Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарды жат ағымдардан қалай қорғаймыз?

Жастарды жат ағымдардан қалай қорғаймыз?
Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамдағы күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алатын орны ерекше.

Теріс діни ағымның жетегінде кеткен жастарымыздың саны бір кездері күрт артты. Олардың діни ағымдардың жетегінде кетуінің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен емес, шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Жат ағымдардың жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ.

Жастарымыздың адасуына ғаламтор мен әлеуметтік желілер де көп ықпалын тигізуде. Өкінішке қарай, ғаламтор мен әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасын улауда.

Тағы бір себебі – балалардың ата анасының қарауынсыз қалуы. Толық отбасынан шықпаған, мейірімге, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Ата-аналардың көпшілігі күнкөрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы, бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат телефоны болса болды деп материалдық құндылықпен шектелуде. Сондай-ақ көптеген ата-ана бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайды қарап, барлық міндетті мектепке итере салады. Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын өскенде ата-анасынан ала алмағандықтан көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.

Әсер етуші факторлардың бірі – санасы қалыптаспаған жастардың тез күйзеліске ұшырауы. Қамшының сабындай қысқа өмірде жақсыны да, жаманды да қатар көресің. Өмірдің ащысын да, тұщысын да басыңнан өткересің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде басқаны ашуландырасың. «Өмір бар жерде, өлім бар» демекші, жақын адамыңнан айырылып, қан жұтасың. Бұл – өмірдің заңдылығы. Әйткенмен де Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жаранның арасынан жылылық, мейірім, материалдық көмек бере алатын жандар іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымдардың мүшелері жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып шыға келеді.

Адамның қоғамнан өз орнын таба алуына себепкер болатын тағы бір фактор – өскен ортасы, құрбы құрдасы, достары және жұмыс орны. «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, баланың сонда бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни сауатты болып өседі, спортқа әуес балалар белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Қазақстанда жат ағымның кең таралуының маңызды себептерінің бірі – шетелден теріс діни білім алу. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап шетелде діни білім алушылар көбейді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды, тіпті жоқ десек те болады. Дегенмен де «суды бұлақтың басынан ішейік», «шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық» дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған діни сауаты аз жастар заңсыз құжыраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келген соң өз уағыздарымен халықтың санасын улайтындары да баршылық. Сонымен қатар шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет істеп жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.

Сол себепті қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.

Мұрат САИДОВ,

дінтанушы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар