Республикамыз құрылып, ел болып еңсемізді тіктегелі әр салада оң өзгерістер орын алды. Әсіресе сот реформасы жетістіктерін айтуға болады.
Жасырып қайтейік, сот жұмысына, судьялар шығарған сот актілерінің сапасына арызданушылар аз емес. Әрине, сот отырысында екі тараптың мүддесі қозғалғандықтан жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны рас. Сондықтан Жоғары сот төрелікке деген сенімді қалыптастыруға түрткі болатын тетіктерді жан-жақты қарастыруда. Осы ұмтылыстың қатарында кассациялық сот құру басты орында тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 12 қыркүйегінде отандық бизнес өкілдерімен кездесуде азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету үшін жекелеген кассациялық соттар құру мәселесін атап өтті.
Ал 2024 жылғы 5 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Осы Конституциялық заңның 4-тармағына сай «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар кассациялық соттың құрылуына бағытталған, яғни «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына 2-1 тарау енгізіліп, кассациялық сот ҚР Жоғарғы сотынан дербес сот болып құрылады.
Қазіргі таңда кассациялық соттарды құру мәселелері кеңінен талқыланып жатыр. Себебі 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елордада апелляциялық және қайта қараудың бірыңғай қағидалары бар үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар қоғамда тиісті заң жобасын қоғамдық талқылау аясында «жаппай» кассациялық сатыға жоғары сұраныс барын ескеру қажет.
Кассациялық соттарды Жоғарғы сот төрағасының Жоғары сот кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті құрады, қайта ұйымдастырады, атауын өзгертеді және таратады. Кассациялық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы сот төрағасының Жоғарғы сот кеңесімен келісілген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Аталмыш сот төрағадан және судьялардан тұрады. Сонымен қатар мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін және де сот органымен жалпы отырыс болады.
Бұл сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды. Атап айтқанда, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталуын қарайды, заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Азаматтарды әуре-сарсаңнан құтқарып, істерін жедел қарау үшін кассациялық алқаны бірнеше өңірде құру да артықтық етпейді.
Ернұр СМАИЛОВ,
Тараз қалалық сотының судьясы