Пешті дұрыс пайдаланбау – өрт оқиғаларының басты себептерінің бірі. Әрине, өрт шықпауы да мүмкін, алайда пешке от жағу кезінде улы газ бөлініп, ауадағы оттегінің мөлшері азаяды. Сондықтан зардап шегушілердің көпшілігі оттан емес, түтінге және жану кезінде бөлінетін улы заттарға тұншығып қалуда. Адамдар ұйқыға кетіп, қайта оянбай қалып жататыны да сондықтан.
Жылыту маусымы кезінде улы газдың әсерінен қаншама адам зардап шегеді. Өрттің пайда болу көрсеткіштеріне маусымдық және уақытша факторлар әсер етеді. Ал өрттің басым көпшілігі жеке тұрғын үй секторларында орын алады.
Апатты жағдайлардың орын алуы көбіне тұрғын үйлердің тозуына және ғимараттардың өртке қарсы жағдайын ұстауға экономикалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты. Өртсөндірушілердің жүргізген санағы бойынша, апатты жағдайлар кезінде ер адамдар жиі қазаға ұшырайды екен. Сондай-ақ өрттен қаза тапқандар мен улы газдан зардап шеккендердің үштен бір бөлігі балалар. Біле жүріңіз, тұрғын үйлер мен пәтерлерді жылыту үшін көбінесе зауыттық емес өндірушілердің жылытқыштарын қолданады. Ол өз кезегінде баспанаға ғана емес, адам өміріне де қауіп төндіреді.
Қолданыстағы өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес стандарттық емес электр жылыту құралдарын қолдануға, жүктеме мен қысқа тұйықталудан қорғаушы калибрлі емес қолдан жасалған аппараттарды пайдалануға тыйым салынады. Ең бастысы, пешті пайдалану кезінде немқұрайдылық танытпау қажет. Кемінде 2 айда бір рет түтін мұржаларын ыстан тазалап, қатты отынның сапасына мән беріп, электр желілерін шектен тыс жүктемеген жөн. Өрт немесе жану оқиғасы болған жағдайда тез арада «101», «112» нөмірлеріне хабарлап, өртті сөндіруге және адамдар мен бағалы заттарды қауіпсіз жерге көшіруге әрекет жасаған маңызды.
Жылыту маусымы кезеңінде оқыс оқиғаларға жол бермес үшін мына ескертпелерді естен шығармағаныңыз абзал:
- Пешті және басқа да жылыту аспаптары мен жүйелерін жағатын мерзім алдында жөндеп, тексерістен өткізіп алу керек;
- Түтін шығатын мұржалар мен пештерді от жағардан бұрын және от жағу мерзімі аяқталғанға дейін үш айда бір рет тазалап алыңыз;
- Пештің от жағар қақпағының түбіндегі еденге өлшемі 50х70 сантиметр болатын металл қаңылтыр орнатылғанына жіті назар аударыңыз;
- Түтін өтетін арналар мен мұржалардың қабырғалары бұзылған жағдайда тез арада қалпына келтіру шараларын қолға алыңыз;
- Қатты отынмен жанатын пештердің түтін шығатын мұржаларын ұшқын сөндіретін құралдармен жабдықтауды да ұмытпағайсыз.
Міне, осындай қауіпсіздік шараларын сақтап, үйіңіздің, отбасыңыздың, жеке басыңыздың амандығын өрт жағдайларынан, газдан улану апаттарынан сақтап қалыңыз.
Жыл сайын күзде, күн суытысымен және жылыту маусымы басталмас бұрын еліміздің әр аймағында өрт қауіпсіздік айлығы жүргізіледі. Рейд шеңберінде төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері аулаларды аралау шараларын жүзеге асырады, үгіт профилактикалық жұмыстары күшейтіледі.
Қауіп-қатерді елемеу адам үшін ең қымбаты – өз өмірін қиюға әкеп соқтыратынын естен шығармаңыздар!
Еркебұлан ШАРИПБАЕВ,
Тараз қалалық төтенше
жағдайлар басқармасының
бас маманы