Мәселен, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан бойынша мал саны артқан. Атап айтқанда, ірі қара саны 30 355 болса, өткен жылмен салыстырғанда сиыр 130,9 пайызға көбейген. Уақ мал саны 388 937-ге жетіп, нәтиже 120,8 пайызды көрсеткен. Жылқы саны 15 803-ке өсіп, 126,1 пайызға артып отыр. Түйе саны 2 033 болып, тиісінше 101 пайызға жеткен. Үй құстарының саны 27 081-ді құрап отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерінің де көлемі арта түскен. Тірідей салмақтағы мал мен құс еті 8 785 тоннаға жетіп, 101 пайызды құраған. Сүт өндірісі 4 793,3 тоннаға дейін өсіп, 109,9 пайызға жеткен. Жұмыртқа өндірісі де 3 005,1 мың данаға теңессе, бұл ретте жұмыртқа өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 100,3 пайыздық көрсеткішке ие.
Осы жылдың 9 айында ауданның ауылшаруашылығына 391 миллион теңге инвестиция тартылып, облыстағы үлесі 2,9 пайызды құраған. Бұл саладағы серпін тек өндіріс көлемінде ғана емес, техникалық жабдықтауда да байқалуда. Сәуір айында Ақкөл ауылында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен ауылшаруашылығы техникасын сатып алу бағдарламаларын түсіндіру бойынша кездесу өтіпті. Оған Ақкөл, Ойық, Кеңес, Тамды және Қызыләуіт ауылдық округтерінің шаруа қожалық төрағалары қатысып, қаржы институттары арқылы жаңа техникаларды алу мүмкіндіктерімен танысқан. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, салада қол жеткізілген осындай көрсеткіштер аудан экономикасына оң әсерін тигізген.
– Салада өнімділік пен тиімділікті арттыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мысалы, жоспар бойынша 915,3 тонна тыңайтқыш алу көзделген еді. Оның ішінде азотты тыңайтқыш – 396,7 тонна, фосфорлы – 91,3 тонна, ал қалған 427,3 тоннасы тыңайтқыштың басқа түрлеріне тиесілі. Қазіргі таңда 734,55 тонна тыңайтқыш алынды, жыл соңына дейін меже толық көлемде орындалады деп күтілуде. Биыл 11 648 гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды, оның ішінде күздік бидай – 4 500 гектар, көпжылдық шөп – 4 185 гектар. Сонымен қатар көктемгі егіс жұмыстары кезінде 2 963 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Оның ішінде жаздық арпа – 1 050 гектар, қант қызылшасы – 135 гектар, картоп 80 гектар және тағы басқа көкөніс-бақша дақылдары бар. Көктемгі дала жұмыстары барысында жанар-жағармай тапшы болмас үшін мүмкіндікті тиімді пайдаландық. Бұл кезекте оператор ретінде «ЖК Сарыпбекова» жеке кәсіпкерлігі бекітіліп, дизель отынының бағасы арзандатылған түрде 250 теңгеден берілді. Осыған сәйкес 180,6 тонна дизель отыны таратылып, жоспар толық орындалды. Күзгі жұмыстарға 123 тонна бөлініп, оның 96,7 тоннасы бүгінгі күнге дейін үлестірілді. Аудан бойынша 828 ауылшаруашылық техникасы тіркелген. Техникалардың 10-ы астық комбайны, 329-ы трактор. 2024 жылы техникаларды жаңарту мақсатында 82 техника алу жоспарланса, қазіргі кезде 69 техника сатып алынды. Ауданда үш жылыжай жұмыс істеп тұр. Кеңес және Қызыләуіт ауылдық округтерінде 0,03 гектардан, ал Қаратау қаласында 0,20 гектар жылыжайда қияр, қызанақ және басқа да көкөністер өсірілуде. Осы жылдың 8 айында аталған жылыжайлардан 25 тонна өнім алынып, Тараз бен Қаратау қалаларында сатылды. 2019 жылдан бері аудан тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы сәтті іске асырылуда. Жоба бойынша тұрғындарға 5-7 жылға 2,5 пайызбен несие беру қарастырылған. Есепті мерзімде ауылдық округтердің тұрғындарына 524,2 миллион теңгеден 767,8 миллион теңгеге дейін несие қаражаты беріліп, алынған қаражатқа 1 040 ірі қара, 17 650 ұсақ, 1 799 жылқы және 30 түйе сатып алынды, – дейді Жандос Бақытұлы.
Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден жалпы көлемі 794,4 миллион теңгені құрайтын 124 жоба жинақталып, ауылшаруашылығы басқармасына ұсынылыпты. Оның ішінде ауылшаруашылығы бағытында 189,9 миллион теңгеге 28 жоба ұсынылған. Тарқатып айтсақ, аталған жобалардың қатарында 4 жылыжай, 3 биогумус, 4 құс фермасы, 4 балық өсіру, 2 сүт цехы, 2 эко чикен, 4 құрама жем цехы, 1 көкөніс қоймасы, 2 жүн өңдеу, және ұлттық сусын өндірісі мен қолдан ұрықтандыру жобасы бар екен. Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп бағытында 604,5 миллион теңгеге 96 жоба ұсынылған. Оның ішінде бір-бірден көлік жуу, жарнама агенттігі, спорт кешені, сауықтыру орталығы, дәнекерленген тор өндірісі, түзету-дамыту орталығы, балалар ойын-сауық орталығын жабдықтау, тіс емханасы, газ құю бекеті, сәндік ағаш көшеттерін өсіру, қолғап тоқу цехы, сұлулық салоны, 1 пластиктен жасалған ыдыс шығару, автокөлік бояу цехы, массаж орталығы ұсынылған. Сондай-ақ кәсіпкерлік бағыттағы жобалардың төртеуі кондитерлік цех, алтауы тігін цехы, екеуі сәндік плиткалар өндірісі, төртеуі шаштараз, екеуі пластикалық бөтелке өндірісі, тағы төртеуі пескоблок өндірісі болса, екеуі ағаш өңдеу цехы мен 8 дәнекерлеу цехы. Сонымен қатар 2 асхана, 2 жиһаз цехы, 4 тұшпара өндірісі, 4 пластик терезе өндірісі, 2 шеге шығару цехы, 2 дөңгелек жөндеу орталығы, 12 наубайхана, 7 техникалық жөндеу орталығы, 2 балмұздақ өндірісі, 7 саман-құм блоктары және тас төсеме өндірісі, 3 сусын өндірісі, 2 жұмыртқа лотогын шығару жобасы бар. Қазіргі уақытта Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден қаржыландыруға ұсынылған жоба құжаттары толық өткізіліпті. Оның ішінде 127,9 миллион теңгеге бағаланған 20 жоба мақұлданып, қаржыландыру күтілуде.
Аймақта егіс алқаптарын ылғалдандыру мәселесі де өзекті. Бостандық ауылдық округіндегі 285 гектардан астам егістік алқап жаздай тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерімен суарылып, алқапта су үнемдеу технологиялары сәтті қолданылған.
– Аудан бойынша сушаруашылығы нысандарының саны – 85. Оның ішінде суқоймалар – 19, ал каналдар саны 55 болса, сондай-ақ 11 басқа су нысандары бар. Атап айтқанда, «Ақкөл» және «Жартас» суқоймасы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгерімінде. 14 суқойма облыстық «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің есебінде. Оның ішінде биылғы жылы Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Әбдірәсіл» және Тамды ауылдық округіндегі «Дулатбай» суқоймаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Қотырәуіт» суқоймасы аудандық коммуналдық меншікте. К.Оязбекұлы атындағы «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі «Шұқырәуіт» және «Ақтөбе» суқоймалары жекеменшік иелігінде. 11 су нысаны «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгерімінде. Ал 55 су нысаны аудандық коммуналдық меншік есебінде жұмыс істеп тұр. Су жүйелерінің жалпы ұзындығы 464,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде жер каналдарының ұзындығы 268,5 шақырым, лоток арықтардың ұзындығы 157,3 шақырым болса, темірбетон каналдардың ұзындығы 38,7 шақырымды құрайды. Ауданның егіс алқаптары осы су жүйелері арқылы суландырылуда, – дейді Ж.Құдиярхан.
Ауданда қайта қалпына келтіру бойынша 14 каналға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Бүгінгі күнге 11 каналға жобалық-сметалық құжат сараптама қорытындысымен әзірленіпті. Жоба құны – 15 376,8 миллион теңге. Олардың жалпы ұзындығы 95,22 шақырым болса, осы арқылы 7 230 гектар алқап ылғалдандырылады.
Айта кету керек, Талас ауданында егіншаруашылығының дамуына үлес қосып отырған шаруашылықтың бірі – Бостандық ауылдық округінде орналасқан «Зерхат» шаруа қожалығы. Ержан Мейірбеков иелік етіп отырған шаруашылықтың құрылғанына небәрі 5 жыл болса да 270 гектарға егін егу арқылы 5 адамды тұрақты, 30 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы – 85 000 теңге. Осы жылы аталған шаруашылық 20 гектар бақша дақылдарын, 15 гектар пияз және 120 гектар қант қызылшасын еккен. Біз жоғарыда сөз еткен тамшылатып суару технологиясын осы шаруашылық қолдануда.
Қожалық 30 тонна аммиак селитрасы мен 5 тонна аммофос сатып алып, егіс алқаптарында пайдалануда. Сонымен қатар қазіргі уақытта 1 000 тонналық көкөніс сақтау қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде, бұл өнімнің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауылшаруашылық техникалары да жоғары деңгейде қамтамасыз етілген. Қожалықта 3 «МТЗ-89», 2 «МТЗ-82», «ЮТО 130» тракторы соқа-сайманымен, топырақ майдалағыш, картоп егетін, картоп қазатын, қопсытқыш, дәнсепкіш, жерді тегістейтін «мала» және тіркемелер мен тырмаға дейін бар. Аталған қожалық ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде елеулі үлес қосып келеді.
Талас ауданы