
Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ықтияр Мырзахметовтың айтуынша, бүгінде партияның 42 мыңнан астам мүшесі, 20 филиалы және 25 мәслихат депутаты бар.
– «Байтақ» жасылдар партиясының мақсаты – тұрғындар денсаулығына қамқор болу, таза ауа, су мен жер және табиғат экологиясын сақтау. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері партияны 17 рет тіркеуден бас тартылды, тек 3 жыл бұрын ғана «Байтақ» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Партияны тіркеуден 17 рет бас тартылсада, бүгінде берілмей жұмыс істеп келеді. Партия қызметкерлері күнделікті аймақтағы экологиялық мәселелерді анықтап, билікке хабарлаумен, өңір тұрғындарының ұсынысын тыңдап, ұжымдық жиналыс кезінде заңнамалық деңгейде экологияны жақсартуға бағытталған бастамалар көтереді. Сондай-ақ орман, су, жер ресурстарын сақтаудың жолдарын қарастырады. Қазіргі таңда облысымызда экологиялық мәселелер жиі көтеріледі, Осы ретте партияның облыстық филиалы жасыл аймақтарды сақтау және көбейту, заңсыз қоқыс орындары мен құрылыс қалдықтарын жою, су көздерін қорғау және елді мекендерді абаттандыру, химиялық өндірістердің ауаның сапасына тигізіп отырған зиянды әсерін бақылау, табиғатты қорғау шараларының сапасын арттыру, тозып тұрған кәріздік тазалау жүйелерін жаңғырту сынды өңірімізде белең алып отырған мәселелерді шешумен айналысады. Сонымен қатар партия орманшылардың жалақысын көтеру мәселесін облыстық мәслихат сессиясында алғаш болып көтерді. Партияда орманшаруашылығы ғана емес, өндірістік аймақтардағы қалдықтарды азайту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдары зерттеліп, ұсыныстар дайындалуда. Партия өз қызметінде халықаралық Environment Social Governance (ESG) қағидаттарын ұстанады. Бұл қағидаттар қоршаған ортаны қорғауды, әлеуметтік әділеттілікті және ашық, тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Өңір бойынша бүгінде партия қатарында 10 000-нан астам мүше бар. Сонымен бірге, аймақта 3 000-нан аса еріктіміз белсенді жұмыс істейді. Ауылдар мен аудандарда партиялық ұйымдар құрылып, халықпен тығыз байланыс орнатылған. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбіліктер мен акцияларға белсене қатысамыз. Жастармен экологиялық акциялар жайлы тұрақты кездесулер өткізіп, өңірдің белсенді азаматарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – дейді Ықтияр Бақтиярұлы.
Осы орайда «Байтақ» жасылдар партиясының саяси кеңес мүшесі Арман Мүсрепбаевпен тілдескен болатынбыз.
– «Байтақ» партиясының облыстық филиалы өңірдегі экологиялық мәселелердің шешімін табу бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Біз ең алдымен халықтың шағымы мен ұсыныстарын жинап, нақты проблемаларды анықтаймыз. Әрбір көтерілген мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдармен, табиғатты қорғау мекемелерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Мәселен, қоқыс полигондарының заңсыз төгінділерін жою, ауылдық жерлердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, өзен-көлдерді тазалау және орманды алқаптарды сақтау бойынша нақты бастамалар көтердік. Қоқыс пен лас өндірістерге қарсы күрес, су ресурстарын үнемдеу, жасыл аймақтарды көбейту, ауыл шаруашылығына жаңа технология енгізу – бәрі де өңірдің экологиялық болашағына жасалып жатқан жүйелі қадамдар. Әсіресе, халықтың әрбір шағымын назардан тыс қалдырмай, нақты шешім іздеуі – партияның халықпен тікелей байланыста екенін дәлелдейді, – дейді Арман Алдиярұлы.
Сымбат ҚУАНЫШ