Біздің мемлекетіміз бидай өндіру және оны экспорттау бойынша әлемде алдыңғы ондыққа кіргенімен Ресей, Канада, АҚШ, Франция, Аустралия сияқты ірі өндіруші әрі экспорттаушы елдерден кейінгі орындарда тұр. Алайда сауда нарығы бәсеке, күреспен қатар мүмкіндік алаңы екенін де ұмытпауымыз керек. Мысалы, әлемнің ірі астық өндірушілері қатарында Қазақстан Ресей мен АҚШ сияқты алпауыттардан кейінгі орында тұрса да күтпеген жағдайлар кейде еліміздің бағы жанғандай мүмкіндіктер беруі ықтимал. Тарқата айтқанда, әлемдегі тұрақсыздық, ауа райы құбылыстары, экономикалық және саяси өзгерістер аясында нарықтың бағытын Қазақстан өз пайдасына шешіп кете алады. Қас пен көздің арасында климат өзгеріп, астық өндіруші алпауыттар құрғақшылықтан немесе басқа апаттардан зардап шеккенде Қазақстанның құнарлы даласы сол жылы ерекше өнім беріп, нарықтағы орнын кеңейтуге мүмкіндік алуы мүмкін. Сол кезде дүниенің түкпір-түкпірінен қазақтың бидайына сұраныс артып, көкжиекке жол ашылуы ғажап емес. Бұл әлемдегі бидай нарығы тұрақты түрде өзгеріске ұшырап отыратынын көрсетеді. Мысалы, соңғы жылдары Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдай сауда ағымына әсер етіп, бұл кей елдер үшін бидай жеткізу ісін қиындата түскен еді. Салдарынан жаһандық бидайға сұраныс өсті. Осындай ұрымтал сәтте Қазақстан неге өзінің астықты ел екенін танытпасқа? Негізінде мұндай өзгерістер еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік беретінін ескеріп, дер кезінде қимылдау басты мақсат болуы тиіс. Қазір Үкімет осы мәселеге ден қойып отыр. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2024 жылғы әлемдік бидай нарығында бірқатар өзгеріс күтілген. Себебі сарапшылар Еуропа, Оңтүстік Африка және Украинада ауа райының қолайсыздығы себебінен бидай өндірісі төмендейді деп болжапты. Сонымен қатар Ресейдің бидай бойынша экспорттық әлеуеті 2024-2025 жылдары 53 миллион тонна көлемінде болмақ. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 10,1 пайызға аз көрінеді.
Жалпы Қазақстанның солтүстік аймақтарының ауқымды жер көлемі, климаттық жағдайы бидай өндірісін дамытуға қолайлы екені белгілі. Бірақ еліміздің экспорттық әлеуетін толықтай пайдалану үшін бидай сапасын жақсарту, жаңа нарықтарға шығу, логистика мен тасымал жүйесін жетілдіру маңызды мәселе. Әсіресе көлік инфрақұрылымын дамыту экспорттық шығындарды төмендетуге және шетелдік нарықтарды игеруге жол ашады. Қазіргі уақытта Қазақстан өз бидайын негізінен Орталық Азия елдеріне, Иранға, Қытайға және кейбір еуропалық мемлекеттерге экспорттауда. Бұл ретте жаңа нарықтар іздестіру және бидай сапасын жақсарту әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыра түспек.
– Қазақстанның осы жылғы қаңтар тамыз айларындағы бидай экспорты 3,13 миллион тоннаны құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 39,2 пайызға төмен. Оның басты себебі өткен жылғы өнімнің аздығынан және дәстүрлі экспорттық нарықтарда бәсекелестіктің күшеюінен болып отыр. Сондай-ақ біз бидай экспорттық нарықтары географиясының тарылуын байқап отырмыз. Негізгі экспорттық нарықтар – Италия, Түркменстан және Ауғанстан, Ресей Қазақстанның бидайын тұтынуды бірнеше есеге азайтты. Бұл экспорттық бағалардың демпингімен байланысты және қазақстандық бидайдың Орталық Азиядағы негізгі экспорттық нарықтарда ауыстырылуына себеп болды. Қазақстанның 2024 жылға арналған астық дақылдары бойынша экспорттық әлеуеті 12 миллион тонна. Оның ішінде 7-7,5 миллион тоннасы бидай, 1,3-1,4 миллион тоннасы арпа, 300 мың тоннасы жүгері. Сонымен қатар майлы дақылдар бойынша әлеует 1 миллион тоннадан асады. Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 миллион тонна бидай жеткізіледі деп күтілуде. Қытайға жалпы астық экспорты 2023 жылы 1,43 миллион тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есе өсті. Оның ішінде бидайдың үлесі 538,8 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артық. Бұл Қытайға экспорт көлемін 1,6 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де шешуді талап етеді. Жаһандық сұраныстың артуы және өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты елдер маңызды нарықтар болып отыр. Қазақстан үшін бидайды Ресей арқылы транзиттеу және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша шығындарды азайту өзекті. Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 миллион тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру маңызды, сауда және логистика мәселелері шешілуде. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмыстары жандандырылады, – дейді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Қайрат Қалмұхамедұлының айтуынша, бүгінде азық-түлік корпорациясымен бірлесе экспорттық логистика мен бағалар көрсетілген елдік ұсыныстар (офферлер) әзірленіпті. Бұл ұсыныстар Қазақстанның 14 тұрақты өкілдігіне жіберіліп, белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 миллион тонна бидай жөнелту туралы келіссөздер жасалып жатқан сыңайлы. Сонымен қатар Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна экспорт бойынша келісімдер жүргізу қолға алынған екен.
– Экспортталатын өнімнің күрделілігін арттыру саясатын ескере отырып, дәнді дақылдарды өңдеуге көңіл бөлген жөн. Бұл болашақта экспорт мәселелерін шешудің жолы болуы мүмкін. Қазақстанда күнбағыс майын өндіруде оң нәтижелер бар. 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап күнбағыс тұқымын экспорттауға 20 пайыздық баж енгізілгеннен кейін май өндірісі 56 пайызға өсті. Биыл бұл өсім жалғасуда, экспорттық бағаның маржасы бірнеше есе артты. 4 желтоқсаннан бастап этил спиртін өндіруші компанияларға оны еврокуб ыдысында экспорттауға рұқсат етілді. Қазіргі уақытта Германия мен Қытайдан спиртке сұраныс түсіп отыр. Сонымен қатар құрама жем экспорты бойынша Қытай негізгі нарыққа айналды. Экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 93 мыңнан 663 мың тоннаға дейін өсті. «Қазақстан темір жолы» компаниясы жүк тасымалын дұрыс ұйымдастырудың арқасында жоспардың орындалуы 30 пайыздан 100 пайызға дейін артты. Экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттаушыларға сақтандыру, кепілдік беру, экспорттық сауда және қаржыландыруды ұсынуда. Бұл әсіресе өсімдікшаруашылығы өнімдері мен астық экспорты үшін маңызды. Агенттік Қазақстанның дәнді дақылдар экспортына қолдау көрсетіп, оның көлемін 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. «KazakhExport» қолдау құралдары арқылы Қазақстанның дәнді дақылдар экспортын жыл сайын 10 миллион тоннаға дейін арттыруға әлеуеті бар, – дейді Қ.Төребаев.
Жалпы Қазақстанда бидай өсіру үшін климат пен топырақ жағдайлары қолайлы өңірлерді атайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы ертеден-ақ бидайдың астанасы деп танылған. Сол секілді Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының бидайы жоғары сапаға ие және экспортқа шығарылады. Ал Әулиеата өңірінің климаты мен топырағы бидай өндіруге айтарлықтай қолайлы емес. Мұнда күннің ұзақ әрі ыстық болуы, топырақтың сілтілілігі бидай дәнінің сапасын төмендетеді. Соның әсерінен біздің облыста өсірілген бидай ұн өндірісінде қолдануға жарамсыз. Біздің бидай көбінесе мал азығы ретінде пайдаланылады.
Жалпы биыл 378,6 мың гектар жаздық дақыл жиналып, 1 миллион тонна өнім алыныпты. Оның ішінде 352,9 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылса, 586,4 мың тонна дән бастырылған. Оның ішінде 165,1 гектардан 284,9 мың тонна бидай орылған.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ