Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құланда асыраушы сала серпінді дамуда

Құланда асыраушы сала серпінді дамуда
Ашық Дереккөз
Ауылшаруашылығы – кез келген мемлекеттің экономикасын алға сүйрейтін негізгі саланың бірі. Әсіресе Қазақстан секілді табиғи ресурстарға өте бай ел үшін ауылшаруашылығының дамуы елдің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл экономикасын көтеру және тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан агро салаға айрықша қолдаулар көрсетілуде.

Асыраушы саланы кешенді түрде дамыту мақсатында ұзақмерзімді бағдарламалардың қабылдануының түпкі мәні осы. Бұл ретте қабылданған түрлі бағдарламалар арқылы инвестиция тарту, өнімдерді экспорттау, агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мәселен, мемлекет тарапынан фермерлерге егіншаруашылығы, малшаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мақсатында субсидиялар берілуде. Арнайы қабылданған бағдарламалар аясында фермерлерге төмен пайызбен несие үлестіру қарастырылған. Осы арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шаруалардың өнім өндіру әлеуетін арттыруға, өндірістік шығындарды азайтуға жағдай жасалған. Сонымен қатар заманауи технологияларды, озық агрономиялық әдістер мен тыңайтқыштарды қолдануды ынталандыру жолға қойылған. Салаға инновациялар мен заманауи технологияларды енгізу ауылшаруашылығын табысты дамыту үшін қажет. Бұл заманауи техника, жаңа суару жүйелері, өнімнің сапасын арттыратын тыңайтқыштар мен биологиялық әдістерді қолдануды қамтиды. Мысалы, автоматтандырылған суару жүйелері суды үнемдеп қана қоймай, егіннің өнімділігін де арттырады. Осылайша әрбір аймақ өз жерінің әлеуетін тиімді пайдаланып, экологиялық таза, сапалы өнім өндіруге мүмкіндік алуда. Қоймалар мен мал бордақылау алаңдары сынды инфрақұрылымдық жобаларға да мемлекет тарапынан қолдау көрсету ісі үздіксіз жүргізілуде.

Бүгінде елімізде өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артқан сайын экспорттық әлеуетіміз де жоғарылауда. Әлемде азық-түлік сұранысының өсуі мемлекет үшін жаңа нарықтарды игеруге жол ашуда. Мысалы, экологиялық таза ет өнімдері, астық, көкөніс пен жеміс-жидектер шетелдік нарықтарда үлкен сұранысқа ие. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, әлемдік саудадағы орнын нығайтуда.

Сайып келгенде, осы тектес жұмыстардың атқарылуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына, елдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Мысалы, ауылшаруашылық саласының дамуы өңірдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына негіз болады. Мемлекеттік қолдау арқылы жас фермерлерге жағдай жасалып, ауылдық аймақтардың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымы дами түседі. Фермерлерге тұрақты қолдау үздіксіз жүргізілсе, бұл ауылдық жерлердегі жастардың сыртқа кетпеуіне кепіл бола алады.

Жалпы ауылшаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау шаралары – саланың тұрақты дамуының басты негізі. Себебі шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мүмкіндігі кеңейеді.

Облыста малшаруашылығы мен егіншілік жайы жақсы жолға қойылған өңірдің бірі – Т.Рысқұлов ауданы. Бұл ауданда атқарылған жұмыс саланың қарқынды дамуына себепші болумен қатар мал бағып, егін егу ауыл тұрғындары үшін негізгі табыс көзі болып отыр. Мәселен, биыл ауданда 39,9 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нәтиже 109,6 пайызды көрсетіпті. Көрсеткіш бойынша меже өткен жылға қарағанда 4,4 миллиард теңгеге артығымен орындалған.

Егіншаруашылығы да ауданда қарқынды дамуда. Даланың құнарлы топырағында жүгері, бидай, арпа секілді дақылдарды өсіру жыл сайын орындалатын басты міндеттің бірі. Ауылшаруашылығы техникасының заман талабына сай жетілдірілуі де егіншілік кәсіпте өнімділікті арттыруға ықпал етуде. Егіс алқаптары нақ осы ауданның экономикалық тірегі. Мұнда ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін адамдардың маңдай тері мен жемісті жұмысының нәтижесі жатыр. Егіннің мол түсім беруі ала жаздай иығынан кетпенін түсірмеген диқандардың өлшеусіз еңбегінің арқасы. Шаруалар қазіргі таңда түсімді шашпай-төкпей жинап алу үшін жиын-терін науқанына білек сыбана кірісіпті.

– Ауданымызда 2024 жылға 110 300 гектар алқапқа масақты дақылдар егу жоспарланып, осы жылдың өніміне 58 287 гектар алқапқа күздік бидай егілді. Күзгі дала жұмыстарына 1 579 тонна дизель отыны бөлініп, 108 шаруа оны 100 пайыз игерді. Бір айта кетерлігі, көктемгі дала жұмыстарына келетін болсақ, ауданымызда 65 490 гектар алқапқа дақылдар егу жоспарланып, 63 331 гектар алқапқа дақылдар себілген болатын. Тарқата айтқанда, 52 500 гектар жаздық арпа егу қажет болса, бұл ретте жоспарланған жұмыс 52 600 гектарға орындалып, көрсеткіш 100,19 пайызды құрады. 600 гектар жаздық бидай, 100 гектар дәндік жүгері егу 100 пайызға орындалды. Жоспарға сәйкес қант қызылшасын егу 141,67 пайызға, картоп – 110, көкөніс – 126,7, бау-бақша дақылы – 120, мал азығы дақылдары 102,8 пайызға артығымен орындалды. Мақсары егу 71,33 пайызға кем орындалды. Бұл ретте 9 000 гектар мақсары егу қажет болса, шын мәнінде, мақсары егілген алқап 6 420 гектарды құрады. Бұған өткен жылы болған қуаңшылыққа байланысты шаруалардың кейбір дақыл түрі бойынша алқап көлемін азайтуы себеп болды. Жалпы ауданымызда көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай ұйымдастырылып, дақылдар жоспарланған көлемнен артығымен себілді. Көктемгі дала жұмыстарына арпаға қажетті 8 400 тонна тұқым егіледі деп жоспарланса, қолда бар тұқымның көлемі 10 085 тоннаны құраған болатын, яғни бұл қажетті мөлшердің 120 пайызы. Тұқым сапасына келсек, жалпы көлемдегі тұқымның 35 тоннасы супер элита, 470 тоннасы элита, 1 750 тоннасы І репродукциялы, 3 574 тоннасы ІІ репродукциялы, 4 256 тоннасы ІІІ репродукциялы тұқым. Аудандық тұқым зертханасына тұқымдардың шығымдылығын тексертпей сеппеу керектігі шаруашылықтарға кезінде қатаң ескертілді. Тұқым сапасын анықтау мақсатында зерттеулер жүргізу үшін тұқым зертханасының 2024 жылға зерттеулер саны 4 592 болып бекітілді. Аудандық тұқым зертханасынан ауылшаруашылығы тауар өндірушілері тексеруден толық өтті. Дайындалған тұқымның сапасы, көлемі аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімі мамандары тарапынан тұрақты бақылауға алынды. Биыл ауданымызда 110 887 гектар арпа, бидай орылды. Оның 58 287 гектары бидай, 52 600 гектары арпа. Күздік бидайдың әр гектарынан 15-17, арпаның әр гектарынан 12-13 центнерден өнім алынды. Қамбаға 166,9 мың тонна астық бастырылды. 2023 жылы 1,3 миллиард теңгеге 128 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынып, түрлі техника паркі 13 пайызға жаңартылды. Осылайша жоспар 100 пайызға орындалды. Осы жылдың басынан бері 1,423 миллиард теңгеге 68 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды. Жыл соңына дейін 36 техника әкелу жоспарда бар. Сонымен қатар «Өз жемшөбіміз» бағдарламасы аясында ауданның 14 шаруа қожалығы 412,2 миллион теңгеге 19 ауылшаруашылық техникасына тапсырыс берді. «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 9 шаруа қожалық тарапынан 149 миллион теңгеге 9 ауылшаруашылығы техникасына тапсырыс берілді, – дейді Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев.

Өткен жылы ауданда 5937,4 тонна тыңайтқыш сатып алынса, биыл 15 509 тонна минералды тыңайтқыш алу жоспарланған екен. 161 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші 9542,7 тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасасқан. Оның 9492,6 тоннасы (жоспардың 61,2 пайызы) алынып, 47 463 гектар егістік алқабы тыңайтылған. Күзгі дала жұмыстары үшін қосымша 5 967 тонна минералды тыңайтқышқа сұраныс беріліп, ол енді алынады екен.

Көктемгі дала жұмыстарына 2 609 тонна дизель отынына өтінім ұсынылып, шаруашылықтарға 2336,2 тонна бөлініп беріліпті. Бір литр дизель отынының құны 245 теңгені құраған. Егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына 101 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші 3346,3 тонна дизель отынына тапсырыс беріп, бүгінгі күнге 57 шаруашылық 2591,4 тонна кепілдендірілген жанар-жағармай алыпты. Таратушы оператор «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаруа қожалықтарға дизель отынының 1 литрін 245 теңгеден таратып жатқан көрінеді.

Ауданда малшаруашылығы да тұрақты дамуда. Аудан тұрғындары мен шаруалардың дені қой, сиыр, жылқы секілді төрт түлікті төлі есебінен көбейтуге ден қойған.

– Малдың саны статистикалық есеп бойынша жалпы 681 162-ні құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 169 889-ға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қараның саны 35 090-ға жетіп, 13 108-ге көбейді. Ұсақ мал саны 624 236-ға жетіп, 154 944-ке ұлғайды. Жылқы саны 21 766-ны құрап, 1 783-ке өссе, түйе саны 70-ке жетіп, 54-ке көбейді. Осылайша ауданда төрт түлік бойынша айтарлықтай өсім бар. Ауданда сүт өндірісі 13 591,3 тонна болып, 1,5 пайызға артты. Жұмыртқа өндірісі 3 739,2 мың дананы құрап, 0,9 пайызға өсті. Ал ет (тірі салмақта) өндірісі 5 896,1 тонна болып, 2,2 пайызға көбейді. Сушаруашылығы да ауданның ауылшаруашылығы саласы үшін аса маңызды. Ағын суды шаруалар егін алқаптарын суару үшін тиімді қолдануда. Суару жүйелері заманауи технологиялармен жабдықталып, суды тиімді пайдалану мүмкіндіктері ұлғайды. Ауданда суды тиімді пайдалануға, егіс алқаптарында жаңбырлатып, тамшылатып суару техникасын қолдануға ерекше көңіл бөлінуде. Т.Рысқұлов ауданы бойынша 18 канал бар. Яғни «Қарақыстақ», «Ақназар», «ККПТ», «Ботпай», «Ботпай-Сихым», «Қарақат», «Шөңгер», «Көкдөнен», «Көгершін», «Талды-Су», «Тұйық-Төр», «Сұлу Төр», «Мақпал», «Мамай-Қайыңды», «Қайыңды», «Қазақ», «Жарлысу», «Сарыбұлақ» су жүйелерінің жалпы ұзындығы 173,75 шақырымды құрап, 5 783 гектар суармалы жерді қамтуда. Оның ішінде 8-і жер канал. Олар – «Талды-Су», «Тұйық-Төр», «Сұлу Төр», «Мақпал», «Мамай-Қайыңды», «Қайыңды» «Жарлысу», «Сарыбұлақ». Жалпы ұзындығы 92,85 шақырым болатын осы су жүйелері 1 548 гектарды ылғалдандыруда. Ал 10-ы бетон құрсаулы канал. Оның қатарына «Қарақыстақ», «Ақназар», «ККПТ», «Ботпай», «Ботпай-Сихым», «Қарақат», «Шөңгер», «Көкдөнен», «Көгершін», «Қазақ» каналдары кіреді. Бетонмен құрсауланған каналдардың жалпы ұзындығы 80,9 шақырым болса, олар 4 235 гектарды суландырады. Аталған каналдардың 11-і аудан әкімдігінің теңгерімінде. Екеуі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының теңгерімінде. Бесеуі ауылдық округ әкімдіктерінің иелігінде. Одан бөлек Құмарық ауылдық округінде орналасқан «Шал-Су» каналы бар. Оның бас тоғаны «Қазсушар» кәсіпорнының теңгерімінде, су ағатын бетонды құбыры жеке тұлғаның иелігінде. Бүгінгі күнге Құмарық ауылдық округінің елді мекендерін ақылы түрде сумен қамтуда. Суармалы жер көлемі 537 гектарды құрайды. Жоғарыда аталған каналдардың тозығы жеткендіктен бекітілген суармалы алқаптардың көлеміне су жетіспей тұр. Бүгінгі күнге аудан бойынша 6 726 гектар суармалы егістік алқаптың су каналдары арқылы нақты суғарылып жатқан алқап көлемі – 2271,3 гектар, ал су жетпей тұрған жер көлемі – 4454,7 гектар. 2020 жылы ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміндегі «Жарлысу» және «Сарыбұлақ» каналына механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 222 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылған болатын. 2021 жылы «Талды-Су», «Мамай-Қайыңды» жер каналдарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 203 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылды. 2023 жылға аудан теңгеріміндегі «Ботпай», «Ботпай-Сихым», «Шөңгер», «Көкдөнен», «Көгершін» каналдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 25,3 миллион теңге қаражат қарастырылып, жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Қазіргі уақытта каналдарға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалына өткізуге әзірленуде, – дейді Темірғали Нәдірұлы. 

Қазіргі уақытта Абай ауылдық округінде орналасқан «Қарақат» су арнасын қайта жаңарту нысанының құрылысын жүргізуге рұқсат алынып, жұмыстар атқарылып жатыр екен. Аудандық «Қазсушар» кәсіпорнының өндірістік бөлімшесі тарапынан 111 шаруа қожалық 1 366 гектар алқапты суғаруға келісімшарт жасасыпты. Сонымен қатар аудан бойынша 6 шаруа қожалық 81 гектар алқап түрлерін суармалы егістікке ауыстырып жатқан көрінеді.

– Аудан аумағында 6 суқойма тіркелген. Суқоймалардың барлығы «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Техникалық жағдайлары жауапты мамандардың тұрақты бақылауында. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы 4 суқойманың жобасын дайындау үшін «Жалын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшартқа қол қойылып, жұмыстар жүргізілуде. Дайындалып жатқан жобалар бойынша тарқатып айтар болсақ, Құлан ауылдық округіндегі «Сұлутөр жер қоры», Тереңөзек ауылдық округіндегі «Бекболат жер қоры», Көкдөнен ауылдық округіндегі «Ақжол жер қоры» және Өрнек ауылдық округіндегі «Алғабас жер қоры» маңында суқоймалар салу үшін жобалық-сметалық құжаттар рәсімделуде. Сондай-ақ Қарақыстақ ауылдық округінде «Қарақыстақ» суқоймасының жобасын дайындау үшін жер телімін заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан бойынша бүгінгі күнге жалпы 192 жерасты ұңғымасы анықталған. Анықталған ұңғымалардың 104-і егістік алқаптарының маңында болса, 88-і ауыл іші мен мал қыстауларының маңайында орналасқандықтан ауызсу, мал суғару және үй іргесіндегі жерлерді суландыру секілді тек тұрмыстық жағдайларға ғана жарамды. Егістікке жарамды ұңғымалардың 19-ы «Қазсушар» кәсіпорнының теңгерімінде болған. Олар қалпына келтіру үшін 2022 жылы аудан теңгеріміне алынған. Төртеуі ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерімінде, 51-і жекеменшікте, 30-ы иесіз. Иесіз ұңғымалар бойынша қазіргі уақытта ауылдық округтердің тарапынан құжаттарын рәсімдеп, теңгеріміне алу жұмыстары жүргізілуде, – деді Т.Биғазиев.

Жалпы ауылшаруашылығын дамыту – облыстардың ғана емес, жалпы еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Жергілікті жердің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, жүйелі жұмыс атқару, жаңа технологияларды енгізу, халықтың әл-ауқатын арттыру және экспорттық әлеуетті пайдалану арқылы біз ауылшаруашылығын өркендете аламыз. Бұл бағыттағы жұмыс тек экономикалық табысқа емес, сонымен қатар ауылдық аймақтардың өркендеуіне, еліміздің дамуына үлкен үлес қосады.

Т.Рысқұлов ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар