Жаңа аншлагтар қорап тәрізді етіп жасалған және көше атауы мен үй нөмірін көрсететін тақтайшалардан тұрады. Сонымен қатар бұл аншлагтар QR кодпен жабдықталған, оны смартфонның көмегімен сканерлеу арқылы ғимараттың пошталық индексі көрсетілген арнайы сайтқа өтуге болады. Болашақта бұл сайтта ғимаратқа қызмет көрсететін ұйымдар: пәтер иелерінің кооперативі, электриктер, сантехниктер туралы ақпарат, сондай ақ осы мекенжайға қызмет көрсететін емхана, мектеп және балабақша сияқты мекемелердің тізімі қолжетімді болмақ. Бұл мәліметтерді уақытылы жаңарту сәулет бөлімімен келісе отырып, пәтер иелерінің кооперативі өкілдерінің жауапкершілігіне жүктеледі.
Өткен жылы Жамбыл ауданындағы 17 ауылдық округте QR-коды бар жаңа үлгідегі аншлагтарды орнату жұмыстары жүргізілген болатын. Жобаға 6 миллион 192 мың теңге бөлініп, барлығы 2 934 үйге аншлаг орнату көзделген. Қазіргі таңда 1 973 үйге жаңа үлгідегі аншлаг орнатылып, жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады деп күтілуде.
Енді тек тұрғын үйлер ғана емес, мемлекеттік мекемелерде, шағын және орта бизнес нысандарында да осындай маңдайшалар орнатылып, Жамбыл ауданындағы мекенжай жүйесінің жұмысын жеңілдетуге үлес қосады.
Тек Жамбыл облысы емес, басқа облыстарда да осы секілді жобалар қолға алынуда. Мысалы, Алматы облысында аймақтық көшелерге QR-кодпен жабдықталған жаңа маңдайшаларды орнату бастамасы қолға алынған. Жоба аясында ауыл тұрғындарына ғимарат жайлы ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін QR-код сканерлеу арқылы пошта индексін, қызмет көрсетуші ұйымдардың тізімін, сондай-ақ басқа да ақпараттарды көруге мүмкіндік беріледі. Бүгінде облыстың кейбір аудандарында аншлагтар орнатылып, уақыт өткен сайын халық арасында жоғары сұранысқа ие болуда. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың пікірлерін ескере отырып, барлық елді мекендерді жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтуға тырысуда.
Шығыс Қазақстан облысы да цифрлық жаңашылдықтан шет қалмады. Облыстағы бірнеше аудан жаңа аншлагтармен жабдықталды. Жергілікті тұрғындар жаңа маңдайшалардың қолайлылығын айтып, жоғары баға беруде. Себебі QR-код арқылы тұрғындар ғимаратқа қызмет көрсететін ұйымдар туралы ақпаратты бірден ала алады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық елді мекендерде QR-коды бар аншлагтарды орнату жоспарланған. Бұл бастама тек ақпараттық қамтумен шектелмей, тұрғындардың қызмет көрсетуші ұйымдармен байланыс орнатуын жеңілдетіп, мекенжайлық жүйенің бірізділігін қамтамасыз етеді.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар елдің цифрлық дамуына тың серпін беріп, әрбір тұрғынға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Айжан ӨЗБЕКОВА