Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бағаны бәсекелестік орта реттейді

Бағаны бәсекелестік орта реттейді
Ашық Дереккөз
Біз алтыншы-жетінші сынып оқып жүргенде ауылда «коммерсант» деген сөз «модаға» айнала бастаған еді. Алып-сатудың не екенін басынан енді өткеріп жатқан сондай ауылдастардың бірінің үйіне босаған шөлмектің екі шишасын алып барсаң, қолыңа бір сағыз ұстататын. Кейбіреулер мал терісін қабылдап, оны өткізгендерге сіріңке, шамның шынысы секілді майда-шүйде заттарды, егер болса, нақты ақша беріп жататын.

Бұл ауылда дүкен атаулының аузына құлып салынып, жұрт ас-суын алыпсатарлардан ала бастаған кез. Алғашында орталықта орналасқан бұрынғы үш дүкеннің алдында үш-төрт кемпір шағын үстелге тауарын жазып қойып, өткен-кеткенге саудалаумен айналысса, одан кейін істің көзін тапқандар тауарды үйінен сата бастады. Сондай кезде кейбір тауар иесі бір заттың бағасын сұрай қалсаң, бетіңе қарап тұрып, ойына келген бағаны айта салатын. Кейіннен үйінен дүкен ашқандардың қатары көбейіп, бір көшенің бойында кемі екі-үш коммерсант пайда болуының арқасында бірі тауарын сатып алушыға қарызға, бірі арзандатып бере бастады. Сөзді әріден бастауымның себебі – сол кездердегі коммерсанттардың баға қою ерекшеліктерін ауылдағы бәсекелестік орта реттегенін жеткізу. Бұл өзім туып-өскен ауылдағы бір кездегі аумалы-төкпелі кезеңдегі сауда саласындағы бәсекелестік ортаның қалыптасуына қатысты айтылған мысал. Әйтпесе бәсеке тек саудада ғана емес, барлық салада маңызды рөл атқарады. Мұны өсе келе түсіндік. Мысалы, өнерде де, спортта да, ғылымда да, технологияда да бәсеке бар. Мәселен, әртістер мен жазушылар өз шығармалары арқылы бәсекеге түсіп, көрермендер мен оқырмандардың ықыласына бөленуге ұмтылады. Ал біздің сөз етіп отырғанымыз – экономика саласындағы бәсекелестік. Осыны кең ауқымда алып қарасақ, өңірдегі экономика саласына қатысты бәсекелестік орта Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті арқылы реттеледі.

Жалпы монополияға қарсы органдардың негізгі міндеттері – адал бәсекелестікті дамыту бағытында қызмет ету, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру. Осы орайда бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиядан арылту ісімен айналысатын аталған органның облыстағы департаментінің басшысы Жандос Әзімовпен тілдесіп, аймақтағы бәсекелестіктің қазіргі жай-күйін білуге тырысқан едік.

– Монополияға қарсы реттеудің негізгі құралы – облыстағы бәсекелестіктің жай-күйі мен деңгейі туралы объективті түсінік беретін тауар нарықтарын талдау. Бәсекелестіктің қазіргі жағдайы әр салаға байланысты. Мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету, есепке алу аспаптарын тексеру бәсекелестікте шоғырлану дәрежесі жоғары, дамымаған нарық болып есептеледі. Ал агроөнеркәсіптік кешен саласында, көмірді бөлшек саудада сату ісі керісінше дамыған, бәсекелестігі бар, қалыпты нарыққа жатады. Биыл департамент тарапынан 12 салалық талдау жүргізілді. Оның ішінде отын-энергетика кешенінде 2, агроөнеркәсіптік кешенде 4, өнеркәсіп саласында 1, өзге де салаларда 2, көлік және байланыс саласында 3 талдау жүргізілді. Талдаулардың нәтижесі бойынша қорытынды дайындалды. Аталған қорытынды аясында бәсекелестікті дамыту үшін ұсыныстар әзірленіп, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, яғни орталық аппаратқа жолданады. Сондай-ақ біз бұзушылық белгілері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдаймыз. Бәсекелестік ортаны дамытуға өңірде құрылған кедергілер туралы кеңес те өз үлесін қосуда. Осы орайда жұртшылықты «Кедергілер туралы кеңес дегеніміз не? Ол не үшін құрылған, оның құрамында кім бар?» деген сұрақтар толғандыруы мүмкін. Осы жөнінде тоқтала кетсем, қоғам және бизнес өкілдерімен тиімді диалог қалыптастыру үшін біздің агенттік әр облыста кедергілер жөніндегі кеңестерді құрды. Аталмыш кеңес – тауар нарықтарындағы бәсекелестікті дамытудың аса маңызды мәселелерін көтеретін ашық алаң. Сондай-ақ аймақтарда адал бәсекелестікті дамытуға белсенді атсалысады. Осы ретте айта кететін негізгі жайт, өз облысымыз бойынша кеңестің құрамында 13 мүше бар. Оның 12-сі азаматтық қоғам өкілі болса, кәсіпкерлер және агенттіктің облыс бойынша департаментінен кеңес құрамына бір-бір өкіл енген. Монополияға қарсы комплаенс – бұл компаниялардың бәсекелестік заңдарын сақтап, әділ бәсекелестікті қолдау үшін жасалатын шаралар жүйесі. Бұл тұрғыда да іс жүйелі атқарылуда. Оның басты мақсаты – монополияға қарсы заңнаманы бұзу тәуекелдерін азайту, компания қызметін құқықтық реттеу және нарықтағы адал бәсекелестікті қамтамасыз ету. Бұл жүйе бизнеске айыппұлдар мен заңды жауапкершіліктен қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар компанияның беделін сақтауға және серіктестер мен клиенттер арасында сенім тудыруға бағытталған. Мәселен, 2024 жылдың басынан бастап департамент мұнай, азық түлік өнімдерін, көмірді және басқа да тауарларды сату саласындағы нарықтың 44 субъектісмен монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актілерін қарады, – дейді Жандос Қуатбекұлы.

Жалпы қоғам болғаннан кейін құқықбұзушылық болмай тұрмайды. Аталған департамент басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзатын негізгі факторлар баршылық. Соның бірі – жосықсыз бәсекелестік, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану, сондай-ақ нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері.

– Үстем нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеу, нарыққа кіруді қиындату немесе заңды құқықтарға қысым жасау әрекеттері де заңбұзушылыққа жатады. Сонымен қатар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, нарық субъектілерінің қызметін реттейтін ұйымдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері немесе келісімдері заңды бұзушылық белгілері болып есептеледі. Осындай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті хабарлама жіберіледі немесе тергеп тексеру жүргізіледі. Біздің департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында 6 бірдей тергеп-тексеру жұмысын жүргізіп, оның бесеуін аяқтады. Нәтижесінде 12 хабарлама, 16 алдын ала ескерту жолданып, 9 нұсқама енгізді. Бүгінде аталған хабарламалар мен нұсқамалар толық орындалды. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзған нарық субъектілеріне келесі қатаң жазалау шаралары қолданылады. Егер нарық субъектілері өздерінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдаланып, монополиялық жоғары (немесе төмен) баға белгілесе не болмаса бәсекелестікке қарсы келісімдер жасаса, бұл да бұзушылыққа жатады. Бірақ бұл әрекеттер қылмыстық құқықбұзушылық деңгейіне жетпесе, нарық субъектілеріне алынған кірістің «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Монополиялық кірістер тәркіленеді. Бұл жүйе әділ бәсекелестікті сақтау және нарықтағы заңсыз әрекеттерді тоқтату мақсатында жүзеге асырылады, – дейді Ж.Әзімов.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту әділ экономикалық орта қалыптастырудың қамы екені белгілі. Бұл тұрғыда біз сөз еткен департамент нарықтағы әділетсіз әрекеттерге қарсы күресіп, адал бәсекелестікті дамытуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асыруда. Департамент басшысы Жандос Әзімов атап өткендей, бұл шаралар қоғамда және бизнесте ашықтықты қамтамасыз етіп, нарықтағы шоғырлануды болдырмауға көмектеседі. Әділ бәсекелестік болашақта аймақ экономикасының тұрақты дамуына ықпал етіп, қоғамның және кәсіпкерлердің сенімін нығайтатыны анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар