
ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ ӨРКЕНДЕУІ КЕРЕК
Алайда қазақтың мәдениетін танып-білу хақында жүргізілген қазба жұмыстары халқымызда егін алқабы да, монша да болғанын айғақтап берді. Жә, мәселе мұнда емес, әңгіме маңайға аграрлы ел ретінде танылған Қазақстанның ауылшаруашылық саласындағы шын әлеуетін қашан көрсететінімізде. Баяғыда бар тірлік қолмен атқарылған, бейнеті белге жүк болған заманда да қазақтың аграрлық саласы одақтас 15 республиканың ішінде алдыңғы қатарда болғаны көпке белгілі. Ет те, сүт те, астық та ас та-төк болып, шаруа баққан адамның аузынан ақ май аққан дәуренді қайта жасауға болады. Мәскеуге жыл сайын тонна-тонна өнім жөнелткен халқымыз қазір неге өз-өзін ауылшаруашылық тауарларымен толық қамтамасыз ете алмай отыр? Міне, бүгінгі қоғамның басты сұрағы осы.
Жалпы қазіргі заманда өркениет көші адам қиялы ілеспес жылдамдықпен алға жылжып барады. Түрлі мамандықтар, салалар пайда болып, оның ішінде уақыт қажет ептегендері шетінен жойылып жатса, ауылшаруашылық саласы әлем бойынша әлі де экономиканың жетекші саласы ретінде тағынан түспей тұр. Өйткені адамның күнделікті тұтынатын азық-түлігі мен киетін киіміне дейін шикізат ретінде агросалада өндіріледі. Сондықтан да дамыған елдер агросалаға қатысты реформаларды жүргізгенде ғылыми жаңалықтармен қоса өңдеу ісін де қатар алып жүрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айындағы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту» деп текке айтқан жоқ.
Расында да экономикада қаржыны тек шикізат өндіру ісіне бағыттай бермей, өңдеу ісін де жандандыруға күш салу жетістікке жетелейтіні айтпаса да түсінікті. Осы секілді ауылшаруашылық саласына тән мәселелер айта берсе көп. Атап айтсақ, ғылымды дамыту, саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету секілді шаруалар кезек күттірмей шешуді қажет етеді. Кезінде жердің жайын білетін агроном, малдың түр-түсін танитын зоотехниктер көп болған. Қазір ондай мамандар саусақпен санарлық. Бұл ғылым мен тәжірибе арасындағы байланыстың әлсіреп кеткенінен болса керек. Ғылым мен жерге төккен маңдай тердің арасында алшақтық бар екенін Мемлекет басшысы да осы Жолдауында тілге тиек еткен болатын. Сондықтан да саланың әлеуетін көтеру үшін ең алдымен аграрлық ғылымға көңіл бөліп, барлық қолдау жүйесін күшейту қажет. Сонымен қатар осы саладағы шағын кәсіптің дамуы ең маңызды жайт екенін естен шығармауымыз керек.
Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етуге сеп болады. Өзгеге жәутеңдемей, өз нарығыңда дайын өнім тұрғанға не жетсін.
Негізінде экономиканың өсім көрсетуі көбіне ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілетті болуымен тікелей байланысты. Егер өзіміз сапалы өнім өндіріп, ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, артылғанын сыртқы нарыққа шығара алсақ, баянды болашақ деп соны айтуға болады. Өйткені ұлттық экономиканың қозғаушы күші саналатын агроөнеркәсіп кешені осындай мәселелерді қолға алу арқылы дамиды. Қазіргі алмағайып заманда ауыл-аймақтарды дамыту, тұрғындардың табысын арттыру, жергілікті кәсіпті жандандыру ең өзекті мәселе болып отырғаны ақиқат. Сондықтан ауылшаруашылық саласының бүкіл тіршілігін жандандырғанда ғана ауылдағы ағайынға шыр бітеді.
Аталған салаға Үкімет қаржы бөлмей отырған жоқ, мәселе істі ұқсата білуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған Жолдауында осыны меңзеді. Биылдың өзінде шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалыпты. Жолдау жүктеген міндетке келсек, ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру үшін жер мен өнімді өңдеудің барлық тізбегі бір жүйеге келуі керек. Әр өңір өз ерекшелігіне қарай дайын өнімді шығарып, оны дүкен сөресіне дейін жеткізетін тұтас желі қалыптастыруы қажет. Әрбір аймақтағы агрокәсіпорындар өнім өндіруден бастап, оны терең өңдеуге дейін толық айналым жасауға мән беруі тиіс.
Жаңа заман талабына сай болу үшін ауылшаруашылығына да цифрлық технологияларды енгізу қажет. Космомониторинг пен геоталдау жүйесі арқылы қай жердің игерілмей жатқанын анықтауға болады. Болашақта жасанды интеллект арқылы жердің сапасы, егіннің шығымы, егілген дақылдың жай-күйі туралы нақты дерек алуға да қол жеткізетін боламыз.
Жер де бос жатпауға тиіс. Соңғы үш жылда 13 миллион гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Бірақ оның жартысы ғана жаңа иелеріне берілген. Әкімдер енді сол қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін қайта айналымға енгізуге міндеттелді. Жер қатынастарындағы заңсыздық пен қағазбастылықты жою үшін жерді бөлу рәсімдері электронды форматта, ашық түрде жүргізілетін болды.
Мал шаруашылығы да назардан тыс қалмайды. Енді бұл сала бойынша нақты қолдау мен қаржыландыру тетіктері енгізіледі. Мақсат – ішкі нарықты төрт түліктен алынатын өніммен қамтамасыз етіп, экспорт көлемін арттыру.
Азық-түлік нарығында импортқа тәуелділік мәселесі біздің алдымыздан жиі шығатынын жасыра алмаймыз. Ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету қиын болса да, бізге алға жылжу қажет. Сол себепті отандық өнімдерімізді шетелге танытып, экспортты ұлғайтуға мүдделіміз. Еуразиялық нарықтағы бәсекеде де тепе-теңдік керек. Кей көрші елдер кәсіпкерлеріне тұрақты әрі молынан қолдау көрсетуде. Бұл өз кезегінде біздің шаруалардың ішкі нарықтың өзінде олармен теке тіресе алмауына әсер етіп жатыр. Сондықтан отандық өндірушілердің мүддесін қорғау, сырттан келетін тауарға ішкі өнімнің сапа, баға жағынан төтеп беруіне жағдай жасау мемлекет пен заң шығарушы органдардың ортақ ісі болуы тиіс.
Биыл ауылшаруашылығына 28,9 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Оның 20,8 миллиард теңгесі игерілді, яғни қаржы нақты шаруалардың қолына тиді. Сонымен қатар салаға 15,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 214,2 миллиард теңгені құрады.
Биыл шілде мен тамыз айларында ауа райының қолайсыз болғаны егіншаруашылығына кері әсерін тигізгені белгілі. Соның салдарынан арпа мен бидай өнімі өткен жылмен салыстырғанда 300 мың тоннаға аз жиналды. Мәселен, 2024 жылы әр гектардан орта есеппен 19,8 центнер өнім алынған екен. Ал биыл ауылшаруашылығы дақылдарының жалпы егістік көлемі 640 мың гектарға жетті (өткен жылы 626 мың гектар болған). Оның ішінде дәнді дақылдар 362 мың гектар болса, майлы дақылдар – 38 мың гектар. Сол секілді көкөніс дақылдары 31,1 мың гектарға, картоп 8,2 мың гектарға, қант қызылшасы 6,6 мың гектар жерге егіліпті.
2025 жылдың егіс өнімін жинау жұмыстары өңірде қызу жүргізілуде. Жалпы жыл аяғына дейін 3,8 миллион тонна өнім алу жоспарланыпты. Өткен айда 283 мың тонна дәнді дақыл, 19,8 мың тонна майлы дақыл, 894,8 мың тонна көкөніс, 164,5 мың тонна картоп жиналып үлгерген екен.
Негізінде осы жылдың 8 айында облыстың жалпы өңірлік өнімі 690,9 миллиард теңгеге жетіпті. Өсім қарқыны – 106,3 пайыз. Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден (105,6 пайыз) жоғары. Жыл басынан бері облыс экономикасы тұрақты өсіп келеді. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 111,4 пайызды құраған. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісі 18,9 пайызға артса, негізгі капиталға салынған инвестиция 32,4 пайызға көбейген. Сол секілді құрылыс жұмыстары 19,6 пайызға, ауылшаруашылығы – 0,1, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 2,8, сауда айналымы – 2,4, көлік қызметтері – 4,9 пайызға, байланыс қызметтері 9,3 пайызға өскен. Бұл өңір экономикасында ілгерілеу бар екенін байқатады.
ҚАЗАҚСТАН ЦИФРЛЫҚ ЕЛГЕ АЙНАЛАДЫ
Президент Жолдауда жаңа инновациялық және инфрақұрылымдық өзгерістерді айқындап берді.
«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет» – деді Президент.
Бұл ретте өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өз кезегінде бұл инвестициялық жобалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін іске асырылатын құны 3,5 триллион теңгені құрайтын 62 жоба бар. Бұл жобалар 6,3 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
Биыл жалпы құны 161 миллиар теңге болатын 26 жобаны іске асыру есебінен 1,1 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. 10 негізгі жобаның қатарында «MASDAR» және «TOTAL EREN» (жел электр стансалары), «Fujian Hengwang Investment» (металлургиялық зауыт), «ЕвроХим-Қаратау» (минералды тыңайтқыштар), «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), «Fufeng Group» (жүгеріні терең өңдеу), «MARIAM GOLD» (алтын өндірісі), «ALTYNALMAS REAGENTS» (натрий цианиді өндірісі), «Шоқпар-Гагаринское» (алтын өндірісі), «Shagala Mining» (мыс өндірісі) бар.
Президенттің тапсырмаларын орындау облыста сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденіп жатыр. Соның бір айғағы Қордай ауданында ірі тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Кәсіпорында жылына 500 мың тонна кен өндіру жоспарланып отыр.
Лблысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданындағы «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастау рәсіміне қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өткен болатын.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктеген міндеттердің өңірде жүзеге асырылуының нақты көрінісі. Өңір басшысы өндірісті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға барынша күш салуда. Атап айтқанда, бұл жоба Мемлекет басшысының өңдеу саласына инвестиция тарту және ірі, орта, шағын инвесторлармен өзара тығыз байланыс орнату жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделген.
– Бастау алып отырған жоба – ел дамуы мен өңір өркендеуінің айқын көрінісі. Әрбір жаңа кәсіпорын – тұрғындар үшін жаңа мүмкіндік, жаңа үміт, табыс көзі. Бұл – Қордай өңіріндегі әр отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты іс. Осындай жобалар мемлекеттік қолдаудың нәтижелігін, инвесторлармен арада орнаған сенімді әріптестіктің жемісін көрсетеді. Бүгінде облыс экономикасы тұрақты өсіммен ерекшеленуде. Жаңа өндірістер ашылып, инфрақұрылым жаңарып, халықтың өмір сапасы артып келеді. Бұл – мемлекет, қоғам және еңбек адамдарының ортақ жетістігі, – деді Ербол Қарашөкеев өзінің құттықтау сөзінде.
Аталған бастаманы отандық инвестор жүзеге асыруда. Жалпы инвестиция көлемі – 47 миллиард теңге.
Биыл 10 миллиард теңге көлеміндегі қаржы есебінен қызметкерлерге арналған жатақхана мен зауыттың құрылысы басталады деп күтілуде. Қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 100-ден астам адам тартылады. Комбинат толық іске қосылғаннан кейін 400-ден 500-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында жергілікті әкімдік тарапынан 1 101 гектар жер телімі бөлініп, уақытша 44 шақырым электр желісі тартылды. «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС директоры Семён Хан өндіріс ошағында кез келген полиметалл кенін өңдеуге қабілетті бірегей технология қолданылатынын атап өтті.
Осы қыркүйек айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған ресми сапары кезінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянмен бірге бейне байланыс арқылы Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауытты іске қосты. Бұл жел энергетикасына арналған қондырғылар шығаратын әлемдегі ең ірі компанияның елімізде ашқан бірінші кәсіпорны екен. Сондай-ақ бұл арнайы экономикалық аймақта өндірістік кремний зауыты, жүгеріні терең өңдейтін Орта Азиядағы ірі кәсіпорын, жылына 3 миллион тонна темір бұйымдарын шығаратын металлургиялық зауыт, сутегі асқын тотығы өндірісі, натрий цианиді өндірісі және басқа да жобалар қолға алынған.
Соңғы жылдары өңірде жалпы құны 289 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асып, пайдалануға берілді. Мәселен, 2024 жылы 35 кәсіпорын іске қосылып, 1453 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2025 жылдың қараша айында қуаты жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы «ЕвроХим Қаратау» ЖШС-ның ірі өндірісінің алғашқы кезеңі іске қосылады деп күтілуде.
Жалпы облысымызз инвестиция тартуда алдыңғы қатарда келеді.
РЕФОРМАЛАР НАҚТЫ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл бағытта өңірде бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, облыстық «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интелект (ЖИ) арқылы қазақ ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі. Жақында шығармашылық ұжым жергілікті әкімдікпен, білім басқармасымен бірлесіп мектеп оқушыларына жабық көрсетілім жасады. Оған зиялы қауым өкілі ретінде мен де қатыстым, жоба көпшілікке керемет ұнады. Жаңа мультфильмдер оқушыларға ерекше әсер сыйлап, танымдық көкжиегін кеңейтті. ЖИ арқылы жасалған мультфильмдердің жалпы саны – 12, ұзақтығы – 20 минут. Топтамаға «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» сияқты танымал қазақ ертегілері енгізіліпті. Бұл бағытты дамытуға өңірімізде қабілет те, әлеуетте жететіні әлгі көрсетілім дәлел бола алады. Ал ертегіні анимациялау туралы идея аймақта іске асырылып жатқан «Әжемнің ертегілері» жобасынан туындаған. Айта кету керек, елімізде алғаш рет ЖИ көмегімен дайындалған бұл туындылардың көрерменге жол тартуына облыс әкімдігі мен білім басқармасы қолдау көрсетті. Ал олардың дыбысталуына корпорация құрамындағы «Balapan» телеарнасы мен аймақтағы ардагерлер атсалысты. Телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаеваның айтуынша, жобаның дизайнері Жарас Сейсебаев деген азамат екен. Жас ұрпақты достыққа, еңбекқорлыққа, туған жердің тарихын білуге құлшындыратын аталған мультфильмдер топтамасы тек телеарна эфирінде ғана емес, сондай-ақ «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.
Жолдауда мемлекетіміздің мызғымас тұғыры – «Заң мен тәртіп» орнатуға баса мән берілді. Ол туралы Мемлекет басшысы биыл 23 маусымдағы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде де айтқан болатын. 2019 жылдан бері еліміздегі қылмыстық құқықбұзушылық саны екі есе азайды. Жамбыл облысы бойынша да жалпы құқықбұзушылық пен қылмыс азайған, оның ішінде қоғамдық орындардағы қылмыстар 23 пайызға, көшедегі қылмыстар 22 пайызға төмендеген. Бірақ бүгінде өңірімізде суицид проблемасы өте өзекті болып тұрғанын айта кетуіміз керек. Өкінішке қарай, еліміз бойынша ол жағынан алға шығып кетіппіз. Әсіресе өрімдей жастардың қылмысқа ұрынуы, суицидке баруы жұртты, қоғамды қатты алаңдатып отыр. Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет.
Қазір байқасаңыздар барлық жерде ата-аналардың, құқық қорғау органдары мен оқу орындары басшыларының қатысуымен жиындар, жастармен кездесулер өтіп жатыр. Облыс әкімі мен орынбасары, прокуратура мен полиция департаменті Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын барлық қала, аудандарда, оқу орындарында талқылап, халыққа түсіндіруде. Сол сияқты 7 тамызда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен осы мәселе арнайы форумда талқыланып, қолдау тауып, облыс тұрғындарына арналған Үндеу қабылданып, жарияланды. Мақсат – заң үстемдігін сақтау, заңбұзушылықтың алдын алу, барлық жерде тәртіп орнату, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы орайда балаларының тәрбиелілігі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек деп санаймын. Себебі тәрбиесіз, қараусыз қалған баланың болашағы бұлыңғыр, тіпті қауіпті дер едім. Әрине оқу орындарының, ондағы тәлім-тәрбиенің рөлін төмендетпейміз. Десек те бұл жерде сынып жетекшісінің, топ кураторының, басшыларының жауапкершілін де ұмытпауымыз керек. Сол сияқты учаскелік полиция инспекторы мен ювеналды полиция қызметкерлерінің іскерлігі мен өз міндеттеріне деген жауапкершілігіне де байланысты.
«Қоғамда Заң мен тәртіп қағидатын түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным» – деді Қ.К. Тоқаев.
Сөз басын экономика саласынан бастағаныммен әңгіме ауанын «Заң мен тәртіп» қағидатына ойыстыруымның өзіндік себебі бар. Өйткені осы қағидатты басшылыққа ала отырып, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлердегі филиалдарымен бірге жұмыс жүргізуде Жалпы қай салада болмасын алдымен заң мен тәртіп орнауы тиіс. Сондықтан да біз «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру» атты жобаны іске асырып жатырмыз. Сонымен қатар облыстың да қоғамдық-саяси жұмысына, «Заң мен тәртіп» қағидасын халыққа түсіндіру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына белсене қатысудамыз.
Тағы бір айта кетер жайт, Президент Жолдауда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте бір жылдай жан-жақты талқыланатын болады. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіп, егер бұл реформаны халық қолдаса, Конституцияға тиісті өзгеріс енгізіледі. Бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсе, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлайды. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру, жаңа саяси реформаларды қолдау бізді болашаққа жетелейді.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы,
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы
жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық
бірлестігі облыстық филиалының директоры