Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адалдық алғыс арқалатады

Адалдық алғыс арқалатады
Ашық Дереккөз
Егемен еліміздің қалыптасып, дамуы жолында әрбір сала мамандарының қосып жатқан үлесі зор. Әсіресе өртсөндірушілердің еңбегі ұшан-теңіз. Себебі бұл сала жүректілік пен батылдықты талап етеді. Республика күні мерекесі қарсаңында біз құтқару қызметінде жүрген азаматтардың бірқатарымен жүздесіп, олардың атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық.

БІЛІКТІЛІГІ ЖОҒАРЫ БАХТИЯР

Осындай жауапты міндетті атқарып жүрген азаматтардың бірі – Бахтияр Мағыртай. Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Бахтияр Мағыртай 1997 жылы Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен Бахтияр №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны бітіріп, 2014 жылы Көкшетау техникалық институтына «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол еңбек жолын 2018 жылдың маусым айында Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде аға инженер болып бастаған. Ал 2018 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде еңбек етіп келеді. Содан бері Бахтияр өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқарып, елдің алғысын арқалап жүр.

Бахтияр Батырбекұлының тікелей қатысуымен 2023 және 2024 жылдары өрттермен байланысты бір-екі қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары сәтті жүргізілді. Биылғы жылдың 9 айында Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде тіркелген 161 өрт, жану және авариялық құтқару жұмыстарының басы-қасында болып, адамдардың өмірі мен денсаулығын және құнды мүліктерін сақтап қалуға тікелей атсалысқан.

Сонымен қатар 2024 жылдың 15-16 қаңтар және 1-8 ақпан күндері аралығында қардың қалың жаууы салдарынан орын алған төтенше жағдай кезінде әртүрлі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысқан. Атап айтқанда, 2024 жылдың 15-16 қаңтар күндері республикалық мәндегі автожолда жалпы 536 адам құтқарылып, жылыту пункттеріне жеткізілген. Жылыту пункттерінде орналастырылған және эвакуациядан бас тартқан жүргізушілер мен жолаушыларға жергілікті атқарушы органның және аудандық еріктілердің демеушілігімен азық-түлік және ыстық тағам жеткізілуіне өз септігін тигізген.

Сондай-ақ 2024 жылдың 7 ақпан күні боран салдарынан жолда қалған 29 адамның Б.Момышұлы ауылына, оның ішінде 3 адамның денсаулығы нашарлауына байланысты Жуалы аудандық орталық ауруханаға жеткізілуіне көмектескен.

Өзінің ісін асқан ұқыптылықпен атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүрген Бахтияр Батырбекұлы қауырт жұмысынан бөлек, қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады.

ДАНИЯРДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының офицері, капитан Данияр Келіс – өз ісіне бар ынта жігерін арнаған білікті маман.

Кейіпкеріміз 1994 жылы Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Данияр 2000-2009 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда оқып, кейін Қаратау көпсалалы колледжінен «Заңгер» мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Талас ауданы әкімдігінде бас маман ретінде бастайды. Сонымен қатар ол 2013-2017 жылдары Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, «Өртке қарсы қызмет лейтенанты» атағын иеленеді.

Осылайша екінші мамандығы бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасына жұмысқа қабылданған Данияр Тараз қаласындағы мектептер мен оқу орындарында «Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары», «Апаттан кейінгі эвакуация» және «Судағы қауіпсіздік» сынды маңызды тақырыптарда ашық сабақтар мен оқу-жаттығулар ұйымдастырады. Даниярдың бастамасымен бірнеше мектепте арнайы жабдықталған азаматтық қорғаныс сыныптары ашылды. Бұл оқушылардың білімін тереңдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Даниярдың жұбайы Нұрай да денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етіп жүрген дәрігер. Әмір есімді алтын асықтай ұл тәрбиелеп отырған Данияр мен Нұрайдың алдарына қойған мақсаттары айқын, армандары асқақ.

АЗАМАТҚА АРТЫЛҒАН СЕНІМ МОЛ

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын тек өртсөндіруші-құтқарушылар атқарады деген түсінік қате. Көптеген жағдайда өртсөндірушілерге көмек көрсететін және маңызды міндеттерді атқаратын тұлғалардың еңбегі елеусіз қалады. Әсіресе өрт сөндіру техникаларының жүргізушілері туралы көпшілік аз біледі. Олар өртсөндірушілерді жедел оқиға орнына жеткізу, жолдағы кептелістерді болдырмай, жол-көлік оқиғаларынан сақтану, өрт сөндіру автокөлігін дұрыс басқарып, өрт сөндіру үшін қажетті суды кідіріссіз жеткізуді қамтамасыз ету секілді жауапты қызмет тер ат қ арады . Жүргізушілер өрт гидранттарының орналасқан жерін алдын ала біліп, төтенше жағдай кезінде өрт ошағына кідіріссіз жету үшін ең тиімді жолды таңдайды.

Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты атқарып жүрген Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Азамат Есімбеков 1988 жылы Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында дүниеге келген. 2007 2008 жылдары Отан алдындағы борышын өтеген соң, 2014 жылдан бастап азаматтық қорғаныс саласында қызмет атқаруда.

Азамат – өрт сөндіру және төтенше жағдайларды жою жұмыстарына белсенді қатысатын тәжірибелі маман. Оның батыл әрекеттері мен кәсіби шеберлігі талай адамның өмірін құтқаруға септігін тигізген.

Осыдан үш жыл бұрын Тараз қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығады. Тұрғындар өз күштерімен өртті сөндіре алмаған соң өртсөндірушілерді шақырады. Жедел түрде екі өрт сөндіру көлігі оқиға орнына шыққан. Азамат өзі басқарып отырған өрт сөндіру техникасын кептеліссіз, ең қысқа жолмен апарып, өртсөндірушілерге өртті дер кезінде сөндіруге мүмкіндік жасайды. Өртсөндірушілер жедел әрекет етіп, пәтерде жиналған 10 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады және өртті уақытылы ауыздықтады.

Азамат күнделікті жұмыс ауысымын қабылдаған кезде техниканың ақаусыз екеніне көзін жеткізеді. Қандай да бір техникалық ақау пайда болған жағдайда жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізіп, көліктің сақадай сай дайын тұруын қамтамасыз етеді. Өрт сөндіру автокөлігінің уақытылы жұмыс істеуі, өртсөндірушілердің қауіпсіздігі мен тиімді жұмысы Азамат секілді кәсіби жүргізушілердің жауапкершілігіне байланысты.

Қазіргі таңда ол өзінің адал жары Сабирамен бірге Айсұлтан және Айым есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр.

ҚОЛЫ АЛТЫН ДӘРІГЕР

Нұралы Сүлейменов – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығы облыстық филиалының шұғыл әрекет ету бригадасының білікті дәрігері. Ол 1982 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Шымкент қаласындағы №55 орта мектептің табалдырығын аттап, 1999 жылы үздік бағамен аяқтаған. Жоғары білім алу мақсатында 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының емдеу факультетіне түсіп, 2007 жылы «Дәрігер-терапевт» біліктілігімен оқуын тәмамдайды.

Нұралы өзінің еңбек жолын Шымкент қаласындағы авиациялық базада бастап, халыққа медициналық қызмет көрсетуді мақсат етеді. 2016 жылы Шымкент қалалық жедел жәрдем бекетінде желілік бригада дәрігері ретінде қызметін жалғастырып, шұғыл медициналық көмекті дер кезінде жеткізу үшін ерекше жауапкершілікпен жұмыс атқарады. Ал 2023 жылдан бастап Нұралы ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы облыстық филиалында шұғыл әрекет ету бригадасында дәрігер қызметін атқарып келеді.

Өрт, табиғи апаттар немесе басқа төтенше жағдайлар кезінде әр минут маңызды. Сондықтан дәрігерлер «алтын сағат уақыты» деп атайтын алғашқы сағаттар зардап шеккен адамдардың өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік береді. Нұралы осы қымбат уақыттың мәнін жақсы түсінеді және әрдайым жедел көмек көрсетуге дайын.

Нұралы физикалық тұрғыда да дайын болудың маңыздылығын жақсы біледі. Апат аймақтарында адамдардың өмірі үшін күресіп жүргенде тек медициналық білім ғана емес, күш-жігер мен жылдам әрекет ете білу де маңызды рөл атқарады. Ол осы жауапкершілікті сезініп, физикалық дайындығын арттыруға әрдайым көңіл бөліп отырады. Бұл оның өз мамандығына деген адалдығы мен кәсіби деңгейін көрсетеді.

Нұралы Сүлейменов – қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі жан. Бүгінде ол төрт баланың әкесі.

Дәрігер ретінде күнделікті жұмыс барысында адам өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп жүрген Нұралы Сүлейменовтің еңбегі халық арасында жоғары бағаланады. Оның кәсіби жолы мен өмірлік ұстанымдары көптеген жас маманға үлгі боларлық. Осындай білікті дәрігерлердің арқасында елімізде төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығы сақталып, қауіпті жағдайларда алғашқы көмек уақытылы көрсетілуде.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар