Аймақтық кеңестің төрағасы Махметғали Сарыбековтың төрағалығымен өткен жиында білім беру нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстары мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігі туралы Ләззат Әбілдақызы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаеваның баяндамасы тыңдалды.
2024 жылы ауданда Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Баяндамашылардың айтуынша, 2025 жылы Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы және Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептерді күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалыпты. Ал 2026 жылға 8 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Аудан бойынша жалпы мектепке дейінгі 34 мекеме болса, 26-сы мемлекеттік, жетеуі жекеменшік, біреуі шағын орталық.
Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда – 2 075 бала, жекеменшік ұйымдарда – 470, шағын орталықта – 50 бала, барлығы 2 595 бала тәрбиеленуде.
2024-2025 оқу жылында балабақшаларда 330 педагог жұмыс істеуде. Оның ішінде 281-і жоғары білімді болса, 49-ы арнаулы орта білімді педагогтар.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Рақымжанқызы өз баяндамасында балабақша лардың материалдық-техника лық базасы және «Аягүл» бөбекжай-балабақшасындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі туралы жан жақты ақпарат берді. Яғни психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі 3 жастан 5 жасқа дейінгі есту қабілеті жақсы, бастапқы интеллекті сақталған, сөйлеуде түрлі кемістіктері бар 18 баланы қамтыған. Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі түзету сабақтарын өткізуге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сабақты тәжірибелі, білімді мамандар жүргізеді.
Мұнан кейін кезек сұрақ жауапқа берілді. Махметғали Сарыбеков балабақшалардағы педагогтардың білім сапасы мен аудандағы кейбір білім мекемелеріндегі психологиялық ахуалдың нашарлығын айтып, аталған мәселе бойынша қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады. Ал кеңес мүшесі Бәтес Егембердиева аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасы жайлы сауалын жолдады.
Жиында көтерілген сұрақтарға жауап берген аудан әкімі Жалғас Мұртаза күрделі жөндеуден өткізу үшін жоспарға енгізілген мектептердің құрылысы қаржылық мәселелерге байланысты кейінге қалдырылып жататынын, салдарынан дайындалған жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп кетіп, қайта құжат дайындауға тура келетінін жеткізді. Сонымен бірге тапсырыс беруші мекеме жобалауда әрбір мәселеге мұқият болса деген ұсынысын жеткізді.
Кеңес мүшесі Ерұлан Мағзымбеков Диқан орта мектебінің өте сапасыз салынғанын айтып, бұл мәселені ретке келтіру кеңестің хаттамалық тапсырмасында нақты көрсетіліп, бір шешімін табуына ықпал болса деген өтінішін айтты. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алу мәселесінде әр сала бойынша жобаны бақылау құқығы өз иесіне берілсе және мердігерлердің жауапкершілігі қатаң бақылауда болса деген ұсынысын да жеткізді.
Ал «АMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уалихан Болатбек балабақашаға орналастыруда Тараз қаласында қолға алынған «INDIGO: электронды балабақша» пилоттық жобасын келесі жылы облыс көлемінде жүзеге асыру жоспарланғандықтан ата аналарға жоба туралы жан жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ескертті. Сондай-ақ суицид мәселесіне байланысты мектептердегі психологтардың жұмысы туралы сұрады.
Сұрақтарға жауап берген Ләззат Қызылқұлова бұл мәселемен қоғам болып күресу керектігін алға тартты. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар балаға өте аз көңіл бөлетінін, отбасында бала өз әлемінде, ата-ана өз әлемінде өмір сүріп жатқанын тілге тиек етті. Деструктивті мінез құлық адам психологиясының бұзылу салдарынан болатынын айта келіп, ата-ана балаға бар мейірімі мен махаббатын арнаса деген тілегін білдірді.
Кеңес отырысын Махметғали Сарыбеков қорытындылап, жиын барысында көтерілген мәселелер мен кемшіліктер және ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы