,5 миллиард теңгеге жетіпті.
– Алайда көрсеткіші көңіл көншітпейтін салалар да бар екенін айтпай кетуге болмайды. Атап айтсақ, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 50,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылға қарағанда көрсеткіш 31 миллиард теңгеге төмендеді. Бюджет кірісі, кәсіпкерліктің инвестициялық белсенділігі, құрылыс жұмыстарының көлемі қысқарды. Өткен жылы 48,5 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл бұл бағыттағы қаражат 47,1 миллиард теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 30,8 миллиард теңгеге орындалып, аудан бюджетіне биыл 12,2 миллиард теңге тартылды. Былтыр бұл көрсеткіш 17,8 миллиард теңгеге дейін жоғарылаған болатын. Кейбір саладағы жағдайдың мәз болмай тұрғандығына кәсіпорындардың тоқтап тұруы себеп. Салдарынан өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеді, – дейді Б.Жәнібеков.
Шындығында, ауданда тапсырыс болмағандықтан «Хим-ПЛЮС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірісті тоқтатса, жоспарлы санитарлық жұмыстарға байланысты «Каз-Ир Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қаңтар-ақпан айларында уақытша жұмыс істемеген. Компания өз қызметін сәуір айында ғана қайта бастапты. Сол секілді «Шу локомотив жөндеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де қызмет көрсету көлемі 1,8 пайызға төмендеген. Өткен жылы серіктестікте 2,1 миллиард теңге кіріс кірсе, биыл 2 миллиард теңге пайда тапқан.
Ауылшаруашылығы саласындағы кемшіліктер нақты игерілмеген егіс алқаптары бойынша статистикалық деректерді өзектендіру нәтижесінде орын алып отырған сыңайлы. Яғни 2024 жылдың өнімі үшін 73 179,8 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 60 954,6 гектарға немесе 45,5 пайызға кем орындалыпты. Жыл қорытындысымен аталған көрсеткішті 66,6 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ауданда инфрақұрылымды дамыту мәселесі де ретімен шешіліп, ауылдар газ, жарық, ауызсумен қамтамасыз етілуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ