
Адам табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреді, оның байлықтарын пайдаланады және өз қызметі арқылы табиғатқа әсер етеді. Адамның табиғатқа әсері зиянды салдар тудыруы мүмкін. Мемлекет әрқашанда табиғи ортаны осындай зиянды әрекеттерден қорғау үшін белгілі бір құқықтық ережелер шығарады. Табиғи ортаны адамның зиянды әрекеттерінен қорғауға бағытталған ережелердің жиынтығы экологиялық құқық деп аталады.
Адамның табиғатқа зиянды әсерінің салдарынан XX ғасырдың ортасында әлемдегі экологиялық жағдай күрт төмендеп кетті. Экологиялық жағдайдың нашарлағаны соншалық, бүгінде ол әлемнің кейбір аймақтарында адамның тұрмыс-тіршілігімен коса оның өмірі үшін де үлкен қатер тудырып отыр.
2002 жылы Йоханнесбургте өткен тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік кездесуде биологиялық әртүрліліктің жылдам төмендеп бара жатқаны айқын айтылды. Адамдардың іс-әрекеті салдарынан теңіздердегі балық қоры 75 пайызға дейін азайып, маржан рифтерінің 70 пайызы жоғалу қаупіне ұшырады. Табиғаттың тозуы адамзаттың да құлдырауына әкелуде.
Қоршаған ортаның ластануы халықтың денсаулығына теріс әсер етіп, психикалық және тұқым қуалайтын аурулардың көбеюіне де себеп болды. Маскүнемдік, нашақорлық, СПИД, қан аурулары, қатерлі ісік және жұқпалы вирустық аурулардың таралуы да осының салдары болып отыр.
Бүгінде барлық мемлекеттер экологиялық жағдайды жақсарту және қалпына келтіру үшін іс-шаралар қабылдауда. Бірақ, экологиялық дағдарыс соншалықты кең ауқымды. Ол тек ішкі шараларды ғана емес, мемлекетаралық келісімдер мен бірлескен әрекеттерді талап етеді.
Қазіргі уақытта халықтың 20 пайызы аллергиялық ауруларға шалдықса, әлемде күн сайын 25 мың адам ластанған судан зардап шегіп, қайтыс болады. Өнеркәсіптік аймақтарда тұрғындардың 35 пайызы қоршаған ортаның ластануына байланысты түрлі ауруларға ұшырайды. Әр күн сайын тиімсіз шаруашылық әрекеттерінің салдарынан 44 гектар жер шөлге айналуда. Оттегі қоры 10 миллиард тоннаға азайған, ал 200 миллион гектарға жуық суармалы жер пайдаланусыз қалуда. Сонымен қатар пайдалы қазбалар – мұнай, табиғи газ, көмір және басқа да ресурстардың сарқылуы байқалып отыр. Жер бетінің әрбір бесінші тұрғыны таза су ішпейді.
Алысқа ұзамай-ақ, кезінде Арал теңізі Кеңес одағының ғана емес, әлемнің ең ірі ішкі суқоймаларының бірі ретінде танылды. Арал теңізінің тартылуы еліміздегі ірі экологиялық апаттардың бірі болып табылады және оның салдары адамзатқа әрі табиғатқа әлі күнге дейін үлкен зиян келтіруде.
1960 жылдары теңіздің айналасындағы ауылшаруашылығын дамыту мақсатында Әмудария мен Сырдария өзендерінің сулары қайта бағытталып, оларды суармалы егістіктерге бағыттау шешімі қабылданды. Осылайша табиғи теңіз су деңгейінің өзгеруіне, судың азаюына және экологиялық жүйенің бұзылуына себеп болды. Бұл өзгерістердің нәтижесінде Арал теңізінің суы 90 пайызға дейін азайып, теңіздің солтүстігі мен оңтүстігі екі бөлікке бөлініп, жартылай құрғап қалды.
Теңіз деңгейінің төмендеуімен бірге көптеген экологиялық мәселелер де туындады. Теңіз түбінен көтерілген тұз бен химикаттар жел арқылы кең аумақтарға таралды. Ауада тараған тұз бен химикаттар өз кезегінде аймақтың ауа сапасын нашарлатып, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар Арал маңындағы ауылдар мен қалалардың тұрғындары ауызсу тапшылығы мен жұмыссыздыққа тап болды. Теңіз суының деңгейі күрт азайып, тартылып кеткендіктен балық аулау кәсібі және жүздеген жұмыс орындары жоғалып кетті.
Тартылған Арал теңізінің орнына пайда болған тұзды шөлді аймақ экологиялық дағдарыстың айқын көрінісі. Шөлді аймақта климат өзгеріп, құрғақшылық пен қатты ыстық арта түсті. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі де өзіне тән экожүйені жоғалтып, көптеген түрлер жоғалып кетті.
Арал апаты адамдардың табиғатты қаншалықты дұрыс пайдалану керектігін және табиғаттың өздігінен қалпына келу қабілетінің шектеулі екенін түсінуге мәжбүр етті.
Арал теңізінің тағдыры біз үшін үлкен сабақ. Ол жер бетінде адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасын қайта бағалауға, экологиялық қауіп-қатерлерге назар аударуға және табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану қажеттігін сезіндіреді.
Анар ӨТЕБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 2-курс студенті